Руханият

Қазақтың Қаллекиі

Қалибек Қуанышбаев – қазақ сахна өнеріндегі әйгілі есім. Қасиетті Қарқаралы топырағында туған талантты жанның есімі кәсіби театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі ретінде ғана емес, Абай бейнесін ең алғаш сомдаған актер ретінде де тарихқа енді. Биыл КСРО Халық артисі (1959 ж.), КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1952 ж.), Қалибек Қуанышбаевтың туғанына – 130 жыл.

СУРЕТТЕ: «Абай әндері» фильміндегі Абай рөлінде Қ.Қуанышбаев

Абайды алғаш сомдаған

Қазақтың бас ақыны Абай бейнесін театрда да, кинода да ең алғаш Қалибек Қуанышбаев сомдағанын біреу білсе, біреу білмейді. «Нартұлға» сериясымен жарық көрген жазушы Тұрсын Жұртбайдың «Қалибек Қуанышбаев» атты деректі хикаятында актер өзінің Абай роліне дайындығы туралы былай дейді: «1940 жылы Абайдың пьесасын қойғанда, ақынның ролін мен ойнағанмын. Содан бастап Абайды бұрынғыдан жете зерттеуге тура келді. Менің бұл кездегі тапқаным – Абайдың кітабы болды. Соны қайта-қайта оқып, оқыған сайын ой қосып, шама келгенше білгенімді тереңдете бердім. Әсіресе, Абай образын күшейтетін нәрсе – Абайдың қарасөздері. Мен оны төрт-бес рет оқып шықтым. Абайдың тамаша еңбектері оның аса гуманист, ақылды, ұлы адам екенін мейлінше жете ұғындырады. Тек соны іздеп тауып, таза ұққан жағдайда ғана ұлы адамның бейнесін көре де білесің, бере де білесің. Әрине, мен Абай образын толық жасадым деп айта алмаймын. Ондай ұлы адамның бейнесін жете суреттеу – аса қиын іс».

Абай бейнесінің сахнада және экранда сомдалу жолына үңілсек, Қалибек Қуанышбаевтың шеберлігі мен жауапкершілігі оны 1945 жылы Абай Құнанбайұлының туғанына 100 жыл толуына орай түсірілген «Абай әндері» фильміндегі Абай роліне жетелеп алып келгені анық. Қуанышбаев шеберлігі туралы «Қандай рольде ойнасын, бәрін Абайдан іздейтін, Абайдан табатын. Үстелінде үнемі Абайдың кітабы жататын», – деген пікір театр мамандарына жақсы таныс. Абайдың өмірі мен шығармашылығы жайында 1940 жылдардан бері көптеген спектакль қойылып, бірқатар фильм түсірілді. Әрқайсысы өз деңгейінде Абай образын алып шықты. Дегенмен, ол образдардың бастауында қалың қазақ Қаллеки атап кеткен тума талант Қалибек Қуанышбаев тұр.

Бұл ұлтымыздың образ жасау мен өнер көрсету әдебінің кейінгі буынға Қалибек Қуанышбаевтың бойындағы дарын мен шеберлік арқылы жеткенін тағы бір рет дәлелдейді. Бүгінгі сахна өнеріндегі әрбір актер ұлтымыздың өзіне ғана тән өнер көрсету мәнері мен ән айту, өлең оқу ерекшелігін танығысы келсе, қазақ кәсіби театрының негізін қалаушылардың өнеріне жүгінері анық. Оның бірі де бірегейі – Қалибек Қуанышбаев.

Тұлғаны дәріптеу деректері

Қалибек Қуанышбаевтың еңбегін дәріптеу мақсатында оның есімі еліміздің бірқатар қалаларындағы көшеге берілген. Мәселен, 1969 жылы Алматы қаласы атқару комитетінің №81 шешімімен қаладағы көшелердің біріне Қалибек Қуанышбаев есімі берілді. Әуезов ауданында орналасқан, Өтеген батыр көшесінен басталып, Алтынсарин даңғылына дейін созылып жатқан көшенің ұзындығы – 650 метр. Актердің туған өңірі Қарағанды мен Қарқаралы қалаларында да Қалибек Қуанышбаев атында көшелер бар. Қарқаралыдағы ол тұрған үйге мемориалдық тақта қойылған.

1991 жылы ашылған Астанадағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры Қалибек Қуанышбаев есімімен аталады. Ел ішінде «Қаллеки театры» аталып кеткен өнер ұжымы көнеден келе жатқан классикалық өнер туындыларын заманға сай жаңартып, репертуарын ұлттық және әлемдік драматургиямен толықтырып, еліміздегі театр өнерінің дамуына зор үлес қосып келеді.

Бұдан 30 жыл бұрын, яғни актердің 100 жылдығына орай Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 18 ақпан 1993 жылғы №128 Қаулысымен қыркүйек айында Қарқаралыдан 30 шақырым қашықтықта орналасқан Ақжол ауылында тарихи-өлкетану музейі ашылды. Мұндағы экспонаттың негізгі қоры – 2336, қосымша қор – 326 болса, оның 137-сі – Қалибек Қуанышбаевқа тиесілі. Даңқты актердің заттарының арасында Мұхтар Әуезов Шәкен Аймановқа, ол кісі Қаллекиге сыйға тартқан күміспен әрленген қол таяқ, өзі шерткен домбыра, Абайдың қарасөздерін оқығанда жазылып алынған таспа бар.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button