Руханият

Қазақстан ғылымына әл-Фараби ілімі көмектеседі

   Бүгінде батыс әл-Фарабидің (Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед Тархан ибн Ұзлаг әл-Фараби ат-Түрки) еңбектеріне ерекше ынта танытуда өйткені, ғалымдар оның ғылыми еңбектерінен бүгінгі бірқатар проблемалардың шешімін тауып отыр. Мәселен, елге жақсы мәлім алтын қимасы (1,6180339887 немесе 0,6180339887) Фибоначчи саны деп аталады. Академик Ақжан Машанов (әл-Машани) осынау қатынастарды әл-Фарабидің әулие қатынасы деп айтқанын дәлелдеді. Алтын қима оңтайландыру есебі шешімінің қарапайым есептеу әдісінің бірі болып табылады, оның мәні кесіндіні алтын қимасындағы пропорцияға бөлуде жатыр. Ол кеңістіктегі дұрыс бесбұрыштан (жұлдыздар) (пентаграммалар) шығады:

Алтын қима бұрыннан белгілі болса да әл-Фараби еңбектерінде жаңа қырынан көрінді. Ол ғаламшардың құрылымын ішкі құрылымы мен сыйқырлы қасиеттерін айқындайтын әртүрлі көпқырлы – төрт, алты, сегіз, жиырма, он екі қырлы бұрыштар негізінде қарады. «Геометрия өнері жаратылыстану ғылымдары үшін қалай керек болса, философия мәселелері үшін де солай керек, логикалық дәлелдеудің ең сенімдісі геометриялық әдіс». Әл-Фараби дүниені геометрия негізінде қарады (жаратылыстану ғылымдары ғана емес, сондай-ақ музыканы да, астрономияны да, космологияны да, оптикалық-акустикалық құбылыстарды да және басқаларын) және Жер мен Көкке (Аспан) қатысты нақты ұғымдар ұсынды, олардың бірлігін көре білді. Әл-Фараби «Бір-біріне және Жерге қатысты орналасуларына байланысты Аспан денелеріне біресе жақындау, біресе ажырасу, біресе пайда болу, біресе жоғалып кету, біресе жеделдету, біресе саябырлау қасиеттері тән. Бұл қарама­-қайшылықтар субстанцияға қатысты емес, олардың бір-біріне деген немесе Жерге деген қатынастарына немесе бір мезгілде сол және басқа жерде тұрғанына қатысты. Сондықтан да әл-Фарабиді екінші Ұстаз деп атаған (Аристотельден кейін). Таным логикасының іргетасы сыртқы әлеммен байланысты деп есептеген ол логика элементтеріне нақты назар аударады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры Зейнолла Жанабаев әулиелік қатынастарды кеңейте түсетін, күрделі жүйелердің өздігінен ұйымдастырылуының екі шеткі жағдайларын бейнелейтін, сандық ақпараттық (0,567) және энтропийлік (0,806) деп аталатын, Фибоначчи саны сынды, ашық жүйенің өздігінен ұйымдасуын бағалайтын сандық критерилерін тапты.

Бүгінде ашық жүйелердің өздігінен ұй­ымдасуы қоршаған әлемнің мәнін танудың негізі болып қалуда. Яғни, әл-Фараби қараған мәселелер бүгінде биік деңгейде өз шешімін тауып отыр.

2013 жылы Қазақстан территориясында (Лисаков, Қостанай облысы) алып пентаграмма табылды (диаметрі 366 метрге жуық). Бұл жәдігердің табиғатын ашу керек болады.

Әл-Фараби атап өткендей, жердің құрылысына әулиелік қатынастардың (алтын қима) ғажайып кірігуі, Көк пен Жердің үйлесімі болып табылады. Әл-Машани болса әулиелік қатынастармен тікелей байланысты әулие бұрышының (38о10I) маңыздылығын ерекшелейді. Оларды үйлесімді қолданғанда табиғаттың көптеген қызғылықты құбылыстарын түсіндіруге болады. Алайда, ғылым әлі әулие бұрышының құпиясын аша қойған жоқ және мына сауалға жауап қайтармай отыр: тірі ағзалардағы барлық реакцияға қатысатын амин қышқылдары неге L-изомер болып табылады (D-изомеры параллельді түрде өмір сүріп жатса да), қажетті изомерді табиғат қалай сұрыптайды? Физиктердің, математиктердің, химиктердің және биологтардың күш салуымен болашақта бұл сауалға да жауап табылады деп сенеміз.

Бүгінде тірі және тірі емес әлемнің эволюциялық мәселелері әлемнің барлық ғалымының назарын аударып отыр. Әлемнің жаратылуының біртұтас бейнесін жасау жолында әртүрлі ғылымдардың әдістерін, идеялар мен білімнің жоғары деңгейінде қолдану қажеттілігі туып отыр. Бұл – әлемтанудың мәселелерін геометрия арқылы қараған әл-Фараби әдісі. Иә, әл-Фараби (870-950 ж.ж.) заманында бұл мүмкін болатын, мәселен химия ғылымы физикаға кірігетін. Әлемнің үшінші Ұстазының пайда болуы мүмкін бе деген сауал туындауы мүмкін. Теория жүзінде мүмкін, іс жүзінде осы заманғы ғылымдардың барлық жетістіктерін өз деңгейінде меңгеру және оларды біріктіру бір адамның қолынан келе қояр ма екен?

Қазақстан ғылымының жолы болды, әл-Фараби біздің отандасымыз болып табылады ғой, бұл жөнінде қазақтарға шаршамай қайталап айтқан және әлемді мойындатқан академик Ақжан Машанов болатын. Біздер әл-Фараби ұстанымымен қаруланып, бетімізді бір бағытқа бұрып әлемге проблемаларды шешудің қазақстандық жолын ұсынуымыз қажет. Көпшілік әлемнің жаратылуын тұтас ортаның механикасы деп қарайды, бұл нақтыласақ Эйлер әдісі. Жиырма бірінші ғасырдың «ғылымдар патшайымы» аталған биология ғылымына үлкен үміт артылып отыр. Өйткені, эволюция процестері тірі ағза мысалында түсініктірек бола түседі, бұл бағытта нақты жетістіктер бар.

Әл-Фараби бірнеше жүз еңбек қалдырды деп санайды, алайда бүгінде соның аз ғана бөлшегі табылып, аударылды. Біздің бағымызға қарай, елімізде әлем бойынша әл-Фараби еңбектерін іздеушілеріміз бар. Сол жандардың ізденістеріне серпін беру қажеттілігі аңғарылады. Бұл мемлекеттік бағдарлама болуға тиіс. Бүгінде біз еліміз жөніндегі тарихи мәліметтерді тірнектеп жинауға кірістік, бұл мемлекеттік бағдарламада әл-Фараби ғылымы үшін бөлінетін қаржы бөлек көрсетілуі керек деп білеміз. Әл-Фарабиді көтеру арқылы біз бүгінгі қазақстандық ғылымды көтереміз.

Біз әл-Фараби жөнінде айтамыз, негізінде әл-Фараби ғылымы, әл-Фараби философиясы жөнінде айтуымыз керек. Гегельді идеалист деп жақаттаймыз, марксизм-ленинизмді ұмытып үлгердік, тіпті, сілтеме де жасамаймыз, Кантқа тоқтамаймыз да, Уайтхедті білмейміз де. Сонда не қалды? әл-Фараби философиясын алдыңғы қатарға шығару қажет. Әл-Фарабидің «Парасат пен ғылым туралы» (Алматы, 1975, «Ғылым» баспасы, Қаз ССР) еңбегін қараңыз, онда Әл-Фараби философиясы туралы анық жазылған. Бұл еңбектерде парасат сөзінің анықтамасы берілген. Қоршаған ортаға философиялық тұрғыдан барудың негізін нақ осы парасат құрайды. «Іс жүзінде ойлай алатын тіршілік, іс жүзінде ойлану және іс жүзінде тіршіліктің пайымына бару – ойлау мен тұрмыс теңдігінің диалектикасын байланыстыратын» әл-Фараби санаты. Философия өз заманын бейнелейтін ой.

Әл-Фараби, ғылыммен айналыспай тұрып, алдымен өзінің «Ғылымның классификациясы туралы» еңбегімен танысуды ұсынады: «ғылымға деген көзқарас көрсоқырлықпен емес, білім мен парасатқа негізделеді» (54б. «Парасат пен ғылым туралы»). Өз заманына қарай ғылымды ол төмендегіше бөледі: 1.Тіл. 2. Логика. 3. Математика. 4. Физика. 5. Азаматтық ғылым. Бұл тізбенің ішінен ең алдымен логиканы бөле-жара қарау керек. «Оның мақсатынан барлық саладағы ерекше құны анықтала түседі, мәселен біз өзімізге өзіміз не нәрсені нақтылауымыз керек және басқаларға не ұқтырғымыз келеді, өзгелер біз туралы не білгісі келетіні белгілі болады. Егер біз осынау заңмен қарулансақ және қандай да бір мақсатқа жетеміз десек және оны өзімізде дәлелдейміз десек дәлелімізді іздеу жолында ақылымызды тыныш қалдырмай және оны белгісіздікке қалдырмай қандай жолмен болса да жетуге ұмтыламыз…Біз неменеге және қандай жолмен қозғалатынымызды білуіміз керек, шын мәнінде, біз жүріп келеміз, біз өз қозғалысымызды қайдан бастаймыз және біздің түпкі мақсатымызға қайткенде жетуіміз үшін біздің ақылымыз арқылы бір затты екіншісінен қалай танимыз?» деген әл-Фараби.

Логика өнері ақыл жететін мәнді тексерудің құралы болып табылады. «Бүгінгі жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдар бытыраңқы болмауы керек, керісінше тұтастай адамзат мәдениетінің құрамдастық байланысында болуы қажет» (әл-Машани). Бұл классификацияны бүгінгі күнде іс жүзінде пайдалануға бола ма? Бір ғана Жер зерттеу саласында геодинамика, геофизика, геохимия, геомеханика сынды басқа да бағыттар пайда болды. Бүгінде ғылыми бағыттарды, жоғары оқу орындарын, мамандықтарды ірілендіру жүріп жатыр. Біз бұл бірлестіктерді кластер, кешен деп атап жүрміз. Білім беруді, ғылымды және өнеркәсіпті интеграциялау жөнінде көп айтып жүрміз. Осы біріктірулердің негізі ретінде әл-Фараби классификациясын алар ма еді?!

әл-Фараби жөнінде әл-Машанисіз айту мүмкін емес, тек қана Ақжан Машанов еңбектері арқылы бізге әл-Фараби ғылымы белгілі болды. Оның ішінде өзінің он алты томдық еңбегінде әл-Машани әл-Фарабидің идеяларын жеткізіп қана қоймай, оларды «сыйқырлы сандар» негізінде дамытады. Әлемді сандар билейді. Бұл сандардың ішінде негізгі басқарушы ретінде – 26, темір санын (хадид) мойындайды.

Ежелгі уақыттан бері дұрыс көпбұрыштардың бес типі белгілі, олар қасиетті немесе әулиелі саналған. Әл-Машани осы көпбұрыштар, топология, топтар теориясы және жұптану принципі негізінде симметрияның және әлем гармониясының ең жоғарғы өзіндік формасын ұсынады. Ол «сыйқырлы сандардың» белгілі бір мәнге иелігін және Табиғаттың, қандайда болмасын бір заңдылықтарымен байланыстылығын көрсетеді.

Әл-Машанидің химия және биология ғылымдары саласындағы тұжырымдары назар аудартады. Ол сандардың екі сериясының байланысы жөнінде мынаған назар аударады: дұрыс көпбұрыштардың саны және атомдардың электрондық қабаттарының саны. Бұл сандар геометриядағы және химиядағы симметрияның шалғай формалары болып табылады. әл-Машани әл-Фараби санын (темірден туындаған) ұсынады және оны бір мезгілде екі алтын қимамен байланыстырады. Алтын қима түсінігі симметриямен, толқын-бөлшектермен, кванттанумен, бөлшектердің электр және магнитті қасиеттерімен жақсы байланысады. Алтын бөлшектеу асимметрияның көрінісі емес, симметриядан бөтен қандай да бір көрініс те емес. Бүгінгі көзқарасқа сәйкес алтын бөлшектеу – бұл асимметриялы симметрия. «Алтын» симметрия заңдылығы элементарлы бөлшектердің энергетикалық өтуінде, кейбір химиялық қосындылардың құрылысында, планетарлық және ғарыштық жүйелерде, тірі ағзалардың гендік құрылысында байқалады. Бұл заңдылық адамның тұтастай денесінде және жекелеген мүшелерінің құрылысында бар, сондай-ақ биологиялық ырғақта және мидың жұмысында және көзбен қабылдауында да байқалады.

Осының барлығы әл-Фараби ілімінің ұлылығын және бүгінгі проблемаларды шешуде әл-Фараби трактаттарын пайдалану мүмкіндіктерін бекіте түседі. Парасат сәулесі, әл-Фараби ілімі бойынша, әлем танудың негізгі қайнары болып табылады. Күн өмір мен жарықтың, аспан мен жердің қайнары болса, Парасат пен жан сәулесі, Адамның жүрегіндегі өмірдің қайнары.

Әл-Фараби өзінің «тіл-әдіс-ой өрісі» деген нақыл сөзінен айнымайды. Білімпаздығының, ой қуаттылығының және мінез-құлық ұлылығының арқасында әл-Фараби жалғандықты ақиқаттан айыра алды, ғылымның мақсаты дарқан да ақылман Табиғаттың тылсым құдіреттерін тану деп айтуға жол ашты. Өзінің еңбектерінде, бүгінгі күндері жаңа деңгейде дамытылуға қабылетті, тың ойларын қалдырып кетті. Қазақстандық ғылым бұл идеяларды бүгінгі күннің проблемаларымен шендестіріп дамытуы қажет.

Майлыби АЛДАБЕРГЕНОВ,

химия ғылымдарының докторы,

әл-Фараби атындағы

ҚазҰУ профессоры.

(Орыс тілінен аударған

Төрехан Майбас).

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button