Жаңалықтар

«Қазақстан халқына» қоры мектеп түлектері мен студенттерге бөлінетін грант санын көбейтті

“Қазақстан халқына” қоры бакалавриат бағдарламасы бойынша студенттер мен мектеп түлектеріне барлығы 2350 грант бөлген. Ал шәкіртақы көлемі – 40 мың теңге болып белгіленген. Қор мәліметінше, өтініштер санының көп болуына байланысты гранттар саны да көбейтілген. Ескеретін жайт, қор бөлетін гранттар – өтеусіз. Сома қайтарылмайды және грант алушы оқуын аяқтағаннан кейін грант қаржысын өтеуге міндетті емес. 

«Бастапқы кезде 360 грант бөлу жоспарланған болатын, бірақ өтініштер санының көп болуына байланысты гранттар саны көбейтілді», делінген хабарламада.

«Қазақстан халқына» ҚҚ білім беру гранттары» қайырымдылық бағдарламасын іске асыру шеңберінде талапкерлер мен студенттерге білім грантын беруге өтінім қабылдауды бастады.

Талапкерлер үшін білім беру гранттары мен шәкіртақыларының саны әрбір ЖЖОКБҰ-ға 10 грантқа дейін, ұлттық ЖЖОКБҰ үшін 20 грантқа дейін көбейтілді.

Қордың 2022-2023 оқу жылының талапкерлеріне арналған білім беру гранттары мен стипендияларының жалпы саны – 850. Қор бакалавриат бағдарламалары бойынша мемлекеттік немесе өзге қандай да бір грант алмаған келесі санаттың:

  • ауылдық жерлердің аз қамтылған отбасыларының талапкерлері;
  • жетім балаларға жататын және кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған талапкерлері;
  • мүмкіндігі шектеулі, оның ішінде мүгедектігі бар талапкерлері үшін жоғары білім алу үшін шәкіртақысы бар гранттар ұсынады.

Бұл гранттар ҰБТ-дан өткен және оның нәтижелері бойынша ЖЖОКБҰ-ға түсу үшін қажетті өту балын жинаған талапкерлерге ғана берілетінін ескеру қажет. 

«Қазақстан халқына» ҚҚ білім беру грантына үміткерлер (талапкерлер) таңдалған жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының (ЖЖОКБҰ) қабылдау комиссиясына 2022 жылғы 10-17 тамыз аралығында өтінім береді. Талапкерлер арасында «Қазақстан халқына» ҚҚ грантына үміткерлерді іріктеуді ЖЖОКБҰ (университеттер) жанында жұмыс істейтін қабылдау бөлімі немесе кез келген басқа комиссия білім беру гранттарын іске асыру шеңберінде жүзеге асырады.

Сондай-ақ, ЖЖОКБҰ-ның ақылы бөлімде оқитын студенттер «Қазақстан халқына» Қорының қаражаты есебінен оқуын жалғастыра алады. ЖЖОКБҰ-ның ағымдағы студенттері үшін білім беру гранттарының саны әрбір жоғарғы оқу орнына квота айқындалмай, 1500-ге дейін ұлғайтылды.

Конкурсқа келесі тұлғалар қатыса алады:

  • мүмкіндіктері шектеулі, соның ішінде мүгедектігі бар студенттер;
  • жетім бала санатына жататын және кәмелеттік жасқа дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған тұлғалар;
  • ауылдық жерлердегі жағдайы төмен отбасылардан шыққан студенттер;
  • толық емес отбасыдан, мүгедек балаларды тәрбиелеп жүрген отбасыдан шыққан студенттер;
  • ата-анасының біреуі немесе екеуі де мүгедектігі  бар студенттер.

Оқу құны бойынша шектеме әрбір грант алушы студент үшін 1 миллион теңге мөлшерін құрайды, егер студенттің жылдық оқуының құны 1 миллион теңгеден артық болса, онда 1 миллион теңгеден асатын айырмашылықты грант алушы студенттің өзі төлеуі тиіс.

Грант алушылар қабылдаушы университеттің академиялық талаптарын ұстануы тиіс және бағдарлама бойы толық оқу курсынан өтуге міндетті. Егер бұл шарт орындалмаса, қаржылық қолдау тоқтатылуы мүмкін. 

Өз тілшімізден. 

Басқа материалдар

Back to top button