Руханият

«Қазақша аты ол жердің – Қызжылаған…»

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында Е. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде ақын Ғалым ЖАЙЛЫБАЙДЫҢ 16 тілге аударылған «Қара орамал» кітабының тұсаукесерінен соң ҚарУ студенттері «Қара орамал» қойылымын сахналады.

 Зар заманның зарлы үні әр отбасыны жай қалдырмаған еді. Тар заманның тарланы болып туылған әр сәбидің болашағы бұлынғыр, ғұмыры қыл үстінде тұрған еді.. Қойылымның кіріспесі де дәл осы оқиғамен басталды. Тағдыр тәлкегіне түскен тарихи тұлғалардың әрқайсысы ГУЛАГ-тың қасіретін көрді. Тән мен жаны жараланды, жақындарынан жазықсыз айырылды. АЛЖИР, ҚарЛАГ, СтепЛАГ барлығын біріктіретін тар қапас, жазықсыз төгілген қан, өзектері өкініштен өртенген алыптар,сұм ажал… Көріністің басты мақсаты да осы азақтықтың ақ таңын аңсаған боздақтарды еске алу, ұрпаққа таныстыру болды. Дайындық уақыты 3 айға созылған қойылым көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Бұл шығармашылық жұмысқа қатысқандардың барлығы Е. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің студенттері, «Шабыт» шығармашылық ұйымының мүшелері. Көріністе әр кейіпкердің орны ерекше, барлық кейіпкерге басымдылық берілген. Алжир лагерінде қорлық көрген зиялы азаматтардың әйелдері жайлы бөлікке баса аса назар аударылды, – дейді қойылым режиссері Еламан Мәсәлім.

ГУЛАГ лагерінде жалпы саны 22 млн адам азап шеккен. «Қара орамал» поэмасы желісі бойынша басымдылық Алжирдегі әйелдердің көрген қорлығына, қазақтың халықты аштықтан құтқарған қасиетті құртына, күнәсіз сәбилер жерленген «Мамочкино моласына» берілген. Ақын «Жалаңашкөл» жағасы – «Алжир» лагерь, Қазақша аты ол жердің – Қызжылаған, – деп бекер жазбаса керек. Ана біткеннің жанарынан жас емес қан тамған жер де, жел де аңырап жылайды емес пе?! Қазақ әрқашан адал аспен адам сыйлайтын дархан халық қой, құр сүлдері қалып, тарыққан әйелдердің жағдайын ойлап қазақтың ойын балалары әйелдерге құрт лақтыра бастайды. Бұның тас емес, жансақтайтын ас екенін білген өзге ұлт өкілдері еңірей жылап, Тәңірден қазаққа баршылық сұрайды. Қатыгез, арамдар көздері жәутеңдеген бөбектерді де аямай жалмаған екен. Жаңа туған сәбилерді анасынан айырып, балалар комбинаттарына тапсырып отырған. Суық барақта байғұс балалар ата-анасының мейірімін аңсап, бейкүнә сәттерінде жан тапсырды. Мұрағаттан алынған дерек бойынша, 1941-1944 жылдары 924 бала, ал 1950-1952 жылдары 1130 бала опат болған. Бұл мәліметтер қойылымда айқын көрініс тапты, қарымды қаламмен жазылған алып дүниеге жан бітіргендей болды.

АЛЖИР лагерінде азапталған әйелдің рөлін сомдап шығу қиынға соқпады. Дайындық барысында қиындықтар болғанымен барлығын жоғары деңгейде алып шығуға тырыстық. «Қара орамалды» сахналау арқылы сол заманға еніп, сол қуғын-сүргін құрбандарының қандай қиыншылықтан өткенін өз басымыздан өткердік, – дейді басты рөлдің бірін сомдаған студент Манар Қанаш .

Ғалым Жайлыбай қаламынан шыққан «Қара орамал» поэма-реквиемі тас түскендей ауыр ойлы, үлкен жүрекпен жазылған, ғаламдық маңызға ие шығарма. Ахметжан Сармантайұлының «58-статья» күйі қойылымда да орындалып, көзге жас үйірді.

Қойылымнан мол әсер алдым. Дайындық ұқыпты жасалғаны көрініп тұр. Әсіресе, қыздардың рөлге біріліп ойнағандары есімде қалды. Қазақтың құртын қойылымға қосқаны әсерлі болды, – дейді көрермен Айтолқын Елдосова.

Қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыздары жарқ етіп өте шықты. Өздері өлсе де, жасаған ерліктері, жазған еңбектері, есімдері ешқашан өшпейді.

Айым ҒАЛЫМҚЫЗЫ,

ҚарУ-дың II курс студенті.

Басқа материалдар

Back to top button