Руханият

Қазақ мультфильмінің атасы

Абай атындағы облыстық балалар кітапханасында өткен кездесу отандық анимацияның негізін қалаушы, туғанына биыл 100 жыл толып отырған Әмен Қайдаровтың өмірі мен шығармашылығына арналды. Шарада алдымен, балаларға «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты алғашқы қазақстандық мультфильм көрсетілді.

Аталған іс-шараның қонақтары – кеншілер шаһарындағы басқа да кітапханалардың жас оқырмандары мен қызметкерлері. Сондай-ақ, мұнда кітап көрмесі қойылды. Кітап­ханашылар қазақ анимациясының аңыз тұлғасының өмірі мен шығармашылығы туралы кеңінен айтып берді. Балалар мен ересектер бірге отырып, көптеген марапатқа ие болған мультфильмді тамашалады. Әмен Қайдаровтың тағы бір анимациясы – «Ақсақ құлан» да жұрт назарына ұсынылды. Ол туынды «Ақсақ құлан мен Жошы хан» эпикалық аңызының негізінде жасалған.

– Бүгін біз екі оқиғаны біріктірдік: қазақ анимациясының негізін қалаушы Әмен Қайдаровтың 100 жылдығына арналған жазғы оқу залының ашылуы және мультипарад. Жаз бойы жас оқырмандарымыз үшін кездесулер, ойындар, викториналар және басқа да іс-шаралар өткіземіз. Оқырмандар бұл туралы Instagram-дағы кітапхана парақшасынан біле алады. Барлық жас оқырмандарымызды шақырамыз. Келіңіз, мұнда өте көңілді әрі қызықты болады, – дейді кітапхана қызметкері Жібек Зейкенова.

Осы кездесуді есте қалдыру мақсатында әр бала өзімен бірге қағаз қарлығашын алып кетті. Бұл отандық анимацияның атасына деген құрмет екені сөзсіз.

Еске сала кетейік, Әмен Қайдаров – (1923-2015) Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Жіңішке ауылында дүниеге келген. Алматы көркемсурет училищесін, мультипликатор-суретшілер бөлімін, Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтын бітірген. «Қазақфильм» студиясында суретші, режиссер және мультфильм цехының көркемдік жетекшісі болып, қазақ анимациясының негізін қалап, жемісті еңбек етті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1980). «Парасат», «Барыс» ордендерімен, «Тарлан» және «Алтын Адам» сыйлықтарымен марапатталған.

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button