Жаңалықтар

Қазақ бухгалтерлік есебінің классигі

Еліміз Тәуелсіздік алған жылдары қазақ бухгалтерлік есебі ғылымын тығырықтан алып шығып, тыңнан сүрлеу салумен қатар, жаңа даму бағытын қалыптастыруда профессор Жақсылық ТОЛПАКОВ ұшан-теңіз еңбек сіңірді. Оған ғалымның қаламынан туып, Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен жарық көрген, бүгінде республикадағы жетекші оқу орындары кеңінен қолданатын «Бухгалтерский учет», «Бухгалтерлік есеп», «Финансовый учет-1» және «Учет и аудит» кітаптары дәлел. Бұл туралы бірегей ғалымның 70 жылдық мерейтойына орай Қарағанды экономикалық университетінде өткен оқу ордасы ғылыми кеңесінің отырысында кеңінен айтылды.

Жақсылық Серікбайұлы – 1950 жылы 1 қаңтарда Балқаш қаласында туған. 1966 жылы сондағы №2 Абай атындағы қазақ орта мектебін үздік бітіріп, сол жылы Қарағанды кооперативтік институтына оқуға түседі. 1970 жылы оқуын да үздік аяқтап, Ресейдің Львовь сауда-экономика институты аспирантурасына жолдама алған. Онда білім алып жүріп те өзінің ерекше зейінділігімен көзге түсіп, еліміздің атын асқақтатыпты. Кандидаттық дессертациясын ойдағыдай қорғаған ол, өзі түлеп ұшқан оқу ордасының «Шаруашылық қызметін талдау және бухгалтерлік есеп» кафедрасында ұстаздық жолын бастайды. Сол мезеттен бастап, ассистент, аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, сырттай оқу бөлімінің деканы сияқты лауазымдарды абыроймен атқарған.

1994 жылы жұмысына адалдығы мен сіңірген еңбегі университеттің ғылыми кеңесі тарапынан жоғары бағаланып, профессор атағын иеленген. 100-ге жуық ғылыми мақаланың авторы, Қазақстан Республикасы білім саласының үздігі, «Жыл адамы» сыйлықтарымен және көптеген мерекелік медальдармен марапатталған. 2016 жылы Қарағанды экономикалық университетінің құрылғанына 50 жыл толуына орай, ғылыми-педагогикалық және бірнеше буын шәкірт тәрбиелеудегі ұзақ жылдық еңбегі еленіп, Ахмет Байтұрсынов атындағы алтын медальмен марапатталды.

Ұжымда биік бедел мен абыройға ие ол – жары Шара Сапарғалиқызымен 3 қызынан өрбіген немерелеріне үлгілі ата.

Шарада Жақсылық Серікбайұлына ғылымдағы үзеңгілестері, оқу ордасының факультет декандары мен ұстаздары және туыстары ақтарыла сөйлеп, гүлдестелерін сыйлады. Үлкен экраннан оның өнегелі өмір жолы туралы бейнежазба көрсетіліп тұрды. Аталған оқу орнының 1-курс студенті Ұланғасыр Қамиев жырдан шашу шашса, «Қазақ тілі және Қазақстан мәдениеті» кафедрасының оқытушысы Құрмет Бәжікеев ғалымның адами келбетін «Қайтпас рух, қайсар тұлға» атты өлеңімен өрнектеді.

Профессор Сайран Ұлақовтың айтуынша, сыныптас досына арнаған «Шідерде ширығулы Қарагер» атты 4 бөлімнен тұратын толғау жырында ақын Абзал Бөкен «Ерлік тек майданда жасалмайды, кейде, бір сәтте жасалар батыл қимылдан гөрі, өмір бойы өзіңді өрге сүйреудің бәсі артығырақ» деп тауып айтқан.

– Ол өзінің қажырлы еңбегімен халқына, Отанына деген сүйіспеншілігін дәлелдеді. Тағдырдың дүлей сынақтары сағын сындыра алмады. Оның жүйрік қиялы мен ұшқыр зейінінен туып, елінің олжасына айналған кітаптарын бүгінде Қазақстанның тұтас білім саласы қолданады. Жақсылық Серікбайұлы – қазақ бухгалтерлік есебі ғылымының классигі, – деп тебіренді, өз құттықтауында экономика ғылымдарының докторы, профессор Әмір Сембеков.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button