Бас тақырыпРуханият

Қазаққа футбол керек пе?

Әлемдік деңгейдегі аладоп аламаны мәреге жетті. Өкінішке орай, әркім өзі қалаған командасына жанкүйер болумен шектелді. Қайтейік, Қазақстан құрамасы әлемдік доп додасының іріктеу кезеңінде алты ойыннан әріге бара алмаған. Сонымен, ежелгі көршіміз Ресейде өткен Әлем чемпионатында телевизорға телміріп немесе букмекерлік кеңселерде бәс тігумен шектелген қазақ жанкүйерлерінің өкініші не?

…Кешкі серуенде жүр едім. Қызыңқырап алған қазақ жігіттерінің футбол төңірегіндегі қызу әңгімесіне еріксіз құлақ түрдім.

– Біздің құрама тым болмаса, іріктеуден өткен 32 команданың бірі болып бір кездесу өткізсе, мұндай өкінбес едім, – деді біреуі. Мен де аһ ұрдым. Сол жігіттің өкініші бүкіл Қазақ елінің өкінішіндей көрінді маған. Ішім қыж-қыж қайнап, өзегім өртенді.

Көшеден көңілсіздеу оралдым. Ғаламторға кіріп алып, Қазақстан футболын дамытуға жұмсалып жатқан қаржыны санадым. Қайран, қазынаның қаржысы-ай! Орта есеппен жылына 150 млн. АҚШ долларын жұмсайды екенбіз. Біздің теңгедегі теңгерімі – 50 млрд. Біздің футболшыларымыз өзі тепкен допқа өзі жете алмайтыны немесе тепкен добы қақпаға емес, далаға лағып кететіні бар еді ғой. Әлгі қыруар қаржы теуіп-теуіп, далаға шашып жіберген ұлтымыздың ырысындай көрінді. Анығын айтқанда – желге ұшқан қаражат.

 Сонда да, біздің спорт мамандары мен жалдамалы жаттықтырушыларымыз өздерінің жасыл алаңдағы сәтсіздіктеріне «қаржы жетіспеушілігі» себеп деуден бір танбай келеді. Енді осынша қаржының 80-85 пайызы бюджеттің шығыны (қалған 15-20 пайызы – демеушіліктен түскен қаржы) екенін ескеріңіз де, оның тең жартысы жалдамалы легионерлердің жалақысы екенін ойлаңыз… Ол аз десеңіз, 2009  жылдан бері Қазақстан Бразилиядағы футбол академиясына аяғының желі бар балаларды оқуға жіберіп, олардың оқу ақысына 100 млн. АҚШ долларын шығындап келеміз. Мұның өзі – алғашқы жылдардағы шығынымыз. Ал, қазір жылына 200 млн. доллар төлеп отыр екенбіз. Академияны бітіріп келген жүз қаралы жасөспірім еліміздің әр клубында доп теуіп жүр. Бірақ, маңдайы жарқырап, жетістікке жеткен біреуін де көре алмадық.

Ал, қазақтың дархандығы мен жомарттығына мұрты майланып жүрген легионерлер кімдер? Олар – өз елдерінде жасыл алаңнан шеттетіліп, мүлде керексіз болып қалған соңғы санаттағы «шеберлер». Әлгі жалдамалы жаттықтырушылар да – сондай санаттан. Сонда біз кімдерге ақша шашып жүрміз? Өз елінде ұлтан да, сұлтан да бола алмай жүргендер қазақ футболының көсегесін көгертеді деп кім айтты сізге? Солай бола тұра, біз жергілікті футбол жұлдыздарына қарағанда легионерлерге бірнеше есе артық жалақы төлеп жүр екенбіз. Мәселен, қазақ футболының үкілі үміті Самат Смақовтың айлық жалақысы – 6 миллион теңге, ал, Аршавин деген легионердің жылдық табысы – 335 миллион теңге.

Сонда, қазақ футболына қаржы жетпей жатыр ма, рух жетіспей тұр ма? Бағамдай беріңіз…

Мен айтар едім, шығыны көп, нәтижесі жоқ футболға мұнша қаржыны ысырап қылғанша, бокс, ауыр атлетика, қазақ күресі секілді нәтижелі спортқа бөлген жөн шығар деп. Керек пе, ұнжырғасы түсіп тұрған ұлттық спорт түрлерін дамытуға жұмсайық бұл қаржыны. Осы футболыңыз – Англияның төл спорты. Сонау ХІІ ғасырда ағылшын ақсүйектерінің делебесін қоздырған спорттың бұл түрі ХХ ғасырда – дәлірек айтқанда 1908 жылы олимпиадалық ойындар тізіміне енді. Қазір алты құрлықтың бәс тігіп, бағын сынайтын ойынына айналды. Біз неге жамбы ату, теңге алу, аударыспақ секілді ұлттық спорт түрлерінің бәсін әлемдік деңгейге көтермейміз? Немесе олимпиадалық ойындар тізіміндегі жекпе-жектерден қазақ күресінің несі кем? Футболға «жылап» кеткен әлгі миллиондар мен миллиардтарды спорттың осы түрлеріне бағыштап, қомақты жүлде қоры арқылы әлем елдерінің назарын қазақтың төл ойындарына аударуға болар еді ғой. Ал, біз әлі доп қуалап жүрміз.

Әлемдік футбол тарихындағы мына бір деректер еріксіз ой орманына жетелейді. Футболдың отаны Англияда қайсыбір замандарда доп ойнауға қатаң тыйым салынған екен. 1313 жылы ағылшын билеушісі Эдуард ІІ қала ішінде футбол ойнауға шектеу жасапты. Тіпті, 1389 жылы Ричард ІІ патша сарайы маңайында доп тепкендерді өлім жазасына кесіптімыс. Аладоптан алшақ болуға әмір еткен ағылшын билеушілерінің тізімі төмендегідей: Генрих IV, Генрих V, Генрих VІ, Эдуард ІV, Генрих VІІ, Генрих VІІІ. Яғни, екі ғасыр бойы Англияда футболды еркін ойнауға мүмкіндік болмаған. Сонда да халық осынша қатаң қағидаларға мойымай, доп ойнаудан бас тартпапты. Ал, бізде ше? Біз қыруар қаржы бөліп, сырттан жаттықтырушы жалдап, қазақ футболының көсегесін көгерте алмай келеміз. Тым болмаса, ешбір патшамыз тыйым салмаған ұлттық спортымыздың босағадағы басын төрге оздыруға шамамыз жетпей жүр.

Сөз соңында салмақтай кететін тағы бір ұсыныс-пікірім бар. Кім шықса да, не шықса да көптің ішінен шығады. Ендеше, дедектеп доп қуа бермей, демографиялық ахуалға көңіл бөлгеніміз жөн шығар. Мәселен, осы футболға жұмсап жатқан қайтарымы жоқ ақшаны еліміздің демографиялық саясатын серпілтуге жұмсасақ… Әсіресе, ауылдық аналардың дүниеге әкелген әр нәрестесіне жағдай жасасақ… Туу деңгейі артып, халық саны көбейсе, ауыл қарадомалақтарынан таңдап жүріп, ұлттық құрама жасақтап алар едік. Мысалы деймін, футболды дамытамыз деп далаға шашып жатқан 150 миллион АҚШ долларын дүние есігін ашқан әр нәрестенің есепшотына 500 доллардан салып берсек, 300 мың шаңырақта бесік тербелер еді. Сосын қазақтың әр ауылына спорт сарайларын, футбол алаңдарын салып таста. Мемлекеттің шексіз қамқорлығын жөргегінде сезінген бала бесіктен белі шыққан соң әлгі спорт сарайы мен жасыл алаңға өзі-ақ жүгіреді.

Қазақ спортын дамыту бойынша мен ұсынатын қарапайым формула – осы. Қалай болғанда да, уақытша болса да, футболға бөлінетін қаржыны қайта санап, пайдасы жоқ легионерлерге төленетін аяқақыны шектеу керек.

…Аладоп аламанынан кейін көп ойландым, көп іздендім. Бір ғана «осы қазаққа футбол керек пе?» деген сауалдың жауабын таба алмадым. Сіз де ойланып көріңіз… Бірақ, атам қазақ «Доп ойнаған – тозар» деп, өз түйінін бағзыда-ақ айтып кеткен.

Ерсін МҰСАБЕК,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button