Басты тақырыпРуханият

Аяз ата һәм Қыдыр баба

   

Жаңа жыл жарылқа, Ескі жыл есірке!

Аяз ата һәм Қыдыр баба

   Санаулы ғана сәттен кейін су жаңа 2017 жыл тарих табалдырығын аттайды. Үкілі үмітіміз де, айдарлы арманымыз да Жаңа жылда ақталып, орындалатын секілді. Әйтеуір, әбігерміз. Қымбат шырша құрып, көшемізді қызыл-жасыл шаммен көмкермесек, Жаңа жыл бізге соқпай, қайтып кететіндей. Бала біткен Аяз атаға хат жазып, сыйлық күтіп жүр. Бүкіл қоғам бүлкілдеп, құда күткендей құрақ ұшып жатқанда, бала «бүлінбей» қайтсін?! Бесіктен белі шыққалы бері көргені – жасанды шыр­ша мен алдамшы Аяз ата. Балабақшада да, мектепте де. Періштедей пейілдеріңнен айналайындар-ай! Өзіміз сатып алып, Аяз атаның дорбасына салып берген сыйлыққа мәз. Өз бидайымыз­ды өзімізге қуырып берген Аяз атаның да ұпайы – түгел.

    Менің де бес жасар ұлым желтоқсан туғалы: «Әке, Аяз атаға хат жазайық. Ол маған жақсы сыйлық әкелсін» деп мазамды алған. Қайтсін, көзін ашқалы көргені, естігені ғой. Ал, біздің үйде шырша құрылмағалы сегіз жыл болды. Ұлым оған да өкпелі. Елдің баласы Аяз атаға хат жазады екен де, алдамшы Аяз атасы үйдегі шыршаның түбіне сыйлық қойып кетеді екен. Біздің үйде бұл дәстүр дәріптелмейді, өкінішке орай.

    Тіпті, кейбір дарақы замандастарымыз 31 желтоқсан күні үйіне жалдамалы Аяз ата шақырып, баласын «қуантады» екен. Тура осы әрекетімізбен өз ұрпағымыздың санасын өзіміз улап жүргенімізді білеміз бе? Білмейміз, әрине. Білсек, олай етпес едік қой.

  …Рас, Қазақстан – көпұлтты, зайырлы мемлекет. Әр ұлттың мәдениеті мен тілін, басқа да құндылықтарын дәріптеуіне, дамытып, өркендетуіне бар жағдайды жасадық. Мұсылманның Айтында, кәуірдің Рождествосында бір-бір күннен демаламыз. Өзге ұлт пен ұлыстың салт-дәстүрін біз де өздеріндей құрметтеп-ақ жүрміз. Мұның барлығы біздің елдегі тұрақтылық пен бейбітшілікке кепіл болуда. Әрине, Елбасының сындарлы саясатының жемісі.

    Дегенмен, өз басым – ертеңгі ел тұтқасы болар ұрпағымыздың санасында ең ұлық мереке – Жаңа жыл болып, алдамшы Аяз атаның жарылқаушы ретінде жатталуына түбегейлі қарсымын. Иә, Жаңа жыл – мереке. Жылнамамыздың адамзатқа ортақ реттілік заңдылығы бойынша күнтізбенің ауысуы. Яғни, тарихи сәт. Десек те, 365 күннен тұратын есепті кезеңді қорытындылау үшін шыршаға шығындалып, Аяз атаға алданудың қаншалықты қажеттілігі бар? Биылғысын білмедім, өткен жылы тура біздің Қарағанды Жаңа жылды қарсы алуға 200 миллион теңге қаржы жұмсапты. Бір ғана шырша тойының шығыны. Тура осы ақшаға балабақша салып, өмірі жылжымайтын кезекке «жан бітіруге» болар еді ғой. Сонда биліктегі әрбір шенеунік әлгі Аяз атадан қадірлі болып шықпай ма?!

    Мен бұл пікіріммен Жаңа жылды мүлде атаусыз қалдырайық дегенді меңзеп отырған жоқпын. Әсілі, шығынды екшеген жөн шығар. Көрнекті қаламгер Оралхан Бөкейдің: «Әр келгенінде адам ғұмырының бір жылын жалмап жататын Жаңа жылды мен неге шаттанып тойлауым керек?» деген сөзі бар екен. Ой саларлық қағида. Ойлана алсақ, әрине…

     Жыл басы, Күн мен Түннің теңе­ліп, дүние жаңаратын Наурыз мейрамын «жетім қыздың тойындай» етіп, Қыдыр бабаны жабығымыздан сығалатып жүргеніміз есіме түссе, шырша тойынан жиіркеніп кетемін.

    Қысқасы, Аяз ата Қыдыр бабаға жол берсін! Жасанды шырша мен алдамшы Аяз атадан жерініп тұрмыз. Менің балам Қыдыр бабаны күтіп жүр!

Ерсін МҰСАБЕК

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button