Бас тақырып

Автобан: жол азабы азаяды

Төрткүл дүние нарық экономикасынан орнын ойып алған тұста тастың өзінен тауар жасайтынын көзіміз көрді. Өйткені, нарық талабы – қатаң. Қолда барды ұқсатыңыз, ұқсатпасаңыз – ұтыласыз. Әлемнің даму көшінде шаң қапқымыз келмесе, оның озығын алып, тозығынан жерінуіміз қажеттігін уақыт көрсетіп берді. Сұраныс тауарды туғызады. Ал, ол тауар сол талапқа толық жауап беруі тиіс. Нарық үшін тауар емес ештеңе жоқ. Әлем елдері тас жолынанақ табыс тауып отыр. Яғни, ақылы жол – өзіне жұмсалған қаржыны қайтарып қана қоймайды. Сол жолдың сапалы күтіп ұсталуына, логистиканы дамытуға, апаттың азаюына, экономиканың қамбасына қомақты қаржы құюға қызмет етеді. Күні кеше ашылған 134 шақырымды қамтитын «Астана-Теміртау» ақылы жолынан мемлекет һәм аймақ осындай үміт күтеді.

САПАР ҚҰНЫ ҚАНША?

 «Ақылы автожол учаскелерін қамтитын аудандардың тұрғындары үшін хабарландыру және түсіндіру іс-шаралары жүргізілді, қоғамдық тыңдаулар сериясы іске асырылды, жүйенің ашылуы туралы ақпараттандыру үшін аудан тұрғындарын аралап, тұрғындардың төлемақы мөлшері туралы ұсыныстары тыңдалды. Осылайша, автожол пайдаланушылардың жобаны талқылаудағы өтінімдері мен тілектерін тапсыруға жеткілікті уақыт болды» дейді «Қазавтожол» ҰК Қарағанды филиалы мамандары.

Сондай-ақ, «Қазавтожол» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі 2019 жылға «Астана-Теміртау» жолынан түсетін түсімнің 1 822 млн.теңге деп болжанғанын айтады. Аталған қаражат «Қазавтожол» ҰК АҚ-ның есебіне түседі. Бұл қаражаттар жол учаскесін күтіп ұстауға жұмсалмақ.

Бауыржан СЕРІКБАЕВ, «Қазавтожол» ҰК АҚ баспасөз қызметінің басшысы:

– «Астана-Теміртау» ақылы жолынан 2019 жылы 1 822 млн.теңге төлемақы түседі деп жобаланып отыр. Көлік қозғалысының қарқыны осы жол учаскесінде тәулігіне 11815 көлік құралын құрайтын болады шамамен. Төлем жасаудың гибридтік жүйесі қолданылады, Яғни, төлем ақылы учаскеден шығу дерегі бойынша жасалады.

 Қарағанды филиалы мамандарының айтуынша, бүгінгі таңда ақы алу жүйесі бойынша жұмыстар толығымен аяқталған. Ал, бұған дейін, 2018 жылғы қыркүйектен бастап «Астана-Теміртау» учаскелерінде ақы алу жүйесі сынамалық тәртіпте жүргізілген. Аталған ұйымның мәлімдеуінше, қаңтардың 26-сында ақы төлеу тұрақты түрде іске қосылды.

Жалпы, бұл жолмен жүрген көліктердің төлемақысы оның салмағы мен төлеу тәртібіне байланысты. Яғни, егер алдын ала жеңіл көліктер онлайн-төлем жасаса, 200 теңгеден төлейді. Ал, сол жергілікті жерде қолма-қол ақшамен төлем жүргізілсе, 400 теңге шамасында төлемақы жасалады. Бұл – төлеу тәртібіне байланысты. Сонымен қатар, онлайн-төлем төлемақы алатын бекеттерде кезекті қысқартуға мүмкіндік береді. Демек, кезек күтіп, сарылып тұрмас үшін алдын ала онлайн-төлем жасаған әлдеқайда қолайлы. Атап айтқанда, жолдың төлемін payway.kz сайтында төлеуге мүмкіндік бар. Мұнда көліктің мемлекеттік нөмірін көрсетіп, картаңыздың немесе электронды әмияныңыздың мәліметтерін толтыруыңыз қажет. Бұдан бөлек, «KazDriver» мобильді қосымшасы, «Kaspi.kz» интернет бөлімі, «Сбербанк» интернет-банкингі, «АТФ» банкінің интернет-банкингі, «Halyk Bank» интернет-банкингі, «Еуразия банкінің» интернет-банкингі, «Capital Bank» интернет-банкингі, мобильді телефонның тікелей балансы («Kcell», «Activ», «Beeline», «SMS», «USSD», mobile App, Web қосымшаларымен), дербес шотқа (шарт жасау жолымен заңды тұлғаға алдын ала төлемақы аудару), QIWI «Касса24», Киберплат, Tenge, Wooppay, Salempay терминалдары арқылы, «E100» май құю картасымен алдын ала төлем жасауға әбден болады.

Көлік салмағының мәні де маңызды. Мәселен, 16 орынға дейінгі автобус және 2,5 тоннаға дейін жүк көтеретін көліктер бір бағытқа арналған маршрут үшін 700 теңге төлеуге міндетті. Салмағы 5,5 тоннаға дейін жүк көлігі мен 32 орынға дейінгі автобус 1350 теңге, 32 орыннан артық және 10 тоннаға дейінгі жүк көлігі 2000 теңге, 10 тоннадан 15 тоннаға дейінгі жүк көліктері – 2700 теңге, 15 тоннадан жоғары, оған қоса тіркемелері бар жүк көліктері 3350 теңге ақы төлеп жүруге хақылы.

Мамандардың айтуынша, ақылы автожол учаскелерін қамтитын аудан тұрғындары үшін абонементтің құны 1000 теңгені құрайды. Ол жыл бойы жарамды. Оны тек тас жол қамтитын елді мекендерде тіркелген автокөлік иелері ғана иеленеді. Егер де тұрғын сол мекенде тұрып, бірақ көлік басқа елді мекенде есепте тіркелсе, ақы төлеу жалпы негізде жүргізіледі екен. Мұндай абонементтерді рәсімдеу ақы төлеу бекеттерінде жүзеге асырылады.

ТӨЛЕМАҚЫДАН КІМДЕР БОСАТЫЛАДЫ?

«Автомобиль жолдары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-2 бабына сәйкес ақылы автомобиль жолдарын пайдаланғаны үшін ақы төлеуден қызметтік міндеттерін орындаған жедел медициналық жәрдем ұйымдарының, апаттық-құтқару, жол-патруль қызметтерінің, әскери техниканың арнаулы автокөлік құралдары босатылады. Оған қоса, қала маңындағы қатынастарда және ақылы автомобиль жолына іргелес елді мекендерді: кенттерді, ауылдарды аудан немесе облыс орталықтарымен, астанамен немесе республикалық маңызы бар қалалармен қосатын қатынастарда жолаушылар мен жүкті тұрақты тасымалдауды жүзеге асыратын автобустардан ақы алынбайды. Іргелес аудандардың жеңіл автокөліктері де бір аудан шегінде жүріп-тұру үшін төлемақы жасамайды.

АҚЫЛЫ ЖОЛДЫҢ ПАЙДАСЫ

 Жалпы, еліміз бойынша 2020 жылға қарай 6,5 мың шақырымдағы республикалық маңыздағы автокөлік жолын ақылы ету жоспарлануда. Астана-Теміртау бағытындағы жолдың ұзындығы – 134 шақырым. Бұлайша автокөлік құрылымын дамыту жалпы ішкі өнімді де арттыруға ықпал етпек екен. Бұған дейінгі ашылған автобан «Астана-Шортанды» былтырғы жылы бюджетке 1 млрд. теңгеден астам қаржы түсірген. Әлбете, аз түсім емес. Дәл осындай табысты «Астана-Теміртау» ақылы жолы да қамтамасыз етсе керек. Жалпы, Қазақстандағы мұндай ақылы жолдардан 2020 жылда бюджеттің бүйірін бұлтитатын түсім – 30 миллиард теңге шамасында. Ал, 2022 жылдың соңы 2023 жылдың басында 42 миллиард теңге көлемінде кіріс кірмек мемлекетке. Жалпы ішкі өнімді арттырып, инфрақұрылымның дамуына ықпал етеді деп күтілуде. Көлік апаты да кемиді деген болжам бар.

Автомагистраль Астана-Қарағанды бағытындағы жолға жұмсалатын уақытты азайтқанын атап өткен абзал-ды. Мұны қазіргі уақытта екі қала арасында жолаушылар тасымалымен айналысатын көлік иелері де айтады.

«Бұрын Астанаға төрт сағатқа таяу жүріп, жететін едік. Қазір рұқсат етілген жоғары жылдамдықпен жүрсек, екі, екі жарым сағатта жетіп қаламыз. Жол тақтайдай. Әрі кең. Рұқсат етілген жылдамдық та көңілге қонымды. Жолдың ақылы болғаны аса қиналатын мәселе емес», – дейді Астана-Қарағанды бағытында ұдайы жолаушы тасымалымен айналысатын Ерболат Нұғыманов.

ӘЛЕМ ТӘЖІРИБЕСІ НЕ ДЕЙДІ?

Ақылы жол әлемнің 30 елінде бар. Ол жолдардың жалпы ұзындығы 150 мың шақырымды құрайды. Онда төлемнің үш түрі қолданылады екен. Ашық жүйе – төлемақы ашық электронды белгілерде немесе сол бағыттағы бекетте жүзеге асады. Бұл орайда қозғалыс – үзіліссіз. Жабық жүйе – барлық жолдар шлагбауммен жабылады да, төлемақы шығу дерегі негізінде жүргізіледі. Гибридтік жүйе – төлем шыға берісте нақты төлем жүргізумен және бекеттік төлем бойынша іске асады.

 Автомагистралін ақылы жасағандардың қатарында Ресей, Германия, Оңтүстік Корея, Жапония секілді елдер тұр. Бұлардың әрқайсысында төлемақы төлеудің түрлі жүйесі қолданылады. Көпшілігінде – ашық жүйе. Ол болса, қозғалыстың кідіріссіз болуын қамтамасыз етеді. Ал, Шығыс Азия елдерінде көбіне гибридтік жүйе қолданылады екен.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button