Шет

“Ауылына қарап, азаматын таны “

Елбасының бастамасымен іске асып жатқан “Жол картасы – 2020” бағдарламасы көптеген өзекті мәселелердің өз шешімін табуын жеделдетті. Сонымен қатар, аудандық, облыстық бюджет қаржысына да ауданымызда біршама істер атқарылуда. Елді мекендерде жолдар жөнделіп, спорттық шағын алаңдар салынып, көшелер жарықтандырылуда.

Жасыратыны жоқ, бұрынғы Кеңес Одағы кезінде салынған, тек, сұлбасы ғана қалған ауыл ішіндегі жолдарда бүгінде жөндеу жұмыстары қарқын алуда. Тіпті, жолы жоқ көшелерге қиыршық тас төселіп, жол салынуда. М.Жапақов көшесіндегі аудандық аурухана маңындағы тұрғын үйлер арасындағы көшеге қиыршық тас төселіп, айналма жол салынды. Сонымен қатар, электр бағандарына шамдар орнатылып, жарықтандырылды. Әзірше бұл көшеге қиыршық тастар төселгенімен, алдағы уақытта асфальтталады.

Өздеріңізге белгілі, мұнан бұрын бұл көшеде жаяу адамның саз-балшықтан ілгері басқан қадамы кері тартып, түңгілік қою қараңғыда үйіне жетуі мұң болатын. Әсіресе, оқушы балалар үшін. Көліктер бұл көшеге бұрылмастан адамын түсіріп кете беретін. Тұрғындар көңілінде жүрген бұл жұмысқа 2 млн. 775 мың теңге бөлініп, қарағандылық “Ғұмыр” ЖШС атқарып шықты. Сонымен қатар, 5 млн. 784 мың теңгеге аграрлық колледжге қарай жолдар асфальтталды, оны “Дорожно машинно-техническая станция” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарды.

Аудан орталығының сәулетін арттырып, абаттандыру мәселесі аудан әкімі М.Жандәулетовтің үнемі басты назарында. Іске жаңаша көзқарас болған жерде ғана жаңару мен дамуға жол ашылмақ. Алдағы уақытта тағы біраз көше жолдары асфальтталып, жарықтандырылмақ. Әлі талай жұмыстар кезек күтіп тұр. Бұл жұмыстар да рет-ретімен атқарыла бермек.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы аясында атқарылып жатқан жұмыстар аудан тұрғындарына, қарапайым халыққа деген игілікті іс болмақ. Бұл орайда ауыл тұрғындары да ризашылықтарын білдіруде.

М.ДӘУЛЕТБЕКҰЛЫ.

Шет ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button