Шет

Ауылда жаңа тойхана бой көтерді

Босаға ауылында көпшілікті елең еткізер айтулы уақиға болды. Темір жол бойына орналасқан ауылда өмір талабына сай көпшілік басын қосып, қызығын қызықтайтын бір тойхананың жоқтығы көзге ұрып тұратын. Ауыл тұрғындары көзінің қарашығы – балаларының тойын жасау үшін артынып, тартынып Ақадыр кентіне, тіпті, Қарағанды қаласына шабылып жатқаны. Әрине, бұл қолайсыздық туғызады.

Жер-жерлерде жаңа үлгідегі тойханалар салынып, зәулім мешіттер тұрғызылып жатқан тұста жақсылыққа жанашырлық жасап, өркениет көшінен қалыспай ұмтылыс танытуды заңдылық деп қараған жөн. Босағалықтар да кезінде көз сүйенерлік мешіт тұрғызған, енді заманауи тойхана болса деген сөз көңіл түкпірінде атойлап жатқаны айқын еді. Міне, сарша тамыздың қоңыр салқын күн­дерінің бірінде көңіл түкпірінде жүрген армандарының жүзеге асып, ауыл­дағы көзге түсер қыраттау алаңда еңселі, сәнді ғимарат салынып, пайдалануға берілді.

Қуаныш қашанда ортақ. Тойхананың ашылу салтанатына жиналған көпшілік қарасы да едәуір. Ғимарат алдына жайылған төсемтас, ортасына гүл өсіретін орын қалдырып, жағалай орындықтар қойылған. Сыртын қоршаған сәнді темір шарбақтардың өзі жаңа құрылыстың шырайын аша түскен. Тойхана алды түрлі-түсті шарлармен безендіріліп, баспалдаққа дейін қалың кілем төселген.

Тойхананың ашылу салтанатында алғашқы болып сөз алған облыстық мәслихаттың хатшысы Р.Әбдікеров ауыл тұрғындарын құттықтап, осынау игілікті істі мойнына алып білек сыбана кіріскен осы ауылдың тумасы, бүгінде Астана қаласында тұратын белгілі кәсіпкер Несіпбай Смағұловқа ризашылығын жеткізді. Сыртта жүрген осындай мәрт азаматтардың туған ауылына қолын созып, жақсылық жасауы көпшілікке үлгі. Келешек жастардың жүрегіне өз ауылына деген патриоттық сезімді ұялататындығын атады. Мұнан соң сөз алған аудан әкімі М.Жан-дәулетов те осындай қалталы мәрт жігіттердің жомарттығы қашанда көпке үлгі, ой тастарлық екенін айтып, ауыл тұрғындарын қуанышты сәттерімен құттықтап, ауылдарын көркейте беруіне тілектестігін білдірді. Босаға ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Малшыбаев Қойшыбай қажы бұл бастаманың құп аларлық, ауылдан шыққан, бүгінде сыртта жүрген қалталы жігіттердің қимылына тәнті болғанын, осынау игі жақсылық жалғастығын тапсын деген ниетпен кәсіпкер жігітке ұлттық дәстүрмен астына тұлпар мінгізді.

Сәні мен салтанаты келіскен тойхананың лента қию рәсімін облыстық мәслихаттың депутаты Р.Әбдікеров, аудан әкімі М.Жандәулетов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Малшыбаев жасады.

Ашылу салтанатына алыстан келген әулеттің құдалары ағаш отырғызса, Ақсуат ауданында 17 жыл редактор болып қызмет атқарған, бүгінде зейнеткер Абай Әукішев ақсақал ауылдың өркендеуіне тілектестігін білдірді.

Ішінің салтанаты қаладағы әсем сарайлардан бір де кем түспейтін 250 адамға лайықтал- ған тойханада іскер азамат Мәрзия анасына арнап ас берді.

М.ДӘУЛЕТБЕКҰЛЫ.

ШЕТ ауданы.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button