Ауыл ырзығы – жұрт несібесі
Жәрмеңке жұртқа жағып тұр. Әсіресе, қыстың қамын ойлаған қалалықтардың қалтасына тиімді екені аян. Мұндағы баға базардағы алыпсатардың сұраған құнынан 10-15 пайызға төмен. Сенбі күні арзан азық іздеген қарағандылықтар күн қылтия «Сарыарқа» сауда үйін жағалады.
Шаһардың Оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан кешенде өткен жәрмеңке Тұңғыш Президент күні мерекесіне орайластырылды. Айтары сол, орайы келген іс болды.
Таяуда қарағандылықтар телеарналар эфирінен мұң шаққан-ды. Айтуларынша, дүкендердегі ет құны – 2000-2500 теңгеге жетіпті. Яғни, сиырдың жамбас етін қазаныңызға салғыңыз келсе, келісіне 2500 теңге төлеуіңіз тиіс.
Алыпсатарлар да біледі. Қазақ қысқа қарай соғымын қамдайтынынан хабардар. Сәйкесінше, бұл уақта етке сұраныс мол. Әлі жеткендер тұтастай алады. Қалтасы көтермегендер мүшелеп тасиды. Делдалдардың «Құланның қасынуына мылтықтың басуын дөп келтірген» сыңайлары. Мұндайда қымбатшылыққа қарсы жалғыз амал – жәрмеңке екені анық.
Бұған дейін облыс орталығында қазан-қараша айларында облыстық үш жәрмеңке өтті. Сенбідегі жәрмеңкеде де қалаға жақын орналасқан Бұқар жырау, Қарқаралы, Абай, Нұра, Шет, Жаңаарқа, Осакаров сынды аудандардың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері өз өнімдерін тұтынушылар талғамына ұсынды.
Сәбит ЖАНДОСОВ,
Нұра ауданының тұрғыны:
Жәрмеңке, алдымен, қалалықтар үшін ұтымды екені сөзсіз. Базар аралап, арзан баға іздеп әуре болмайды. Мұнда бәрі ыңғайлы ойластырылған. Билікке алғыс айту керек. Барлық іздегеніңді бір ғимараттың ішінен тауып алуға болады. Баға да анағұрлым төмен. Біз сияқты фермерлер үшін де қолайлы. Таң сәріден базарға барып, алыпсатармен саудаласып жүрмейсіз. Олар ойлаған бағаңа қабылдаса жақсы. Ал, мұнда бекітілген сома көңілімізден шығады.
Баға демекші, азық-түлік құны билік өкілдерінің бақылауында болды. Яғни, белгіленген бағадан қымбатқа сатуға тыйым салынған.
Мәселен, сұранысқа ие сиыр етінің келісі – 1250 теңгеден сатылды. Жылқы етінің келісі – 1550 теңгеден бағаланды. Дәмі тіл үйірер қазының келісі – 1800 теңгеден аспады. Сәл тұрып, саудаласып, 1500 теңгеден алып кеткендерді де көрдік.
Марал СӘКЕНҚЫЗЫ,
Қарағанды қаласының тұрғыны:
Ертең үйге қонақ келмекші. Соғым әлі соя қойған жоқпыз. Бірақ, «соғым сойған жоқ едік» деп, қонаққа картоп қуырып бермейміз ғой. Жәрмеңке жақсы болды. 1300 теңгеден 5 келі жылқы етін, 1500 теңгеге қазы сатып алдым. Қонағымды қысылмай жөнелтемін, бұйыртса.
Бұдан бөлек, жәрмеңкеде картоп, көкөніс өнімдерін сатып алушылар қарасы мол болды. Балқаштың балығы, Жаңаарқаның қымызы бар. Жемістің түр-түрі сөрелерден табылды. Жаз бойы саяжайда жеміс өсіріп, тосап жапқандар да ғимарат ішінен орын алды. Көпшіліктің қолы жете бермейтін тосаптар да арзанға сатылды. Мәселен, әншейінде литрі 1000 теңге тұратын таңқурай тосабының бес литрін 3500 теңгеге алған келіншектердің жүзіндегі қуанышты көрсеңіз…
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, бұл күні 53,1 тонна ет, 4,5 тонна балық, 44 тонна көкөніс, 9,4 тонна сүт өнімдері, 38 тонна картоп, 120 мың тауық жұмыртқасы және 11 тонна өзге де тамақ тауарлары сөреге шығарылды.
Қалалық жәрмеңке жалғасады. 9 және 23 желтоқсан күндері «Сарыарқада» кездесейік.
Нұрқанат ҚАНАФИН
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.