Шет

Ауыл шаруашылығында өсім қандай?

Ауылдағы ағайынның «мал ұстамайды» дегені, «Арқаға қар жаумайды» дегендей ерсілеу естіледі. Бір кездері түлік пұлсыз, тайынша-торпақ құнсыз кетсе, осы күні, бәрі басқаша. Түлік өргізген мен жер емгеннің несібесі молдығына куә жұрт. Оның үстіне, Үкіметіңіздің «мал-жаныңды өсірсең, жағдайыңды жасаймын» деген жайы тағы бар. Ауыл шаруашылығының шегесі босаған арбасын алға жылжытқысы келген шаруагерге мемлекеттің де мейірі түсіп тұрған кез. Әлем ұнтақ сүт ішіп, жасанды жеміс-жидек жей бастағанда, ата кәсіп арқылы-ақ қазақтың әлемді айдағанымен жүргізіп, айтқанымен тұрғызатындай шама-шарқы барын байқап келеміз. Осы орайда аграрлы саланың ауыр жүгін жеңілдету үшін Үкімет жобаларын үкілеп те отыр. Түрлі бағдарламалар арқылы ауыл шаруашылығының тынысын ашқысы келеді. Бұл бағдарлама шарапатын Шет ауданының шаруагерлері де көріп келеді. Жемісін татар күнде алыс емес…

Дәлірек айтқанда, Кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасының аясында ауданда 2021 жылы іске асырылатын екі жоба бар. Оның бірі – Красная Поляна ауылдық округіндегі «Шерубай-Су» ЖШС-нің өндірістік көлемі 20 мың тоннаға арналған картоп қоймасы. Жоба картоп қоймасымен бірге, өлшеу жабдықтары мен өнімді арту-түсіруге арналған желілер құрылысын қамтиды. Құрылыс 2021 жылдың сәуірінде бастау алған. 2023 жылы толықтай пайдалануға беріледі.

Қазіргі кезеңде қойманың іргетасы, қабырғасы қаланды, шатыры жасалды. Биылға межеленген жұмыстардың 30 пайызы атқарылды, – дейді ауданның ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бағлан Арыстанбеков.

Екінші жоба – Батық ауылдық округінде. «Қайрат» шаруа қожалығының 200 сиырға арналған сүт фермасы. Қожалық бұл ферманы салуды осы жылдың мамырында бастапты. Осы күні 120 млн. теңгеге 200 сауын сиырға арналған баз құрылысы салынып жатыр. Баздың шатырын жабу және жабдықтау жұмыстары ғана қалған. Сүт суытатын, сиыр сауатын аппараттар да алынып қойыпты. Ендігі міндет – электр жарығымен қамтамасыз ету. Ол үшін облыстық бюджеттен арнайы қаражат бөлінген. Оны ұтқан мердігер қожалыққа электр жарығын тартуға міндетті. Бұл – жұмыс «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы негізінде жүзеге асады.

Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы арқылы Кәрім Мыңбаев атындағы ауылдық округтегі «Жорға-1» ЖШС-не электр жүйесін тарту көзделіп отыр. Бұл орайда желіні орнататын мердігер де анықталған.

Жоғарыда аталған жобалар ауданның инвест жобалары қатарында. Мұның сыртында ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған өзге де мемлекеттік қолдаулар баршылық. Мәселен, 2021 жылдың 1 тоқсанында 67 ауыл шаруашылығы техникасына 23 млн. 961 мың теңге инвестициялық субсидия төленіпті.

Былтырғы жылы «Еңбек» бағдарламасының несиелендіру бағытында 135 адамға несие берілген. Берілген несие сомасы 595 млн. 150 мың теңге көлемінде. Оның ішінде, 31 жоба жетекшісі 344 бас ірі қара алыпты. 5 жоба ұсақ мал, 29 жоба жылқы өсіруге ден қойған. Биыл он айда 79 адамға 308 млн. теңгеден астам несие берілген.

Сондай-ақ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» 76 шаруа қожалығына, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ – 57, «ҚазАгроқаржы» АҚ – 54 шаруашылыққа қолдау көрсетті. «Сыбаға» бағдарламасы арқылы да мал басын асылдандыруға да халық бет бұрған екен.

Статистикалық көрсеткіштері ауданның ауыл шаруашылығында ешкімнен кем қалмағанын көрсетеді. Айталық, ауданда 161 мың бас мал бар. Өсім былтырмен салыстырғанда 7,5 пайызды көрсеткен. Жаман жетістік емес. Сөйтіп отырып, тоғыз айда 42 млрд.теңгенің өнімін өндірген шаруагерлер. Әлі де өндіре береді. Тек ауыл шаруашылығы әлі де қолдаусыз қалмауы керек ол үшін. Күрмеулі мәселелерінің күрмеуі шешілсе, ауылдардың өзін ғана емес, дүйім елді асырайтын потенциалы жетерлік…

Қызғалдақ АЙТЖАН.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button