Ауыл мектептерінің ахуалы нешік?
Облыстағы 404 мектептің 222-сі ауылдарда. Оларда 34 мыңнан астам бала оқиды. Сондықтан, ауыл мектептерін дамыту аймақ білім беру саласының басым бағыттары қатарында. Облыстың білім басқармасының дерегінше, биыл облыс бойынша 100-ден астам ауыл мектебі жаңғыртылды.
– Желтоқсан айында Бұқар жырау ауданының Новостройка ауылында және Қарқаралы ауданының Талды ауылында апатты жағдайдағы мектептің орнына салынып жатқан жаңа білім ордасы тапсырылуы тиіс. «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша үш мектепке: Бұқар жырау ауданының Гагарин ауылына, Шет ауданының Ақадыр және Бұқар жырау ауданының Шұбаркөл кенттеріне қосымша ғимараттар салынуда, – деді білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова.
Сондай-ақ, Осакаров ауданы, Ақбұлақ ауылындағы мектеп қайта жөнделуде. Басқарма басшысының айтуынша, бұл жөндеу жұмысы жыл соңына дейін аяқталады. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жалпы 1500 орындық 5 мектептің құрылысы басталды. Олар Шет және Бұқар жырау аудандарында бой көтереді.
– Соңғы үш жылда барлығы 126 білім беру нысанында жөндеу жұмыстары жүргізілді, – деді Гүлбақыт Серікжанқызы. – Бұдан басқа, ауылдық жерлердегі 34 мектеп орта білім беру объектілерін жөндеудің үш жылдық жоспарына енгізілген. Онда күрделі жөндеу бар және мектептерді материалдық-техникалық жарақтандырылады. Оның тоғызында жобалық-сметалық құжаттары бар жұмыстар келесі жылы басталады. Қалғанының құжаты әзірленеді.
Барлық ауылдық мектептер интернет желісіне қосылған және оның жылдамдығы талаптарға сай. 106 ауылдық мектепте StarLink спутниктік технологиясы арқылы жылдамдықты арттыру бойынша жұмыс жүргізіліпті.
Гүлбақыт Жүнісова айрықша атаған тағы бір мәселе – ауыл мектептерін заманауи пәндік кабинеттермен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар. Биыл оның айтуынша, 48 жаңа модификация кабинеті 534,1 млн теңгеге сатып алынған. Бұл – физика, химия, биология, STEM, робототехникаға арналған жабдықтар. 2025 жылы тағы 42 кабинет сатып алу жоспарланған.
– «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы шеңберінде «Қазақстан халқына» қоры 2 млрд теңге сомасына облыстың 8 ауылдық мектебін заманауи пәндік кабинеттермен және жиһаздармен жабдықтады. Биыл тағы 3 мектеп жарақтандырылады, – деп атап өтті Гүлбақыт Жүнісова.
Қазіргі уақытта облыста 32 тірек мектебі жұмыс істейді. Олар шалғайдағы мектептердегі балалардың сапалы білім алуына мүмкіндік береді. Тірек мектептері 130 магниттік мектепті біріктіреді. Келесі жылы Абай, Қарқаралы, Шет, Бұқар жырау, Нұра, Осакаров аудандарында 30 магниттік мектепті біріктіретін тағы 6 тірек мектебі ашылмақ.
Бұдан бөлек, ауыл мектептерін жан-жақты дамыту мақсатында бірқатар жобалар да жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, биыл 32 ауылдық мектеп «Еліміздің мақсатты мектептерін дамыту» республикалық жобасына енді. Жоба аясында жобалық кеңсе құрылды және қазіргі уақытта әрбір мақсатты мектепте жеке жұмыс жүргізілуде.
Облыстың 30 ауылдық мектебі «Мың мектеп» республикалық жобасына енді. Жоба аясында мектепішілік бақылау және мектептерді дамыту бағдарламалары қайта қаралып, түзетілді.
«Қала-ауыл» жобасы аясында ауылдық мектептерге әдістемелік және практикалық қолдау көрсетілуде. Оқушылардың ауыл шаруашылығы мамандықтарына қызығушылығын арттыру үшін 65 мектепте «Ауыл шаруашылығына қадам» агрокласс жобасы іске асырылуда. Бұл жобаға облыстың барлық аудандарының мектептері қатысады. Өткен оқу жылында 25 мектеп болса, биыл 45-ке жетті.
– Үшінші жыл оқушыларды ҰБТ-ға тегін дайындау мақсатында «Репетитор» жобасы іске асырылуда. Жобаның бастамашысы – «Самғау академиясы» жеке даму орталығы. Былтыр академия 5500 түлекті оқытты, оның 1539-ы грант иегері атанған болатын. Жоба аясында биылғы оқу жылында ауылдық мектептердің түлектері мен әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан 5 мың оқушыны ҰБТ-ға даярлайтын болады. Әрбір оқушыға белгілі бір тәрбиешілер бекітіліп, жеке жұмыс жүргізіледі. Оқыту онлайн өтеді, – деп түсіндірді Гүлбақыт Жүнісова.
Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша облысымыздың 133 «Алтын белгі» иегерлерінің 44-і – ауылдық мектеп түлектері. Үздік аттестатты 127 түлек немесе 31% алған.
Облыс әкімі Ермағанбет Қабдулаұлы ауыл мектептерінің кадрмен қамтылу мәселесін көтерді. Осы ретте биылғы оқу жылында ауылдық елдімекендерге «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша 51 маман келгенін айта кету керек. Ақтоғай ауданына – 13, Бұқар жырау ауданына – 6, Қарқаралы ауданына – 2, Осакаров ауданына 3 және Шет ауданына 17 маман барды. Жалпы, осы бағдарлама аясында 3 682 маман ауылдық елдімекендердегі білім беру ұйымдарында жұмыс атқаруда.
– Өткен жылдан бастап «Teach for Qazaqstan» қоғамдық қорымен бірлескен «Мамандыққа бүйірден кіру» жаңа білім беру жобасын іске асыру басталды. Былтыр жобаға арнайы жоғары педагогикалық білімі жоқ 23 адам қатысып, қайта даярлаудан кейін мектепке орналасты. Осы оқу жылында жоба бойынша 9 маман қабылданды, – деді Гүлбақыт Жүнісова.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz