Шет

Ауыл – ұлт бесігі

Қазір «волонтерлік» деп желеулетіп жүрген бастамамыз қазақта ертеден бар екеніне көпшілік тереңдеп мән бермейді. Біздің «асар», мысалы. Қайырымдылықтың ең жарқын үлгісі – осы асар. Шет ауданындағы Қайрақты, Жұмыскер ауылдарында қайырымдылық жасау дәстүрі ертеден қалыптасқан. Ауыл халқы бірінің шаруасына бірі қолғабыс етуге әзір тұрады. Әрине, бұл – аталар салған ізгі жолдың жемісі.

Кеңес уағында «Қызылту», «Қызылтеңдік», «Гүлденсін», «Жастерек» колхоздары бірігіп, «Қызылту» құрылды. Жас мал дәрігері Ләтіп Қойлыбаев басшылыққа тағайындалды. Кейіннен, 1952-1953 жылғы «көкқоян» атанған жұттан соң Айғыржалға – Қауымбек Тұңғышбеков, Айғыржалды көркейткен Әкімбек Жақыпов «Қызылтуға» келді. Ол мінезі қаталдау, бірақ, еңбекқор адамға көмек жасай білетін жан еді. Бір қасиеті кеңсеге ертелетіп, ел тұрғанша шаруашылықты аралап келетін.

Әкімбек марқұмның тұсында ауылда мектеп, жаңа үйлер салынып, жан-жақтан мұғалімдер келді. Математика пәнінен Рысқұл Жақанов, Әшірап Ханбатыров, мектеп директоры Құрақбай Ысқақов, фашиске бір аяғын беріп қайтқан Мұса мұғалім қазығын қақты.

Ол уақта ауылда көмір жақпайды. Қи, тезек, көктемде бастырған қамбаны жағатын. Жұмыстан қол босағанда таудан отын жиып, тасып алатын.

Бір күні түнде Тілеутай Смағұлов бастаған жігіттер өздеріне дайындап қойған отынды сүйреп әкеліп, Мұса мұғалімнің есігінің алдына тастайды. Таңертең оны көрген Мұсекең «Шіркін-ай, мынау кімнің отыны болды екен? Бізге де осындай отын керек еді», – депті. Көршісі бұл отынның Мұсекеңе арнайы әкелінгенін айтады. Мұсекең сенбей, Тілеутайды шақыртып алып, анық-қанығына көз жеткізіпті. «Жастардың сізге берген ерулігі», – депті Тілеутай Смағұлов сонда. Мұсекең риза болғаннан батасын берген екен.

Қазір де ауылдастарының қамын ойлаған азаматтарымыз баршылық. Тілеутайлар бастаған қайырымдылық істері Қайрақты, Жұмыскер ауылдарында жалғасын тауып жатыр. Өз шаруашылықтарын дөңгелетіп, өзгелерге көмектесіп жүргендер көп. Солардың бірі – Бауыржан Есімғалиев. Біреудің жөндеуі қиын техникасын үйінің жанына алып барып, жөндеп жатады. Сол сияқты Нұрлан Сайлауұлы, Мұратжан Кәрментайұлы, Сәтбек Кәрімұлы да ауылдастарының кез келген шаруасына қол ұшын беруге асығып тұрады. Қайрақтыда Саяхат Жәмкеев елдің жоғалған малын іздесіп, тауып берсе, Бақытжан Қордабайұлы, Жақан Әбішкенов, Ықылас Қаленұлы, Сапарғали Балтабайұлы, Мұрат Серікбаев, дәнекерлеуші Ержан Юсупов елдің қажетін ашып отыр. Елдің қызық-қуанышына, қайғысына ортақтасып, ұйымдастыру шаруаларының басы-қасында жүретін азаматтар. Мұндай азаматтар тұрғанда ел іргесі бүтін боларына сенімім кәміл.

Адамқұл ТҰРСЫНОВ.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button