АУЫЛ – АЛТЫН БЕСІК
Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ сәуір айында жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын оқыған әрбір қазақстандық өз санасына ой жүгіртіп, маңайына, қоршаған ортасына жаңаша көзбен қараса игі. Мақалада қозғалған мәселелер, қойылған міндеттер аса ауқымды болғандықтан, Президент ұсынып отырған, әрбір ауданға, әрбір елді мекенге қатысты «Туған жер» бағдарламасы төңірегінде сөз етпекпіз.
«Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін» деген ән жолдарында қаншама мән жатыр. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, өзені мен көлі тарихтан қалай сыр шертсе, туған ауылың мен кентіңнің әрбір көшесі мен орамы, үйі мен саябағы сондай сырға толы екеніне кейде мән бермейміз.
Шынында туып-өскен мекеніміздің шежіресін кім жазуы керек? Шет ауданындағы ең көне ауыл 170 жылдық тарихы бар Өспен болса, басқаларына да алды 100, арты 50-60 жыл болды.
Елді мекеннің атауы қайдан алынды, оның ішіндегі көшелер мен алаңдардың, мәдени ошақтар мен оқу орындарының аттары неге байланысты қойылды? Осыны зерделеуге түрткі болған тіл білімінің ономастика саласына қатысты қолға алынған жер-су, елді мекендердің атауларын тәртіпке келтіру жұмысы болды. Ірі елді мекендердің атаулары бірсыдырғы зерттелгенмен ауыл-кентішілік нысандар атауларының қайдан келгенін көп жерде білмейтін болып шықты.
Мысалы, Ақадыр кентінде Күшікбай батыр, Ержан би көшелері бар. Олардың кімдер екенін, халқына не игілік, жақсылық жасағандарын сол көшенің тұрғындары біле ме екен?
Төменгі Қайрақтыда У.Жәнібеков атындағы көше бар. «Ол кім?» деген сұраққа ауыл әкімдігінде отырған маман мүлде басқа адамның, Қазақстанның беріде өмір сүрген мемлекет қайраткері, ұлт мүддесі үшін аса зор еңбек сіңірген тұлға Өзбекәлі Жәнібековтің өмірбаянын жазып беріпті.
Анығында көшеге аты берілген Угар Жәнібеков сол елдің тумасы, даңқты революционер, Орталық Қазақстанда Совет өкіметін орнатушы адамдардың бірі.
Угар атамыздың аты, оның асқан қаталдығы мен беттілігі халық арасында аңыз болып тараған. Содан болса керек, қазақша есімі – Мұқатай ұмытылып, партиялық бүркеншік атпен Угар аталып кеткен.
Ал, Күшікбай батыр Мырзамбетұлы енең тоқасының XVII ғасырдағы айтулы ру басшысы, жоңғарлармен болған шайқастарда қол басқарып, елін-жерін қорғаған ер, тарақты Байғозы батырдың тұстасы екен. Елін дінге мойын бұрғызған, сол үшін Түркістаннан Айна, Зейне қожаларды алдырып, мешіт салдырып, бала оқытуға мұрындық болған кісі.
Ержан би Бәрменбет баласы – енең тоқасының Жантүгел тармағынан шыққан айтулы тұлға. Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен мәмілегер дәрежесіне жеткен. Әділ билігімен, әдемі ойымен халық арасында зор абыройға бөленген, ел есінде қалған. Би айтты деген сөздер көптеп сақталған.
Көктіңкөлі ауылының атауы жанындағы осы аттас көлге байланысты қойылғаны белгілі. Ал, көлдің аты туралы әртүрлі жорамал бар.
Бозбала шағымызда сол кезде 70-80 жастағы әжелеріміз «Көлдің аты сол көлді иемденген Көк деген кісінің атымен аталып кеткен, – деп отыратын. – Жарықтық Көктіңкөлі, суы мол, балығы көп болып, ашаршылық жылдары талай адамның жанын сақтап қалды ғой».
Көктіңкөлі округіндегі Әлихан атты ауыл атының қайдан шыққанын білетіндер де некен- саяқ.
Әлихан Алшынбекұлы, руы тоқа, досқана, 1887-1936 жылдары өмір сүрген, 1915 жылдан Өспен кенішінің забойщигі, көзі ашық, сауатты, мейлінше жігерлі адам болыпты.
Октябрь төңкерісінің салдарынан кеніш жабылғанша істеген ол кіндік қаны тамған туған жеріне келіп алғашқы мойынсерік құрады. Ауылдастарын егін өсіруге, отырықшы мал шаруашылығымен шұғылдануға баулып, ашаршылық жылдары аштан өлмеуіне, ел қатарына қосылып кетуіне көп септігін тигізеді. Атпал азаматтың осы қайратына ырза болған жерлестері сол жерді Әлихан деп атауға ұйғарады. Елді мекен бүгінде Әлихан деп аталады, тірлігі берекелі, ынтымағы жарасқан ауыл.
Әлиханның Әңгелбай атты 1916 жылы туған ұлы кейін тамаша қайраткер болып ержетіп, Ұлы Отан соғысына қатысып, Қарағанды облысының өркендеп дамуына зор үлес қосады. Оның іскерлігі, қабілеті Теміртауда Қазақ металлургия комбинатын салғанда нағыз қырынан көрінеді.
Өмір бойы ізденуден жалықпай техникалық білімін көтерген Ә.Әлиханов облыстық партия комитетінің өнеркәсіп жөніндегі хатшысы болып қызмет істейді. Кейін Екібастұз көмір бассейнін игеруге атсалысады. Әлихандай халық қамқоры болған әкеден туған Әңгелбай қызмет бабында жүріп ауруға ұшырап, небәрі 51 жасында дүниеден озады. Аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерінің есімі Қарағандыда үлкен бір көшеге берілген.
Әкелі-балалы қайраткерлер туралы тәптіштеп жазуға түрткі болып отырған жағдай тағы да сауатсыз, дүбара, өмірі кітап, газет оқымайтын, ізденбейтін мамандардың қайтарған жауабынан туындап отыр. Әлиханды сұраса, Әлиханов туралы жазып беріпті.
Көше неге «Желтоқсан» аталғанын білмейтіндер де бар. Бұған не дерсіз?
Елбасының бастамасымен қолға алынып жатқан «Туған жер» бағдарламасының аясында бәрімізге ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізу міндет.
Бұл – мектеп партасынан басталып, көнекөз қарттардың естелігімен жалғасатын жұмыс.
Неге біздерге өз ауылымыздың тарихын баспасөзге жазып, кездесулерде айтып отырмасқа? Көшелерге аттары берілген айтулы тұлғалардың бәріне ескерткіш орнатпасақ та, өмірбаянын суретімен қоса жол бойына іліп қоюға болады ғой.
Орта мектептердің базасында қоғамдық негізде өлкетану музейлерін (бұрыштарын) ашу, барларына назар аударып, демеушілік жасау да осы істің бір парасы болса керек. Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын талқылаған актив жиналысында аудан тарихын мектептерде, факультатив сабақтарда оқыту жөнінде ұсыныс айтылды. Сондай-ақ, балаларды тарихи орындарға экскурсияға алып бару жайы да сөз болды.
Неғылса да бұл саладағы атқарылатын істер ұшан-теңіз әрі аса жауапты. Себебі, бүкіл қоғам болып ауылымыздың, еліміздің патриотын тәрбиелеу міндеті алдымызда тұр.
Ертай ЖӘНІБЕКОВ,
зейнеткер.