Ауылға жаңа жыл не береді?
Биыл ауыл шаруашылығы жаңа деңгейге көтеріледі деген үміт зор. Агроөнеркәсіптік кешен тұрақты өсім көрсетіп, өңірлік деңгейде айтарлықтай нәтижелер бере бастады. Бұл үрдіс әсіресе Қарағанды аймағында айқын байқалады. Өндіріс көлемінің артуы, инвестициялық жобалардың іске қосылуы және өңірде ғылыми-қолданбалы бастамалардың көбеюі ауыл шаруашылығын бұрынғыдан да бәсекеге қабілетті салаға айналдырып отыр.

2026 жылы ауыл шаруашылығын қолдауға бөлінген мемлекеттік қаржы көлемінің едәуір ұлғаюы салаға тың серпін бермек. Қарағанды облысына 38,3 млрд теңге көлемінде субсидия қарастырылса, ел бойынша бұл көрсеткіш 453 млрд теңгеге жетіп отыр. Бұдан бөлек, көктемгі егіс пен орақ науқанына дайындық үшін 140 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие бөлінді.
Мамандардың пікірінше, субсидиялау жүйесінің басты артықшылығы – фермерлерді жаңа техника, сапалы тұқым және заманауи технологияларды пайдалануға ынталандыруы. Бұл өнімнің өзіндік құнын төмендетіп қана қоймай, оның сапасын арттыруға, соның ішінде, экспорттық әлеуетті күшейтуге мүмкіндік береді.

Бүгінде Қарағанды облысында ауыл шаруашылығы саласында 30-дан астам инновациялық жоба жүзеге асырылуда. Олардың қатарында агротехнологиялық хабтар, жаңа үлгідегі элеваторлар, цифрлық мониторинг және жерді қашықтан бақылау жүйелері бар. Мұндай жобалар еңбек өнімділігін арттырып қана қоймай, шығынды азайтып, тәуекелді төмендетуге сеп болады.
Сала мамандарының бағалауынша, сандық технологиялар мен жасанды интеллект элементтерін қолдану өнімділікті 15-18 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл фермерлердің табысын көбейтіп, ауылдағы кәсіпкерліктің тартымдылығын арттырады. Сонымен бірге, жастарды ауыл шаруашылығына тартуға да оң ықпал етеді.
Жалпы алғанда, 2026 жыл Қарағанды облысы мен Қазақстан ауыл шаруашылығы үшін сапалы жаңғыру кезеңі болмақ. Өндіріс көлемінің артуы, мемлекеттік қолдаудың күшеюі, инновациялық технологиялардың енгізілуі және нақты деректерге негізделген саясат агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуына жол ашуда.
Бүгінде ауыл шаруашылығы тек шикізат өндірумен шектелмей, жаңа технологиялар, өңделген өнім және экспортқа бағытталған жобалардың қозғаушы күшіне айналып келеді. Бұл үрдісте Қарағанды өңірінің үлесі артып, елдік агросектордың дамуына сүбелі үлес қоса беретіні анық.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



