«Ауру – астан»

    Қарағанды облысына арнайы ісспармен келген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Бас санитар-дәрігері Жандарбек БЕКШИН «А гепатиті» шыққан мектептерде болып, мәселенің мән-жайына қанықты. Қазіргі таңда аурудың алдын алу мақсатында жұмыстар жүргізіліп, дәрігерлер белсенді түрде анықтау жүргізуде.

Жандарбек Бекшиннің айтуынша, №58 мектептегі «А гепатитінің» антигені үйде дайындалған сусыннан пайда болған. Зертханалық талдау нәтижесі  де осыны көрсеткен. Ал, кейін ауру жұқтырған оқушылармен болған қарым-қатынас салдарынан, аурудың асқынуы орын алған.

Қазір облыс бойынша барлығы 51 науқас стационарлық ем алып жатса, оның 34-і – оқушылар.

– Әр бес жыл сайын аурудың кезеңдік өсуі байқалады. Сол үшін алдын алу шараларын өткізу маңызды. Бүгінгі таңда «А гепатиті» шыққан Қарағанды қаласындағы №58 мектепте, Шахтинск және Теміртау қалаларындағы мектептерде алдын алу шаралары жүргізілді. Біріншіден – ауру жұқтырған оқушылармен қарым-қатынаста болғандар бақылауға алынды. Ауруды белсенді түрде анықтау жүргізілуде. Яғни, ауру белгілері білініп, жағдайы нашарлағанға дейін жеткізбей, ерте кезден белгілеу нәтижесінде 25 адам медициналық талдамадан өткізіліп, емдеу үшін оқшауланды. Екіншіден – ауру анықталған мектептерде толық медициналық бақылау жұмыстары жүргізілуде, – дейді Жандарбек Бекшин.

№58 мектепте өңірлік №2 емхана бірінші және екінші ауысымда оқитын оқушыларды қадағалау үшін күн сайын 4 медбике бөлген. Медициналық персоналдар күнделікті тексеріп, оқушылардың жағдайын қадағалайды.

Сонымен қатар, ауру қоздыр­ғыштары шыққан мектептердің барлығына залалсыздандыру жұмыстары жүргізілген. Санитарлық ереже бо­йынша егер 1 ғана адамнан ауру қоздырғышы табылса, сынып, ал үшеу­ден артық болса  – бүкіл мектеп залалсыздануы тиіс. Үстіміздегі жылдың 16 қаңтарында бірнеше жағдай орын алған №58 мектеп толық санитарлық тазалаудан өтіп, арнайы режим белгіленген.

Ұлттық күнтізбе бойынша Қара­ғанды облысында 2008 жылдан бері сары ауруға қарсы вакцина егіле бастаған екен. Дәрігерлердің айтуынша, «А гепатитін» жұқтырғандардың көпшілігі – 6 және 10 сынып оқушылары арасында. Яғни, бұрын вакцина алмағандар.

Қазір «А гепатитінің» қоздырғышы шыққан №58 мектеп үшін арнайы 700 доза бөлініп, оқушыларға егу жұ­мыстары ақысыз түрде жүргізілуде. Бас санитар-дәрігер қоймада әлі де 7 мыңға тарта вакцина бар дейді. Ақпан айында тағы 60 мың әкелінеді деп күтілуде. Айта кету керек, вакцина «А гепатитін» жұқтырған оқушылармен қатынаста болғандарға ғана салынады. Егу жүргізілгеннен кейін екі аптадан соң ағзада иммунитет  қалыптасады.

Қарағанды облысы бойынша Қо­ғамдық денсаулықты қорғау департаментінің басшысы Қайрат Баймұхамбетовтің айтуынша «А гепатитінің» антигендері қызылша мен шомырдан (редька) табылған. Осыған орай «Шығыс» базарындағы жемістер, көкөністер тексеріліп, нәтижесінде шара қолданылатын болады. Сонымен қатар, жеке гигиенаны сақтау қажет. Жемістерді әбден қайнаған ыстық сумен шаю керек.

«Қалалық алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығы» ЖШС директоры Татьяна Баширова аурудың бастапқы кезеңінде халық­аралық стандарттағы биохимиялық талдағыштар арқылы бірнеше сағаттың ішінде анықтауға мүмкіндік бар дейді.

Қазір №58 мектеп оқушылары толық егуден өтуде. Екпе нәтижесінде 10-15 жылға дейін сарыауруға иммунитет қалыптасады екен.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.