Қауіпсіз қоғам – бақытты болашақ
Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетімен бірлесіп, «Қазақстан Республикасының Конституциясы – азаматтық қоғам мен мемлекеттілік тұрақтылығының құқықтық негізі» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Жиынға мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ғалымдар, магистранттар, студенттер қатысты.
Айтулы шара ашық әрі еркін форматта өтті. Алғашқы бөлімінде еліміздің түпкір-түпкірінен және іргелес елдерден келген ғалымдар баяндама жасап, соңы еркін дискуссияға ұласты. Аймағымыздың заң саласындағы белсенділігі тілге тиек етіліп, «Неке және отбасы» туралы Заңын қайта қарауға ұсынған қарағандылық жетекші мамандардың кәсібилігі айрықша атап өтілді.
Конференцияға қатысушылар өздерін мазалаған сұрақтарға толыққанды жауап алды. Мәселен, «Егер азаматтың конституциялық құқығы сақталмаса, Конституциялық Кеңеске шағым түсіре ала ма?» – деген сауалға спикерлер «Егер азаматтың конституциялық құқығы сақталмаса, Конституциялық Кеңеске шағым түсіруге құқылы» деп жауап берсе, «Қолданыстағы Ата Заңымыздың жаңа нұсқасын әзірлейтін уақыт жеткен жоқ па?» – деген сауалға «Конституциямызға 2017 жылы өзгертулер енгізілді. Сондықтан да, Ата Заң өз азаматтарын құқықтық нормалармен қамтамасыз етуге әлі де қауқарлы» – деген жауап берілді.
Білікті мамандардың айтуынша, жуырда Мемлекет басшысы өз Жолдауында атап өткендей «Халықты тыңдайтын мемлекет құруымыз керек», демек, еліміздегі жүргізіліп отырған саясаттың басты мақсаты – қуатты мемлекет құру.
«Әлеуметтік толық қамтамасыз етілген мемлекеттің негізі Конституцияда көрсетілген құқықтардың, бостандықтардың жүзеге асырылуы. Оны қамтамасыз ететін мемлекеттік органдар, оның ішінде, әрине, құқық қорғау мекемелері. Сондықтан, құқық қорғау мекемелерін халықпен жақындату керек. Құқықтық мемлекет құрудың бірден-бір жолы полицияның қырағылығын талап етеді. Әрбір азамат өзінің қауіпсіз қоғамда өмір сүріп жатқанын сезінуі тиіс. Президент Жолдауында сапалы, білім беру, отбасы институтын қолдау, инклюзивті қоғам құру, медициналық тегін көмек көрсету мәселелері көтерілді. Мұның бәрі Ата Заңымызда көрсетілген. Осы нормалардың әр азаматқа қолжетімді болуын қамтамасыз етуге міндеттіміз» – дейді олар.
–26 тамызда ел аумағында жарияланған Конституция апталығы аяқталуға жақын. Конституция – мемлекет пен адамдар арасындағы жария шарт. Оны дәріптеп, халыққа түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізудеміз. Апталық аясында Президенттің Жолдауы жарияланды. Конференцияның мақсаты – ел азаматтарының конституциялық құқықтары мен бостандықтарының қамтамасыз етілуін қадағалау, Жолдаудың маңыздылығына тоқталу, – дейді ҚР Конституциялық Кеңесінің мүшесі, заң ғылымдарының докторы Унзина Шапақ.
Конференцияда Президент Жолдауының негізгі бағыттары, оның ішінде берік мемлекеттік-құқықтық құрылымдарды бекіткен және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беретін, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауды күшейтудің негізгі факторы болуы тиіс сот және құқық қорғау жүйелерін реформалау мәселелері талқыланды.
Қатысушыларға сертификаттар табысталды. Үш тілде өрбіген жиынның қорытындысы бойынша конференция құжаттарының жинағын шығару жоспарлануда.
Жәлел ШАЛҚАР.