Шет

Қауіп жоқ, жағдай тұрақты

Әлеуметтік желіде «Шет ауданына қарасты бірқатар елді мекен малдарынан жұқпалы ауру шықты» деген жазба тарап, «белгісіз аурудан мал қырылып жатыр» деген алыпқашпа ақпарат халықты дүрліктіріп, үрейін алды. Елді алаңдатып отырған мәселенің мән-жайына біз де үңіліп, ақпараттың нақтылығын анықтаған едік.

– Бұл жұқпалы ауру көрші Ресей елінен әкелінген малдардан таралып отыр. Бұл вирус бұрын-соңды Қазақстанда болмаған. Аталмыш ауру ірі қара және қой малдарына жұғатын көрінеді. Күнкөрісі қолындағы азын-аулақ малына қараған ағайынның алаңдайтын жөні бар. Ауруды анықтап, алдын алу шараларын жүргізіп жатырмыз, – дейді аудандық ветеринариялық станция директоры Ж.Түсіпов.

Мамандардың айтуынша, әзірге, мал шығыны жоқ. Алайда, уақытылы емдеу жұмыстары қолға алынбаса, мал шығынына әкеліп соғуы мүмкін. Ауырған малға облыстан 11 615 вакцина жеткізіліп, аталған елді мекендерге арнайы мамандар барып, егу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, мамандар малдан ауыру белгісі байқалған кезде өзге малдардан оқшаулап, жылы жерде ұстап, жылы сумен суарып, жұмсақ шөп беріп, тұзды суға марганцовка қосып немесе спреймен аузын шайып отыру керек екенін айтады.

– Кейбір адамдар қымбат дәрілер алып, өз бетінше емдеп жатыр. Алайда, ол еш нәтиже бермейді. Сондықтан, арнайы протоколмен белгіленген дәрілермен емдеген дұрыс, – дейді ветеринарлар.

Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Шет ауданы аумағы бойынша инспекция басшысы Д.Әшкербеков ауру адамға жұғатынын мәлімдеді.

– Бұл кесел адамға да қауіпті. Сондықтан, бірреттік арнайы қолғап киіп, сақ болу керек, – дейді.

Індет шыққан елді мекендерге аудан орталығынан мал дәрігерлерінен құралған арнайы бригада шығып, егу жұмыстарын жүргізіп, қазіргі таңда жағдай тұрақталған.

Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button