Қарқаралы

Аудан дамуында оң өзгерістер

Жуырда аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысын баяндаған Қарқаралы ауданының әкімі Халел МАҚСҰТОВ биылғы жылдың 9 айында мемлекеттік бюджетке жалпы 1155,0 млн. теңге түсіп, жоспар 111,7%- ға орындалғанын мәлімдеді. Аудан әкімінің айтуынша, өндіріс орындарын ашу мақсатында инвестициялық жобаларды орналастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

– Осы жылы ауданда өнеркәсіп өнімі көлемінің жоспары – 173,6% орындалды. Өнеркәсіп өнімі көлемінің орындалысы негізінен аудандағы тау кен өнеркәсібі саласындағы ірі кәсіпорындардың өндірістік көрсеткіштерінің артық орындалуына байланысты болып отыр. Аудандағы ірі кәсіпорындарда 2 мыңға жуық адам жұмыс жасайды. Бүгінгі күнге қысқарту орын алған жоқ, еңбекақылары уақытында төленуде, – деді Қарқаралы ауданының әкімі Халел Мақсұтов.

Спикердің айтуынша, ауыл шаруашылығы саласы бойынша өндірілген өнім көлемі 108,8%. Ал, егістік 82,8% орылған. 35,1 мың тонна астық бастырылған. Орташа түсім 9 центнер көлемінде. Сондай-ақ, ауданда әр елді мекендерде шағын жылыжайлар салу қолға алынуда. Қарағайлы кентіндегі жеке кәсіпкер Жандос Қонысбеков 200 шаршы метр жылыжайдан бүгінгі күнге 5,0 тонна өнім алған. Сонымен қатар, Көктас ауылындағы №4 мектебінде жылыжай жұмысы жақсы жолға қойылып, биыл 0,5 тоннадан аса өнім жиған. Бұған қоса, ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту 8 айда 106,2%-ға орындалған. Бүгінде «Сыбаға» бағдарламасымен 7 шаруашылық құрылымдары шет елден 476 ірі қара сатып алуға 246,3 млн. теңгеге «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ және «Қарқаралы» несие серіктестігі арқылы сұраныс беріп, қаражаттары шешілген. Шаруашылық басшылары «АгроЭкспорт ЛТД» ЖШС-мен және көршілес Ресей Федерациясының Новосибирск, Алтай өңірлеріндегі асыл тұқымды ірі қара өсіруші шаруашылықтарымен келіссөздер жүргізуде. Жалпы аудан бойынша жыл соңына дейін «Сыбаға» бағдарламасы аясында барлығы 1250 ірі қара алу жоспарын орындамақшы.

– Экспортқа 8 айдағы жоспар 78 тонна болса, біз 124,3 тонна ет тапсырдық. Жылдық жоспар – 142 тонна, орындалысы – 87,5%. Бұны біз жыл соңына дейін толығымен орындаймыз. Жер учаскелерін конкурстар арқылы шаруа қожалықтарына беру жұмыстары жалғасып жатыр. Жер учаскелерін конкурстар арқылы шаруа қожалықтарына беру жоспарын 167% орындадық. Барлығы 48 жер учаскесі берілді. Жаңадан 23 шаруа қожалығы ашылды. Жалпы аудан бойынша 771 шаруа қожалығы бар, – деді Халел Мақсұтов.

Спикердің сөзінше, ауданның туристік мүмкіншіліктерін арттыру мақсатында кәсіпкерлік саланы дамытуға қолдау көрсетілген. Мақсат – аймақтың тамаша табиғатын, әсем жерлерін халыққа насихаттау, ішкі туризмді дамыту.

– Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 57- ші қадамына сәйкес, ауданда туризм саласының дамуына үлкен көңіл бөлінуде. Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғат паркінің аумағында туризмді дамыту мақсатында арнайы жерлер белгіленіп, бүгінгі күнге ниет білдірушілерге 22 жер учаскесі тапсырылып, жаңа нысандар ашылды. Жалпы алғанда бүгінгі күнге ауданда 2,5 мыңнан астам адамды қабылдауға қабілеті бар 27 демалыс орындары мен қонақ үйлері қызмет көрсетеді. Оның 8-і кейінгі 5 жылдың ішінде ашылған. Бұл нысандарда 200-ге жуық адам жұмыс жасайды. Аталмыш нысанның екеуі биылғы жылы іске қосылып отыр. Туризм – табыс көзі. Оның ілімін білген адам экономикамызға да өз үлесін қоса алады. Ал, кәсіп ашамын деген азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау бар, – дейді Халел Мақсұтов

Баспасөз мәслихаты барысында аудан әкімі алдағы уақытта инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытындағы жұмыста өрлеу барлығын атап өтті. Ауданның әлеуметтікэкономикалық дамуы үшін ғана емес, жалпы республика үшін маңызы бар ірі жобаларды жүзеге асыруға бағытталған жоспарларымен бөлісті.

Бұдан бөлек, Елбасының әлеуметтік саланы жаңғыртуға бағытталған тапсырмаларының орындалысына тоқталды. Осы орайда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халықты баспанамен қамтамасыз ету тапсырмасын орындауда, «7 – 20 – 25» бағдарламасы аясында «Тұрғын үй жинақ» банкімен келіссөздер жүргізуде. Қазір ауданда пәтер кезегінде тұрған 500-ден астам адам бар. Келешекте аудан орталығында 3 қабатты 4 тұрғын үйге қажетті инженерліккоммуникациялық инфрақұрылым құрылысының жұмыстары жасалатын болады.

Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button