Ауқатты ел алға жылжиды
Әр мемлекет азықтүлік қуіпсіздігіне бек алаңдайды. Ел өзінің ішкі нарығында халқын кемі 70 пайыз отандық өнімімен тоқ қылмаса, оның келешегіне қауіп деген зерттеулер бар. Сол себепті азықтүлік нарығында салмақтың үлкені ауыл шаруашылығында екені шүбәсіз. Мұны Президент те әр Жолдауында қадап айтып, түйткілдерді тарқататын тетіктерді көзге шұқып көрсетіп беріп отыр. Бұл бағытта құзырлы орындарға да тапсырмалар жүктелді. Жылдар бойғы мемлекеттік түрлі қолдаулардың нәтижесін күтеді Президент. Ал, ауыл шаруашылығының қазіргі жағдайы қалай? Президент айтқан тапсырмалар тиянақты орындалуы үшін жасалуы тиіс қадамдар қандай? Бұл жөнінде ғалымдардың өзіндік ой-пікірлері де жоқ емес. Біз ветеринария ғылымдарының кандидаты, PhD докторы Шүкірбай Төкеевпен сұхбаттасқан едік…

– Қазіргі таңда урбанизация жедел жүріп жатыр десек те, экономиканың ортаң қолдай саласы – агрокешен. Оның жалпы ел экономикасындағы орнын ежіктеп жатудың өзі ұят. Нарықты былай қойғанда азықтүлік қауіпсіздігі саясаты тағы бар. Демек, ауыл шаруашылығының дамуы тек ауылдың ғана проблемасы емес. Мемлекеттік, тіпті, ұлттық негіздегі мәселе. Мұны Президент әр Жолдауында атап, нақты міндеттерді белгілеп береді. Бүгінде елдегі ауыл шаруашылығы қалай тыныстап тұр? Әңгіменің әлқиссасын осыдан бастасақ…
– Президент Жолдауларында ауыл жағдайы мен агрокешен мәселелеріне басты маңыз беруі жайдан-жай емес. Бұл – ауыл шаруашылығының тек экономика көрсеткіштері үшін ғана емес, халқымызды сапалы азықтүлікпен қамтамасыз етудің қайнар көзі екендігін нақтылау. Оның үстіне, халықтың жартысына жуығы ауылдық жерде. «Ауылды өркендетпесек, оларды қайда апарамыз? Орналастыруға жұмыс орындары бар ма, дайынбыз ба? Бұны ойлаған кім бар?» деген сұрақтар мазалайтыны анық Президентті.
Негізінде, урбанизация үдерісінің оң және теріс себептері бар. Соның жақсылығына қол жеткізсек, халық ауыл мен қаланың арасында серуендеп жүретін күн туады. Ауылдағы жұмыс өздігінен жүретін болады. Ел Президенті халықтың осындай жағдайға жетуін көздейді.
Сіздің көтеріп отырған мәселеге терең үңіліп қарасақ… Барлық жер бетіндегі жетістіктерді, даму мен жаһандық жарқын беттерді жасаған және жасайтын адам. Олар, әрине, заманына қарай әртүрлі деңгейде. Ал, сол адамдарға қашанда ең бірінші қажеттілік ас екендігі айқын шындық. Тіптен, алғашқы адамдар тек тамағын тауып жеу үшін ғана еңбектенген. Халқы тоқ мемлекеттерде ғана даму, өрлеу болмақ, теңдессіз жаңалықтар ашылып таңғажайып өмір деңгейіне жетеді.
Сондықтан да, мемлекеттің даму деңгейінің бір көрсеткіші – халқының ет тұтыну мөлшері. Бұл тегін емес. Қазақстан агрокешені бірталай жолдан өтті, тіршілігі қалыптасқан межеге де жетті деп айтуға да негіз бар.
Дегенмен, кейінгі кезде байқалған кейбір үдерістерге шұғыл назар аударуға тура келеді. Мысалға, қазір қарасаңыз, көптеген шаруашылықтар сатылымға қойылуда. Оның ішінде шаруасы дөңгеленген шаруалар да бар. Алайда, «неге солай?» деген сұрақты зерттеп, іздеп жатқан ешкімді көрмедік.
Бұл мәселені Сіздің баспасөз арқылы мемлекет органдарының, шаруалардың назарына салып, себебін анықтап, көмек қолдау шараларын ұсыну қажет деп ойлаймын.
– Жалпы, ауыл шаруашылығы үшін мемлекеттік қолдау жоқ деуге әсте келмейді. Қаржы құйылып жатыр. Сондықтан да, Президент агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беруге көшуді міндет етіп қойды. Агрокешен үшін арзан несие ол қандай несие болуы тиіс?
– Даму, өркендеу, өсу жолдарын дұрыс табу – экономикалық сауаттылық деңгейіне байланысты дер едім. Біз, жасырары жоқ, алға жылжимыз да, қайтадан кері шегінеміз. Мысалға, агрокешенде мал шаруашылығы бойынша бірнеше өзгерістер жыл сайын немесе министрлер ауысқан сайын міндетті түрде орын алады. Ол көп жағдайда фермерлерге күтпеген соққы. Мұндай шұғыл өзгерістер бизнеске тұсау салып, қапелдемеде қандай қарекет қыларын анықтай алмай, қайсыбірінің жабылуына әкеліп соғады. Жаңа басшылар жұмысын көрсеткісі келе ме, кім білген?! Әйтеуір, оның тауар өндірушілерге түсетін салмағын ескерместен, зерттеместен жаңа бір іске кірісіп кетеді. Сөйтіп, ол бағдарламаларының мықты екенін ақпараттар ағынымен дәлелдеуге тырысады. Оның шаруаға шындығында қалай пайда-зияны ескерусіз қалады. Содан барып, шаруа бір жақта, оған жауапты іргелі ұйымдар екінші жаққа қарап ұлиды.
Айталық, жоғарыда айтқанымыздай, мемлекеттің даму деңгейінің бір көрсеткіші ретінде есептелетін – ет өндіру, етті бағыттағы мал шаруашылығын өркендетуде көптеген жақсы бастамалар, жобалар жүргізілді. Одан біршама деңгейге көтерілдік. Қолдау шаралары ретінде фермерлер энергия көздері, тұрмыстық вагондар, су бастауларымен тегін жасақталды. Жеңілдетілген қаражаттық қолдау берілді. Соның арқасында ет өндіру ілгеріледі. Шаруаларда қызығушылық пайда болып, ет бағытында асыл тұқымды шаруашылықтар қанат жая бастады. Қазір қарасаңыз, осы қолдаулардың барлығы дерлік алынып тасталуда.
Жарайды солай-ақ делік. Десек те, біздің ойымызша бұл арада мәселе жіктеле, сараптала қаралуы керек. Меніңше, мемлекет қамқорлығын көріп, қалыптасып, байып алған шаруалардан алып тастаса да, жаңадан ашылған осы игілік көмекті алмаған фермерлерге қолдау көрсетуді жалғастыру керек. Немесе оларға басқа да көмек көздерін ойластырған жөн. Жаңа фермерлер де көп емес, санаулы. Өйткені, қызығушылық азаюда екенін өмір көрсетіп отыр.
Дегенмен, қазіргі министрлік тарапынан асыл тұқымды мал өсіруші шаруаларға қолайлы батыл қадамдар да жасалды. Кейінгі жылдары бордақылау алаңдары арқылы бұқалардың жалға берілуінің тоқтатылуы еттік бағыттағы аталық малдардың жаппай сатылуына, сол арқылы фермерлердің жағдайын жақсартуына жол ашты.
Осындай қадамдармен қатар кейде теріс шешімдер де қабылдап жіберетін кездер бар. Мәселен, сол асыл тұқымды шаруашылықтарда бұқаларға санаттарын беру мәселесі. Мұнда шаруашылық жүргізу талаптарын күшейту арқылы бірінші категория бола тұра, оны бекіте алмауын биологияның заңдылықтарына қарсы шығу деп білер едік.
Қалай айтсақ та, егінші, не асыл тұқымды мал өсірушілер, я бордақылау алаңдары болсын, бәрі де ел игілігі және табыс табу үшін еңбектенуде. Оларға қатысты мемлекет органдары әрдайым ойланып шешім қабылдаса, қателіктерге аз ұрынар еді. Осы мәселеге бетбұрыс қажет. Жасалған өзгерістер фермерлерге қалай әсер ететінін зерделеу керек. Ол үшін жекелеген өңірлерде сынақтан өткізіп, тиімділігіне толық көз жеткеннен соң ғана бүкіл еліміздің шаруашылықтарына енгізген дұрыс.
Енді арзан несиеге келсек, ол 1-2 пайыздан аспауы керек. Қазіргі кезде 6 пайыздық несиені жабуға қиналып жүрген тауар өндірушілер жеткілікті. Бар тапқан-таянғандары несие жабуға кетеді де, өркендеуге ештеңе қалмайды.
Банктер немесе несиелік ұйымдар үкімет жауып беретін пайыздық мөлшерлемені қанағат тұтып, осы 1-2 пайыздық мөлшерлемеге өзара таласа фермерлерді іздеп, өздерінің пайда табу мөлшерін, ауыл шаруашылығы және азықтүлік қауіпсіздігі үшін, азайтуға бел буса, еліміздің өркендеуіне жанашырлықпен үлес қосар еді.
– Ауыл шаруашылығындағы өнімнің жаңылмасақ, 80 пайызын жеке қосалқы шаруашылықтар береді. Бірақ, олар мемлекет бөлген май шелпектен әлі де қағылып қалып отырғаны да шын. Бұл орайда Мемлекет басшысы жеке заң қабылдау қажеттігін де тапсырған. Жалпы, сіз осы мәселенің күрмеуін шешу үшін не ұсыныс айтар едіңіз?
– Ауылда қосалқы шаруашылық ұстап, өмір сүріп жатқан ағайындар көп. Еліміз халқының жартысына жуығы ауылдық жерде тұрып жатқанын ескерсек, олардың барлығы дерлік әртүрлі деңгейде қосалқы шаруашылық ұстайды.
Біреулері ішіп жеу, отбасы, бала-шағаларының қажеттіліктерін өтесе, кей отбасылар үшін негізгі табыс көзі.
Өнімнің негізгі бөлігін солар беріп жатыр деп ауыз толтырып айтамыз. Түбіріне көз жүгіртсек, экономиканы өркендету үшін емес, олар өздерінде басқа табыс көзі жоқтықтан ерікті-еріксіз түрде ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосуда. Демек, осындай еңбекқор адамдарға қолдау қажет. Әйтпесе олардың тауы шағылып, төзімдері таусылуы мүмкін. Шаруашылығын тастап, қаладан жұмыс іздеп кете береді.
Ұсынысқа келсек, ауылдық жерлерде өндіріс шағын өңдеу орындарын, сүт, ет өңдеу орындарын ашуға бағдарлама қабылданса жөн. Ауылды өркендетуде үкіметте ұстанымдар бар. Олар айталық, елдімекендерді ауыз сумен, газбен, т.б. қамтамасыз ету. Міне, осындай бағдарламаны шағын өңдеу кәсіпорнын салумен біріктірсе, дұрыс деген ойдамын.
Жұмсалған мемлекет қаржысының қайтарымы болуы керек. Ол үшін сол елдімекендердің ресурстары әбден зерттелуі тиіс. Олар энергетикалық инфрақұрылымды тартқан соң қандай кәсіпорын, өнеркәсіп ашуы мүмкіндігі де зерделенуі қажет. Алдағы уақытта бұл ауылдан халық көшпей ме?» деген сауал да жауапты талап етеді. Содан кейін барып, жоспарланып, зерттеу қорытындысымен саты-сатымен біртіндеп жүргізілсе жөн.
Бізде елдімекен мәртебесі бар барлығына бірден су, т.б. коммуникация тартылады. Зерттеліп жұмыс жүргізілгенде осы қаржының бір бөлігін кәсіпорын ашуға ниеттілерді тауып, соларға қолдау маңызды. Сонда олардан бюджетке қаржы түсе бастайды.
– Шындықтың жүзіне тура қарайық. Қазіргі буын ұрпақ үшін ауыл шаруашылығы қызық емес. Сондықтан да, онда маман жоқ. Содан да агрокешеннің бар саласы ақсақтың күнін кешіп келеді. Малдың өнімінде де, өсімдік шаруашылығында да сапа кемшін. Осы орайда Президент ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруді үйрететіні орталық ашу қажеттігін атады. Бұл қаншалықты тиімді болмақ?
– Қызғалдақ, шындықтың жүзіне тура қарасақ, ауыл шаруашылығы жастарға ғана емес, қалыптасқан шаруашылықтарға да қызық болмай бара жатыр. Бұл үдеріс кейінгі жылдары тіпті, белең алуда. Басты себебінің бірі – ауыл шаруашылығының қайтарымы төмендігінде. Яғни, жем-шөп өндіру, тыңайтқыш пен техникалар қымбаттауда. Ата-баба аманат еткен жерде еңбек етуге бел буып, тәуекелге баратын адамдар санаулы. Шұғылданғысы келген адамдар жоғарыда айтылған және басқа да себептерге байланысты кәсіп болашағына анық көзі жетпейді.
Орталық ашқан дұрыс шығар. Біздің тәжірибелі фермерлер өнімді қалай сапалы өсіруді біледі. Десек те, кей жағдайларда агротехнологияны толық сақтауға қолбайлау – қаржы. Сондықтан, үйрету орталықтарында жастарды оқытып, олардың қызығушылығын оятатындай тетіктер ойластырылса, құба-құп.
Аға ұрпақ кеткеннен кейін олардың орындарын басатын жастарды дайындау қажеттілігі күн тәртібінде тұруы тиіс. Ол үшін жастар психологиясына тереңірек үңілу керек.
– Ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге, сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құрудың маңыздылығын да атады Президент. Бұған келгенде жасырары жоқ, еліміз ұятты. Бұл тапсырма жіптіктей орындалуы үшін дәл қазір қандай қам-қарекет қажет?
– Шынында, осы жұмысты дұрыс жолға қою – көптеген мәселелерді шешіп, халықтың шаруасына қызығушылығын арттыратын, халықты ауыл шаруашылығына бетбұруға ықпал ететін бірден-бір жол болар еді. Жоғарыда айтқанымыздай, ауыл инфрақұрылымын су, газ, жол тарту жұмыстарымен бірге өз өнімдерін өңдеуге, сатуға арналған объектілерді салу проблемасы өзекті. Бұл арада ауыл тұрғындарының жас ерекшеліктері, еңбекке ынталы жастардың құлшынысын зерттеу назардан тыс қалмағаны абзал. Содан кейін барып, әрбір елдімекенге біртіндеп жүргізген қайырлы.
– Бүгінге дейін өркениеттің белгісі түгілі жарығы жоқ жартылай аш, жартылай жалаңаш қыстақтар елімізде жетіп артылады. Екінің бірі, егіздің сыңары сол кепте. Ауыл шаруашылығының өркені үлкен боп өсуі үшін бүгінгіден бөлек, қолданыстағыдан тың басқа да амал-тәсіл бар ма?
– Мал бағу осыдан бірнеше ғасыр қандай болса, қазір еш айырмашылығы жоқ, дәл сондай. Қыстықтар да қиындықтарды тек өздері көтеруде. Алға жүргісі келетін адамдар да бар, әйтсе де, мал өсіруден ат тонын ала қашатын ұрпақтың заманы келіп тұр.
Қыстақтар туралы ойлап жатқан ешкімді көре алмай жүрміз. Қыстақтар туралы өзіңнің сұрағың бұқаралық ақпарат құралдарында бірінші қойылып отырған шығар.
– Сіз ғалым ретінде, осы салада жүрген білікті маман ретінде ауыл шаруашылығының келешегін көзіңізге елестете аласыз ба? Ол келешектің көкжиегіне көз жете ме?
– Қалай болғанда да, ауыл шаруашылығын эксперимент алаңына айналдыра беру ұшпақа шығармайды. Мемлекеттік қолдауда алға қадам басып, содан соң қайтадан кері шегінуді тоқтатсақ, көкжиекке көз жете бастайтын шығар.
– «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді». Бір кездері бірқатар шаруашылықтар кооперативке дүрліге бірігіп, басы таудай, соңы қылдай болғандай. Кооперативтен ұтқанымыз бен ұтылғанымыз не?
– Бұл сұрақ жаңағы қыстақтар туралы мәселенің жалғасы тәрізді. Кооператив мәселесі – өркениет белгісі дер едім. Бірақ, біздің, әсіресе шалғай ауылдарда бұл мәселені түсіндіру қиын. Сондықтан, саусақ бірікпей қалды. Оған себеп те жоқ емес. Әріден бастасақ, ата-баба малының тәркіленуі тұр. Одан кейіннен кооперативтегі ортақ мүлікке басшылардың иеленуі шаруа санасында сұрықсыз сурет ретінде сақталған. Сол себепті, әзірше әр фермерді жеке қарастырып, олардың болашағына зерттеу жүргізу керек. Жеке дара шаруашылығын өркендетуге шамасы келмесе, не істеуге болатынын анықтап, оларға түсіндіріп, бірігу мәселесінің тиімді тетіктерін ойластыру қажет шығар. «МТМ», «МТС» құрып, солар арқылы бір қолдан жең шығаруға болар ма еді?!.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!
Әңгімелескен Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»