Мереке шуағы

Ата Заң ардақталған апта

Қазір елде саяси және экономикалық тұрақтылыққа қол жетті, әр азаматтың құқы мен бостандығын қорғауға, қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың және этникалық бірлестіктердің жемісті қызмет атқаруына қажетті барлық жағдай жасалуда. Осының бәрі биліктің жаңа жүйесін қалыптастыруға, маңызды реформаларды жүзеге асыруға берік іргетас болған Ата Заңның арқасы. Елдік пен бірліктің мызғымас темірқазығына, татулық пен тыныштықтың сенімді кепіліне айналған ҚР Конституциясы күнін Кеншілер қаласы лайықты атап өтті.

Карантиндік шектеуге сәйкес, қала әкімдігіне шаһардағы шырайлы іс-шарада белсенділік танытып жүрген бірқатар тұрғын шақырылып құрмет көрсетілді, сый-сияпат жасалды. Қала басшысы Асқар Ыдырысов 6 бала тәрбиелеп отырған ардақты ана Ж.Сейдалиеваның омырауына «Күміс алқа» төсбелгісін тақты, «Сәт Тазалық» ЖШС №3 тұрғын үй-коммуналдық басқармасының жұмыс бөлушісі Қ.Әленова, қалалық емхана фельдшері С.Бекетов, татар-башқұрт этно-мәдени бірлестігінің өкілі З.Гилемханова, қалалық төтенше жағдай бөлімінің инженері Қ.Есілбай, қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің әдіскері Г.Ермұқаш, қала прокуроры, І дәрежелі заңгер Н.Есіркеп, қалалық полицияның учаскелік инспекторы Н.Жансамат, «Kazakhmys Distribution» ЖШС жылу энергетикасы кәсіпорнының бас механигі Ж.Керімбеков, оқушылар сарайының оқытушысы М.Құлашев, қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің инспекторы В.Нурашев қала әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

– Ата Заң аясында тәуелсіз елімізде қоғамдық келісім, тұрақтылық қамтамасыз етіліп, саяси-әлеуметтік даму жасампаз істермен жалғасты. Озық әлемдік тәжірибені, тарихи және ұлттық дәстүрді арқау еткен Қазақстан Конституциясы халықтың бірлігі мен мемлекет тәуелсіздігінің берік негізі саналады. Бүгінде Қазақстан тату, ынтымақты, көпұлтты халқы, қуатты экономикасы, сенімді саяси жүйесі бар, ең бастысы – бедерлі болашағы бар іргелі елге айналып отырса, ол Конституцияның жемісі.

Алысқа бармай-ақ, өз қаламызға қарайықшы. Жылда жаңа ғимараттар бой көтеріп, қала келбеті жақсарып келеді. Қаншама жол қалпына келтірілді. Көптен бері ойда жүрген «Юность» стадионы да толық жөндеуден өтуде, сәтін салса биыл жаңа балабақша мен оқушылар сарайы ашылады. «Жеңіс» саябағы күрделі жөндеуден өтіп, онда этнопарк пайдалануға беріледі. Жастар жақсы көретін бассейн қайта құрылады. Жас сәбилердің дүниеге келуі де жылдан-жылға артуда. Бұның бәрі – әлеумет әлеуеті артқанының белгісі, – деді, көпшілікті құттықтаған қала әкімі.

Жалпы кеншілер қаласы Ата Заңды әспеттеуге апта бұрын кірісті. Балалар мен жасөспірімдер кітапханасы «Ата заңым – ардағым» атты кітап көрмеcін ұйымдастырып, Ұлы дала заңдарының алтын арқауына айналған Әз Тәукенің «Жеті жарғысына» арналған тарихи сағат өткізді, Б.Бұлқышев атындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесі «Тәуелсіздік» аллеясында тұрғындарға «Айбары асқақ Ата Заң» атты буклет таратып, «Коворкинг» орталығында «Конституция – кемел болашақтың кепілі» атты виртуалды кітап көрмесін көпшілікке ұсынды. Ш.Ділдебаев атындағы мәдениет және шығармашылық орталығы мен Достық үйі ZOOM платформасы арқылы өткізген «Дөңгелек үстелде» Ата Заң әңгімеге арқау болды. Мектептерде зияткерлік кездесу, конференция, мәнерлеп оқу сайысы, жас қаламгерлердің эссе байқауы өтті.

Әлібек ӘБДІРАШ.

СӘТБАЕВ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button