Ата-ана мейірімі
Қарқаралы мен абыз Ақтайлақ – батырлар мен ақындардың мекені. Олай деуіме әкем Ыбырайымхан Жүкібайұлының отбасы арқау болып отыр. Иә, І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталған «қосбалдақты» жауынгер-ұстаз 1907 жылы қаңтарда Ақтайлақ ауыл кеңесінің Үштөбе колхозының 7-ші ауылы, қазіргі Қасым Аманжолов атындағы кеңшарда өмірге келген. Әкем үш ағайынды: Бәзен – әпкесі, Мұсахан – ағасы. Жүкібай атамның 70 жастан асқан шағында Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, екі жиені Абдолла, Рахметолла және екі ұлы мен тұңғыш немересі Мәжит соғысқа аттанады. Соғыс аяқталғанда екі ұлы мен немересі аман-есен елге оралып, жиендері неміс басқыншыларымен шайқаста ерен ерлікпен қаза табады.
Сүйікті анамыз Гүлсім Қадырқызы – жер жәннаты Қарқаралыда 12 қазан, 1917 жылы Абдул-Қадыр Абдуллатифұлы мен Шаhарбану Ыдырысқызы отбасында өмірге келді. Анам жеті ағайынды. Үлкені – Барий аға Қарқаралы халық театрында актерлік қызметінен соғысқа аттанып, Сталинград түбінде ерлікпен қаза болды, екі бауыры Бақи аға мен Ғаяз аға соғыс алаңынан елге жеңіспен оралды. Кенже бауыры Хакім аға мен сіңлісі Әнуар тәте Қарқаралыда мектептерін аяқтады. Барлық бауырлары мен сіңлісі ордалы отбасын құрып, Қарқаралы, Қарағанды, Алматыда әр салада лауазымды қызмет атқарды. Анам Қарқаралы малдәрігерлік техникумында оқып жүріп, әкеммен 1934 жылы қосылып, отау тігіп, шаңырақ құрады.
Әкем Ыбырайымхан Жүкібаев Қарқаралы педагогикалық училищесін бітіріп, мұғалімдік қызметке жолдама алған соң, екеуі 1934-1942 жылдары Қу ауданында тұрды. Әкем ұстаздық қызметімен шұғылдана жүріп, 1939 жылы Алматы педагогикалық институтына түсіп, оны ойдағыдай бітірген соң, мұғалім мамандығы бойынша диплом алып, Ұлы Отан соғысына шақырылғанға дейін, еңбек жолын сол Егіндібұлақта жасөспірімдердің білімін арттыруда зор табыстарға жетті.
Әкем 1942 жылы Қарқаралы аудандық әскери комиссариатының бұйрығымен әскер қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысының отты жылдарында 799-шы атқыштар полкінің взвод командирі болып тағайындалуы – майдандық өміріндегі елеулі белеске айналды.
Бұл кезде атам – Жүкібай ақсақал Қарқаралы қаласының оңтүстігінде 100 шақырым қашықтықта орналасқан Аққора бөлімшесінде колхоздың малын бағып, ұлдары соғыстан елге оралғанша қолындағы үлкен келіні мен үш немересін асырап, бағып-қағады.
Әкем соғысқа аттанғаннан кейін, Атам біздерді: келіні мен немерелерін өгіз арбамен Егіндібұлақтан Қарқаралыға нағашы жұртқа көшіріп алып келді. Сонымен, нағашыларымыз анам – Гүлсім мен төрт жиенін: Рауза, Раушан, Марат, Раяны соғыс аяқталғанша 3 жыл бойы мейірім төге, әкем соғыстан келгенше асырап, тәлім-тәрбие беріп өсірді.
Әкеме І топтағы мүгедектік тағайындалған соң, 1945 жылы мамыр айында елге жіберіледі. Қосбалдақты жауынгер әкемді Қарқаралыға кіреберістегі «қарала көпірде» ат-арбамен құшақ жая қарсы алдық. Мен ол кезде 5 жаста едім.
Соғыстан кейін Әкем ұстаздық қызметіне қайта кірісіп, Қарқаралы ауданының мектептерінде ширек ғасырға жуық ұлағатты ұстаздық ісін жоғары дәрежеде жалғастырады. Осы ұстаздық еңбегі зор бағаланып, 1964 жылы «Қазақстанның оқу-ағарту ісінің озаты» деген атаққа ие болады.
Анамыз өмірге 9 бала әкелді. Оның бесеуі соғыстан кейін туғандар: Рухия, Ойрат, Талғат, Мәрзия, Әлияны тәрбиелеп өсіргені үшін СССР Жоғарғы Советі Президиумы атынан Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Указы бойынша «Ана даңқы» орденінің ең жоғары І дәрежесімен марапатталған.
Анамыз соғыс кезінде ердің атқаратын ауыр жұмыстарын (қысқы отын дайындау, шөп шабу, т.б.) бауыры Хакім аға екеуі тайсалмай атқарды. Анамыз 1941 жылдан Кеңес Одағы Тұтынушылар кооперациясының мүшесі болуына байланысты, Қарқаралы аудандық тұтынушылар одағы Тұтынушылар кооперациясында әр жылдары дүкен комиссиясының мүшесі ретінде басты міндеттерін ойдағыдай адал еңбегімен атқарып, марапатталып отырды.
Әке-шешеміз өмірде көп қиыншылықтар (коллективтендіру, ашаршылық, соғыс кезі және соғыстан кейінгі шаруашылықты қалыптастыруда) көргенімен, бақытты отбасы болып, балаларына үлгілі отбасы құрғандығын көрсетті деп ойлаймын. Себебі, бала-шағаларынан теріс мінез көрген жоқ, бар балалары жоғары білім алып, әр салада қызмет атқарып, үйленіп, тұрмыс құрып, немерелер сыйлады. Бүгінде әке-шешемнің 23 немере-жиені, 34 шөбере-жиеншары және 5 көгеншары бар.
1996 жылы 8 сәуірде анамыз бұл өмірден өткенде әкем маңдайынан иіскеп, «63 жыл тату-тәтті өмір сүрдік. Қош!» дегенде, біздер көз жасымызға ерік беріп, егіліп жыладық. Әкеміз бір жарым жылдан соң дүние салды. Топырақтары торқа болсын асыл әке-шешеміздің!
Қайран әке-шешем, бұл күндері тірі болғанда, 110-100 жылдық мерейтойларыңызды дүрілдетіп атап өтер едік. Сіздердің адамгершілік, кісілік қасиеттеріңізге аздап тоқтала кетсем: әкем – табиғатынан кімді болса да сыртқа теппей, қашан да ішке тарта, «қарағым, айналайын» деп отыратын, өте биязы, мәдениетті, сабырлы, көпшіл жан еді. Анамның кісіге қайырымы мол еді-ау. Әкеме асыл жар, бізге – балаларына ардақты ана бола білді. Сол үшін сіздерді еліңіз елеп, ағайын, туған-туыстар қадірледі. Жандарың жарқын, қолдарың ашық болды. Сіздердің ақ дастарқандарыңыздан Қарқаралы төңірегіндегі жандар ғана емес, кең байтақ еліміздің көлемінде балаларыңыздың дос-жолдастары, құда-құдағиларыңыз, талай жайсаң жандар да дәм татып еді.
Ардақты әке-шешемізді еске алып, 5 тамыз, 2017 жылы Қарағандыда «Берік» мешітінде дұға бағыштап, жатқан жерлері жайлы, топырағы торқа болсын демекпіз.
Сонымен, әке-шешемнің өмір жолдары жастарға үлгі екендігіне қысқаша тоқталып, ұрпақтары атынан айтуды жөн көрдім.
Марат ЫБЫРАЙЫМХАНҰЛЫ.