Руханият

Қасымның кіндік жолы кімде болған?

Жүз он жылдық тарихы бар құнды жәдігер табылды. Құндылығы сол – бұл күміс жүзікті дауылпаз ақын Қасым АМАНЖОЛОВТЫҢ кіндік шешесі Шәрия САДЫҚҚЫЗЫНА Рақымжан әулеті тарту еткен. Әрине, тек жүзік сыйлаумен ғана шектеліп қалмай, қазақ дәстүріне сай бір тоғыз атаған. Сол тарту-таралғының арасында күмістен соғылған қос білезік және екі жүзік болған. Бүгінге дейін сақталғаны да осы төртеуі. Әйтсе де, ақы иелері бертінде жүзіктің бірінен көз жазып қалады. Енді, міне, сол жоғы табылып, көзайым болған жайы бар.

Жүзік қалай жоғалды?

Әңгіменің әлқиссасын Қасымның шыққан тегінен бастайық. Кеңес дәуірінен жеткен естеліктерде ақынның кедейдің баласы екені айтылып қалады. Бұл расымен солай ма? Үлкендердің айтуынша, ақынның бабалары 17 мың жылқы айдаған, тек дүние байлықтың соңына ғана түспей, ел билеу ісіне де белсене араласқан текті адамдар болған екен. Әкесі – Рақымжан да төрт түліктен таршылық көрмеген, сыр мінезді сері азамат деседі. Қасымның текті әулеттен шыққанын оның кіндік шешесіне тиесілі жәдігерлерге қарап-ақ аңғаруға болатын тәрізді. Ол заманда мұндай бағалы тарту-таралғы жасауға ілуде біреу болмаса, көптің шамасы келмесі анық. Әрі, Шәрия анамыз да тегін адам емес. Қазақ ырымшыл халық қой. Әсіресе, бала тәрбиесіне келгенде салт-дәстүр берік сақталады. Яғни, баланың кіндігі мен тұсауын көлденең көк аттыға, көптің біріне кестірмейді. Бұл үшін айналасына абыройлы, текті адамдарға арнайы қолқа салады. Шәрия анамыздың әкесі Садық дін ұстап, қажылыққа барған жан екен. Ал, өзі бойжеткен шағында іргелі әулеттің келіні атанған. Содан да, молданың қызы, сыйлы әулеттің келіні деп Қасымның кіндігін арнайы осы кісіге кестірген. Ал, енді «Қасым кедейдің баласы, жетім өскен» деген мәселеге тоқталсақ. Ақынның бала кезінде әкесі Рақымжан қайтыс болады. Осыдан соң ағайын арасына алауыздық кіріп, мал-мүлкі талан-таражға түскенге ұқсайды.

Ал, Қасымды ағасы Ахметжан Семейге алып кетеді. Кеңес үкіметі орнаған шақта Қасымның әулетіне тиесілі мал-мүлік те түгесілген екен. Оны кедейдің баласы деу осыдан шыққан тәрізді. Әрі, бұл сол дәуірдің идеологиясы екенін де естен шығармаған абзал.

Қош, бұл бөлек әңгіме. Қасымның кіндік шешесі Шәрия Садыққызы 14 құрсақ көтерген екен. Бірақ, аумалытөкпелі заманда перзенттері жастай шетінеп, тек Жұмабике есімді қызы ғана аман қалады. Бірақ, қыз болса да ер азаматқа бергісіз жан. Қартайған анасын қолына алып, сый-құрмет көрсетеді. Анамыз өмірден өтерде Рақымжан әулетінен сыйлыққа алған қос білезік пен жүзіктерді осы қызына тапсырып кеткен. Ал, Жұмабике анамыз өмірден өткен соң бұл жәдігерлерге баласы Дәулетқазы Мұқадиұлы ие болып қалыпты. Бірақ, ол кісінің қолына күміс жүзіктердің тек біреуі ғана тиеді. Екіншісінің қайда кеткені белгісіз. Осылайша, жәдігер «жоғалды» санатына кірген.

Біз жоғалған күміс жүзікті тапқан соң, бірден Дәулетқазы ағаға қоңырау шалдық. Әу баста Сарыобалы ауылына бармақшы да болғанбыз. Томар ауылының әкімі Нұрсұлан Жағыпаров арнайы көлік бөліп, көмек те көрсетті. Бірақ, күннің райы, шаруаның жайы қолбайлау болғандықтан, ауылдан ұзап шыға алмай, телефон көмегіне жүгінуге мәжбүр болдық.

– Шәрия апаның көзін көріп, әңгімесін тыңдап өстік. Мына білезіктер мен жүзіктерді қолынан тастамай, үнемі тағып жүретін. Олардың тарихына да бала кезден қанық болдық қой. Кейін, апам өмірден өткен соң бұлар анама ауысты. Білезіктердің біреуін Торғай жаққа ұзатылған әпкем сұрап алып, тағып жүрді. Ал, жүзіктің біреуі жоғалып кетті. Анамнан сұрағанымда ол кісі кімге бергенін айтпай қойған еді. Үлкен кісі ғой, бәлкім ұмытып қалған болар. Содан бұл әңгімені жылы жауып қойдық. 2007 жылы анам өмірден озды. Менің қолыма бір білезік пен жүзік қана тиді. Кейін әпкем де өмірден өткен соң ол кісідегі білезікті ұрпақтарынан сұрап алдым. Ал, жүзіктердің екіншісі сол күйі табылмады, – дейді Дәулетқазы Мұқадиұлы.

Біз білетін тарихқа күмән көп…

Қасым Аманжоловтың ғұмырбаянына қатысты біз білетін кей деректер қолдан жасалып, ойдан құрастырылған тәрізді. Мұны Дәулетқазы Мұқадиұлының әңгімесінен аңғардық. Мәселен, бертінге дейін ақынның туған жері Аққора ауылы делініп келген еді. Ал, шын мәнісінде ол Сарыобалы ауылының іргесіндегі ҚызылКөшен деген жерде өмірге келген. Қасым көзі тірісінде көп қиындық көрді. Оны ұлықтау тек өзі өмірден өткен соң ғана басталды. Яғни, өткен ғасырдың 60-70-ші жылдарында. Бұл кезде Сарыобалы ауылында ақынның балалық шағын білетін, әке-шешесін танитын адамдардың көзі тірі еді. Тіпті, оның кіндігін кескен Шәрия Садыққызы да өмірде болған. Бірақ, шолақ белсенділер олардың естелігін қаперге алмай, Қасымға қатысы жоқ адамдарды сөйлетіп, ойдан аңыз құрастырған екен.

– Апам (Шәрия Садыққызы) 1973 жылы менің 9 жасымда өмірден өтті. Бірақ, ол кісі тірі кезде Қасым туралы сұрап, зерделеген жан болмады. Қайта ақынға мүлдем қатысы жоқ, оны көрмеген адамдардың ойдан шығарған әңгімелеріне басымдық берді. «Қасым қорада жатушы еді», «Қасым байдың қойын бағып жүр еді» деген әңгімелер айтылды. Тіпті, «Қасыммен бірге сырғанақ теуіп, ойнап өскен едік» деп соққан жандар да болды. Апам мұндай әңгімелерді естігенде күйініп отыратын. Бірақ, шынымен қалай болып еді деп сұраған жан болмады. Әрі, сол жылдарда Қасым туғанда 20-30 жаста болған, оның әке-шешесін көрген Тіленші Тілеген, Ыспан Ысқақов деген ақсақалдардың да көзі тірі кез. Бірақ, бұлардан да сұрамаған. Содан әлгі кісілер шу көтеріп, «Бұларың қалай? Қасым текті әулеттің ұрпағы емес пе? Аққорада емес, мына Қызыл – Көшенде туды ғой» демей ме? Сөйтсе, қызыл белсенділер «Үндемеңдер. Ол кедейдің баласы» деп ырық бермеген. Сөйтіп, ақынның ғұмырбаяны өтірік аңыздың желісімен құрылып кете барды, – дейді Дәулетқазы Мұқадиұлы.

Жүзік кімде болды?

Кейде күнделікті күйбең тірлік пен бейқамдық салдарынан құнды дүниелер ескерусіз қалып жатады. Дәл осы жүзіктің ұзақ уақыт бойы тасада жатуына менің де «кінәм» бар. Өйткені, Қасымның кіндік шешесіне тиесілі күміс жүзіктің өзім туған Томар ауылында сақтаулы тұрғанын алғаш рет осыдан 6 жыл бұрын естігенмін. Тіпті, қолыма ұстап, суретке түсіріп алған екенмін. Оның тарихын зерттеп, зерделеп көрсем, егер шынымен де дәл сол жәдігер болса жалпақ жұрттан сүйінші сұрасам деген ой болған. Бірақ, күнделікті күйбең тірлік мойын бұрғызбады. Туған ауылыма жолым түспеді. Сөйтіп жүргенде бұл мәселе де есімнен шығып, ұмыт қалды. Тек 6 жылдан соң ауылға аңсарым ауып, көшіп келген соң барып, санамның түкпірінде жатқан осы жай есіме түсті. Бәлкім, ойламаған жерден ауылға атбасын бұрып, көшіп келуіме осы жүзік себеп болған шығар…

Қош делік, сонымен күміс жүзіктің қазіргі иесі Томар ауылының тұрғыны Күлай Садықова. Ол кісіге бұл жәдігер анасы Бикен Тойшыбекова ападан мұраға қалған. Бикен апа жүзікті қайдан алған дейсіз ғой? Айталық. Күлайдың әкесі Қабдол – Шәрия анамыздың туған бауыры. Яғни Бикен апа – Шәрия анамыздың келіні. Ол заманда қазіргідей жүрдек көлік, алыстағы адаммен оп-оңай хат-хабар алмасатын коммуникациялық құралдар жоқ. Бірақ, сонда да ағайын арасы тату, барыс-келіс көп заман болды ғой.

– Бала күнімде Қарқаралы қаласында тұрдық. Ол кезде Шәрия апаның көзі тірі. Аққора ауылында тұратын. Әкем апасына сәлем беру үшін атпен бірнеше күн қонып, барып-келіп жүрді. Ол кісілердің көзі кеткен соң да байланыс үзілген жоқ. Анам Бикен Жұмабике апаның үйіне қонаққа жиі баратын. Кейде апталап қасында болып, сырласып жүруші еді. Сондай сапарының бірінде Жұмабике апа «көзімдей көріп жүр» деп күміс білезік пен жүзік тарту етіпті. Бірақ, анам жылтыраққа аса құмар жан емес еді. Бұларды қолына сирек тағатын. Үнемі үйде тұрды. Қайтыс боларының алдында «мынаны Жұмабике беріп еді. Енді сен тақ» деп маған тастап кетті, – дейді Күлай Қабдолқызы.

Бұл кісі әу баста күміс жүзіктің бағалы жәдігер екенін білмепті. Бірде газеттен Дәулетқазы Мұқадиұлының сұхбатын көріп қалады. Онда қос білезік пен бір жүзіктің суреті де жарияланып, тағы бір жүзіктің жоғалғаны айтылған екен. Содан дереу анасынан қалған жүзікпен салыстырып, жоғалды деген сақинаның осы екенін аңғарады. Бірақ, бұл туралы өз балаларына ғана айтып, мәселені жылы жауып қана қойған екен.

Бикен ападан қалған сақина әбден ескіріп кеткендіктен 2015 жылы зергерлерге тапсырып, қайта қалпына келтіргенін де айта кеткен жөн. Менің оны көріп, суретке түсіріп жүргенім де сол кездегі оқиға-тын.

Этнографиялық экспедиция керек пе?

Қазақ «Ел іші – алтын бесік» деп бекер айтпаса керек. Ауылдағы ағайынның қолында аса құнды тарихи жәдігерлер болуы бек мүмкін. Мәселен, Шәрия анамызға тиесілі күміс жүзікті іздеу барысында одан басқа да дүниелерге кез болдық. Томар ауылының бір тұрғыны өзінде өте ескі, араб қарпімен жазылған қолжазба барын айтты. Тағы бір азаматтың үйінде қоладан құйылған, төрт қырлы жебенің ұшы, келесі тұрғынның үйінде 890 (бәлкім 1890) жылы жарыққа шыққан Құран кітабы бар екен. Әрине, көне заттар мұражайға қойылып, арнайы күтіммен сақталса құба-құп болар еді. Әйтсе де, халқымыз өте ырымшыл екенін естен шығармаған жөн. Бабадан мұраға қалған көне бұйымдарды кие тұтып, ырыстың басы деп сенеді. Сондықтан да, олар туралы көп айта бермейді. Айтқан күннің өзінде музейге тапсыруы ілеуде бір кездеседі. Ең абзалы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде арнайы этнографиялық экспедициялар ұйымдастырып, ел арасындағы осындай құнды жәдігерлерді анықтап, олардың аңызын қағазға түсіру керек тәрізді. Әрине, сәті түссе ақы иелерін бұл жәдігерлерді музейге тапсыруға көндірген де абзал.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ.

Томар ауылы.

Басқа материалдар

Back to top button