Жаңалықтар

Қасым көшесінің бойында

Қарағанды аспанында дауылпаз ақын Қасым АМАНЖОЛОВТЫҢ өлеңдері шырқалды. Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен «Қасым көшесі…» акциясын ұйымдастырды. Аталмыш шара ақынның 110 жылдығына арналды.

– Бүгін – ерекше күн. Ақын атындағы көшені, өлеңдерін насихаттадық. Көшемен жүріп өтіп, өлеңдерін жырға қостық. Барша атсалысқан жандарға алғысым шексіз. Қазақ поэзиясын, Қасым поэзиясын бірге жырлайық, – деді кітапхана директоры Дина Базарбайқызы.

Акция екі кезеңде өтті. Әуелі бірнеше адамнан құралған топ Аманжолов көшесімен жүріп, қала тұрғындарына ақын жайында жазылған кітап, журналдарды үлестірді. Қала тұрғындарына ақын өмірі жайлы сауал қойып, өлеңдерін бірге шырқады.

– Мен де Қасым шыққан топырақтанмын. Ақынның мерейтойы қарсаңында ұйымдастырған шараны естіп, қалыс қала алмадым. Қазақтың қыран ақыны – Қасым. Өткір сөйлеп, шындықты айтудан қашпайтын. Жылда ауылға барған сайын Қасымның құдығына бұрылып, тәу етпей кетпеймін. Ұлттың ұлын ардақтап, өлеңдерін мәңгі жырға қосып өтейік, – деді Қасым ауылының тумасы, ақын атындағы көшенің тұрғыны Жәнібек Жаманқұлов.

Шараның екінші бөлігінде Қасым ескерткішінің алдында «Еркін микрофон» форматында поэзия сағаты өтті. Мұнда қала тұрғындары ақынның кез келген өлеңін ортаға шығып оқыды. Бір ерекшелігі, ақын өлеңдері тек қазақ тілінде емес әзербайжан, орыс, неміс тілдерінде де оқылды.

Әл-Фараби атындағы №102 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Іңкәр Алтаева ақынның 120 өлеңін жатқа біледі. Ол былтыр дәстүрлі «Қасым оқулары» байқауының жүлдегері атанған. Аталмыш іс-шарада ақынның «Дариға сол қыз» өлеңін оқып, көпшілікті тәнті етті. – Дауылпаз ақынның өлеңдері Қарағанды аспанында шырқалды. Жастардың рухы қайта оянғандай. Өзім жас кезімнен ақынның өлеңдерін сүйіп оқимын. Мағынасы терең, әрі жаттауға оңай. Отбасым ақынның өлеңдерін жатқа біледі. Дастарқан басында ақын жайлы сөз қозғап, өлеңдерін оқып отырады. Сол кісілерге қарап мен де ақынның өлеңдерін жаттауға әуестендім. Өлеңдерді жаттау барысында бойыма күш құйылып, әр шумағынан рух аламын, – дейді Іңкәр Болатқызы

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button