Жаңалықтар

Астықты өлкенің биігі

   Биыл қарағандылық диқандар соңғы жарты ғасырға жуық уақытта тіркелмеген көрсеткішті бағындырды. Жер еміп, тер төккен ағайын 1970 жылдан бері алғаш рет миллион тонна қызылды қамбаға құйды. Сөйтіп, Арқа жұрты ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық және Қарағанды облысының 80 жылдық мерейтойына толайым тарту жасауда.

Білсеңіздер, соғыстан кейінгі кезеңде Қарағанды аймағындағы егіншілік кәсіпті дамытуға орталықтан көптеп күш салынды. Бұл іске ҚарЛаг-та тұтқында жүрген ғалымдар да бір кісідей жұмылдырылды.

Тың жерлерді игеру науқанынан да Қарағанды облысы шет қалмады. 50-ші жылдары көмірлі өлкедегі егістік көлемі 1 млн. гектардан асып түсті. Нәтижесі сол, 1958 жылы өңір диқандары бұрын-соңды болмаған рекордқа қол жеткізді. 60 млн. пұт астық жинады (бұдан екі жыл бұрын Қазақстан миллиард пұт берген еді). Бір пұтта 16 келі бар екенін ескерсек, бұл дегеніңіз 960 мың тонна. Сол жылы облыс Кеңес өкіметінің ең биік марапаттарының бірі – Ленин орденімен марапатталды.

Ал, Тәуелсіздік мерейтойы қарсаңында аймақ диқандары 58 жыл бұрынғы сол көрсеткіштен әлдеқайдан алысқа қол сермеді.

Биыл 740,9 мың гектарға дән себілді. Оның 15,2 мың гектары есептен шығарылғанымен, бұл егіншілер қауымының көл-көсір өнім алуына кедергі келтіре алмады. Күзгі науқанда жиналған 1 млн. 7 мың тонна астық диқандардың мерейін тасытты.

Ерте көктемнен алқапқа шығып, жер жыртқан ағайынның бағына орай, жазда Табиғат-Ана да жайдары қабағын танытты. Жауын-шашын мол болды. Егіннің көтерілуіне қажет шуақты күндер де көп күттірген жоқ. Соның арқасында облыс бойынша орташа түсім гектарына 14 центнерден айналды.

Сөз арасында айта кетейік, бүгінде облыс көлемінде ел ырзығын еселеуге баса көңіл бөлінуде. Бұл, алдымен, егістік жерлерді ұлғайту мәселесі. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Юржан Бекқожинның айтуынша, ел енді егемендік алған 1991 жылы облыстағы, тек, дәнді дақылдар алқабы 1 млн. 454 мың гектарды құраған. Қазіргі таңда сол алқаптарды қайта іске жаратуға күш салынуда.

Облыстағы егістікке жарамды 1 млн. 398 мың гектар алқаптың 1 млн. 96 мың гектары пайдаланылуда. Бұл барлық көлемнің 78,4 пайызы. Әлі 301,4 мың гектар жерге түрен тісі тимей отыр.

Сондай-ақ, суарылмалы 85,5 мың гектар жердегі жұмыстар тиісті деңгейде атқарылмауда. Оның 63,6 мың гектары шаруашылықтардың иелігіне берілген. Соның өзінде бұл жерлердің пайдаланылуы 17,9 мың гектарды құрауда. Яғни, 85,5 мың гектардың бар болғаны 28,1 пайызы халық игілігіне қызмет етуде.

Көтерілген мәселелердің барлығы жергілікті жердегі билік пен бұқараның біріге жұмыс істеуін қажет етеді. Халық тарапынан еңбекке ынта болса, шенеуніктер қолдай білуі шарт. Әйтпесе, қазіргі шұрайлы егіс алқаптары шаңы шығып, тозып кетуі ғажап емес.

Алла Арқадан ырзығын аяған ба?! Қарағанды топырағында картоп та жақсы өседі. Биыл 192358 тонна картоп ұраға тоғытылды. Мұндағы Абай ауданының үлесі қомақты. Аталған аудан 102297 тонна картоп берді. Көкөніс өнімінің көлемі 35485 тоннаны еңсерді. Тағы да сол Абай ауданында 20500 тонна көкөніс қамбаға құйылды.

Алдағы жылы Арқа диқандары егістік көлемін арттыра түспек. Басқаша айтқанда, ел ырысы және молая түседі. Егемендіктің ширек ғасырын ширыққан еңбекпен қарсы алған еңбеккерлеріміз тағы бір мәрте үдеден шығарына сенім кәміл.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button