Астықты өлке тынысы

 Аймақ басшысы Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ бейсенбілік жұмыс күні ел арасында өтті. Облыс әкімі қоңсы жатқан Бұқар жырау және Осакаров аудандарында жұмыс сапарымен болды.

Барған жерінде Ерлан Жақанұлы жергілікті атқамінерлерді жинап, жиналыс өткізіп жатпады. Керісінше, тұрғындармен тілдесіп, ауылдағы ағайынның тұрмыс-тіршілігімен тікелей танысуды жөн көрді. Өңірлерді аралап, қызу еңбекке кіріскен қырдағы диқандармен жүздесті. Егіс науқанына назар аударды.

Ростовкадағы

риясыз көңіл

Алдымен әкім Бұқар жырау ауданына қарасты Ростовка ауылына ат басын тіреді. Мұндағы тірек мектебіндегі соңғы қоңырау салтанатына қатысты.

Биыл аталған мектепті 12 түлек бітірді. Оның оны қазақ сыныбын, екеуі орыс сыныбын тәмамдап отыр. Түлектердің төртеуі – «Алтын белгіден», екеуі – ерекше аттестаттан үмітті.

Негізі, мектепте 360 бала оқиды. Сондай-ақ, тірек мектебі жақын маңда орналасқан 6 мектепті біріктіруде. Яғни, бұларды қоссақ, бала саны 700-ден асып кетеді.

Ауылдардағы проблема белгілі. Білім ошақтарында кадр тапшы, материалдық базаның әлеуеті кемшін. Сондықтан, алты мектептің оқушылары он күн Ростовкадағы интернатта жатып, кейбір пәндер бойынша білім алады.

Облыс әкімінің Қарағандының маңдайалды гимназия-лицейлеріне бармай, алақандай ауылдағы аядай мектепке арнайы келгені алты ауылдың қарадомалақтарына ерекше қуаныш сыйлады. Ерлан Жақанұлы жүрекжарды лебізін жеткізіп, түлектерге ақ жол тіледі.

Мен сіздерді бүгінгі үлкен мерекелеріңізбен құттықтаймын. Бұл күн шынымен де толғандырар сәтке толы. Өзім де осы сияқты кішкентай ауылдық мектепте оқығанмын. Сезімдеріңіз маған таныс. Әрине, сіздер үшін бұл үлкен қуаныш. Ертеңгі күннен бастап жаңа өмір жолына қадам басасыздар. Алда әлі де бағындырар биіктеріңіз көп болады. Мен сол жолда сәттілік тілеймін. Елбасы жарқын болашақтарыңыз үшін көп жағдай жасады. Білімін жетілдіремін деушілер үшін әлемдік деңгейдегі университеттерге арналған «Болашақ» бағдарламасының стипендиясы қарастырылған. Ал, жұмыс істеймін дегендерге мемлекеттік қолдау мен мамандықтардың кең таңдауы бар. Өз болашақтарыңызды өздеріңіз құрасыздар. Таңдауларыңыз еліміздің болашағын көркейтуге септігін тигізеді, – деді аймақ басшысы.

Салтанатты рәсімде сыныптар жетекшілері – Айнұр Жаппарова мен Ольга Колесникова түлектермен бірге ортаға шықты. Мектеп бітіруші жастар өздерінің қимастық сезімдерімен бөлісіп, ұстаздарына ризашылықтарын білдірді.

Милена ТАЙМАҒАНБЕТОВА, «Алтын белгіге» үміткер:

Он бір жыл білім нәрімен сусындатқан ұстаздарыма алғысым шексіз. Және біздің мерекемізге облыс әкімінің келуі қуанышымызды еселей түсті. Ол үшін аймақ басшысына шын жүректен ризамын. Мен қалауым бойынша биология пәнін таңдадым. Келешекте дәрігер болғым келеді. Құжаттарымды Қарағанды мемлекеттік медициналық университетіне тапсырмақпын. Барлық достарыма алдағы Ұлттық бірыңғай тестілеуде сәттілік тілеймін.

Жиында түлек Серікбол Хусейн мектеп туын салтанатты түрде 8-сынып оқушысы Дархан Кенжебаевқа табыс етті.

Мамонты

бар мұражай

Мектеп директоры Нұридин Өмірбаев облыс әкіміне мектеп базасын таныстырды.

Маңайдағы алты мектептің оқушылары біздің мектепте емтихан тапсырады. Бірнеше пәндер бойынша сабақтарға қатысады. Оларға арналған 60 орындық интернат, үш жастан асқан балаларды тәрбиелейтін шағын орталық бар, – деді мектеп директоры экскурсия барысында.

Ростовка мектебінде біраз дүние бар екен. Тіпті, бағзы ғасырларда өмір сүрген мамонттың сүйегіне дейін осы жерден орын тапқан. Мұны біз интернат жертөлесінде орналасқан тарихи-өлкетану мұражайынан көрдік. Мектеп оқушылары ежелгі дүние жануарының сүйектерін Нұра өзені бойындағы қазба жұмыстары кезінде 4,5 метр тереңдіктен тауып алыпты. Мойындайық, кез келген музей мақтана алмайтын жәдігер – бұл.

Мұражай былтыр жылы ашылған. Бір жыл ішінде облыстағы алдыңғы қатарлы мекемелер сапынан көрінді. Мәселен, облыстық ардагерлер кеңесі ұйымдастырған облыстық байқауда бірінші орынды иеленді.

Мұражайда жеті зал бар. Экспозициялар тас дәуірінен басталады. Мамонт қалдықтары осында орналасқан. Үңгір іспетті жасалған экспозицияда сол ғасырлардағы адамдар тұрмысы әдемі көрсетілген. Бұдан кейін орта ғасырлар, қазіргі заман тарихы қамтылған. Ұлы Отан соғысы жылдары, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына да бөлек залдар жабдықталыпты. Егемендік жылдарындағы жетістіктермен де таныса аласыз. Жалпы, осы мұражай ел азаттығының ширек ғасырлық мерейтойына орай ұйымдастырылыпты.

Мектеп мұғалімдері тарих, биология, физика, химия пәндерін осында өткізуді дәстүрге айналдырған. Себебі, оқушылар кітаптан оқыған тақырыптарымен практикалық түрде таныса алады.

Қазіргі таңда жәдігерлер қоры толығуда. Залдарды аудиожүйемен жабдықтау қарастырылуда.

Мектептің тағы бір мақтанышы – жылыжайлар. Үш жылыжайда балалар биология пәнін тереңдете меңгеріп, өсімдік шаруашылығымен іс жүзінде танысуда. Жылыжайдың екеуі – жазғы, біреуі – қысқы. Яғни, оқушылардың қысы-жазы жерден қол үзбеуіне мүмкіндік мол. Сөйтіп, интернатқа қажетті азық-түліктің төрттен бір бөлігін өз күштерімен қамтып отыр. Бүгінде төртінші жылыжайдың құрылысы жүргізілуде.

Мектеп ғимаратының жертөлесінде де бейімдеу жұмыстары атқарылған. «Сұңқар» әскери дайындық клубы, күрес, жаттығу залдары, теннис, дойбы, шахмат бөлмелері, шаңғы базасы осында орналасыпты. Барлық дүние мектеп ұжымы және оқушылардың қолымен жасалған. Әр жерден жиналған мүлік екені көрініп тұр. Білікті басшының іскерлігіне сүйсіндік.

Мұндайды қазақ «Жоқтан бар жасады» деп айтады. Әркімге қарап, ауыз ашпай, өз қарекеттеріңізбен қам қылыпсыздар. Еңбектеріңіз жансын, – деді аймақ басшысы.

Бұқаржыраулық

диқандар межесі биік

Ерлан Жақанұлының жұмыс сапары егіс алқаптарында жалғасты.

Бұқаржыраулық диқандардың биылғы межесі биік. 131,7 мың гектар жерге дән сеппек. Былтыр дәнді дақылдар алқабы 59,9 мың гектарды құрап еді. Екі есе ұлғайған.

Бұл белесті еңсеруде аудандағы іргелі шаруашылықтардың үлесі қомақты. Мәселен, Ростовкадағы «Киров атындағы ӨК» ЖШС өткен күзде 18 мың гектар алқаптан бидай орыпты. Оған, 35 гектар арпа, 815 гектар сұлы, 613 гектар картоп пен 50 гектар көкөністі қосыңыз. Көктемгі науқанда бұл көрсеткіш арта түспек.

Облыс әкімі шаруашылықтың өнім өткізу сызбасына назар аударды. ЖШС директорының орынбасары Дмитрий Кригоровқа әуелі облыс тұрғындарын азық-түлікпен жеткілікті деңгейде қамтып болып, артық өнімді ғана экспортқа жөнелту қажеттігін ескертті.

Центральный селолық округіне қарасты «КНИИРС» ЖШС биыл 11420 гектар жерге бидай екпек. Директор Дамир Қалдыбаевтың айтуынша, арпа (1055 гектар), сұлы (545 гектар) мен картоп (76,2 гектар) егу науқаны да қызу жүргізілуде. Бұл жұмыстарға 130 адам жұмылдырылған.

Сондай-ақ, әкім осы ауылдағы жаңадан ашылған «ECO-STANDARD» өндірістік кооперативіне барды.

Кооператив сүт өндірумен және құс шаруашылығымен айналыспақ. Ақпанда құрылған. 22 адам мүшелікте тұр.

Бүгінде кәсіпкерлікті қолдау қаражаты есебінен кооператив ғимаратына инкубатор мен сүт қабылдау пункті жабдықтары жеткізілген. Кооператив төрағасы Наталья Скороходованың мәлімдеуінше, енді қаз бен үйрек жұмыртқаларын, балапандарын жеткізу қажет. Ол үшін Солтүстік Қазақстан облысындағы ірі құс шаруашылығымен келісімшарт жасалыпты. Қаз балапанын 1400 теңгеге, үйрек балапанын 1000 теңгеге сатып алмақ.

Сүт кәсіпорны тәулігіне 4 тоннаға дейін шикізат қабылдауға қауқарлы. Өткізетін жер де белгілі. Теміртаудағы «RЕN-MILK» ЖШС-мен келісім бар.

Жалпы, Бұқар жырауда 19 кооператив жұмысын бастады. «ECO-STANDARD» – бұлардың сапында құс шаруашылығын қолға алған алғашқы жоба.

Әкім Баймырза ауылындағы «Нур-СХ» ЖШС-не де барды. Қарсы алған серіктестік директоры Анатолий Перегуд көктемгі науқан барысы туралы баяндады.

Биыл шаруашылық 4155 гектар алқапқа бидай тұқымын сіңірмек. 232 гектарға арпа себуді жоспарлауда. Қазіргі уақытта науқандық шаруалар тәмамдалуға жақын.

Сонымен қатар, шаруашылық асыл тұқымды мал өсіруге бағыт алуда. Ол үшін мемлекеттік бағдарлама арқылы 200 бас ірі қара әкелінген. «Келешекте ет өнімдерін жергілікті нарыққа шығарамыз», – дейді шаруашылық басшысы.

Астатөк

ырзық мекені

Бұқар жыраудан кейін Ерлан Жақанұлы Осакаров ауданына ат басын бұрды.

Аудандар арасында егістік көлемі жағынан аталған аудан көш бастап тұр. Өңірдегі агроөнеркәсіп кешені 304 мың гектарға дәнді дақыл себуді жоспарлап отыр. Облыстағы егін алқаптарының (814,7 мың гектар) жартысына жуығы Осакаров ауданына тиесілі.

Аймақ басшысы Батпақты селолық округіндегі «Жаңа Ай» ЖШС-нің егістігіне барды. Шаруашылық жетекшісі Вячеслав Шамордин айтқандай, науқан аяқталуға таяған. 13625 гектарға дәнді дақылдар себілуде. Оның 8098 гектары бидайға бөлінген. Майлы дақылдардан зығыр өсіру (1342 гектар) қолға алынуда.

Серіктестіктегі түсім көрсеткіші жаман емес. Соңғы үш жылда орташа түсім центнеріне 14,7 гектардан айналыпты.

Шаруашылықта түрлі маркадағы 46 трактор бар. Дені мемлекеттік қолдаулар арқылы сатып алынған. 2014-2017 жыл аралығында 32 ауыл шаруашылығы техникасын 742 млн. теңгеге алған. Келер жылдың соңына дейін 180 млн. теңгеге тағы 2 техникаға қол жеткізбек. Жанармай, тұқым мәселесі бойынша да қам жемейді. Мемлекеттік қазынадан субсидияланады.

Директордың әңгімесін мұқият тыңдаған облыс әкімі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі тұрғысында сөз қозғады.

Сіз мемлекет қолдауын жан-жақты пайдаланып отырсыз. Кәсібіңізді дамыту үшін билік тарапынан барынша жағдай жасалған. Енді, өз кезегіңізде мемлекет алдындағы міндетіңізді ақтап, жерлестеріңізге көмектесуіңіз тиіс. Елбасының «Туған жер» бағдарламасында көрсетілген тапсырмаларды орындауға үлесіңізді қосыңыз. «Туған жерге туың тік» дегеніңіз осы. Әр кәсіпкер кіндік қаны тамған мекенге қамқорлық жасаса, бізден бақуатты ел болмайды, – деді Ерлан Жақан­ұлы серіктестік басшысына.

Батпақты ауылындағы тасы өрге домалаған серіктестіктердің бірі – «Найдоровское» ЖШС. Облыс әкімінің сапары осы жерде түйінделді.

Шаруашылық басшысы Павел Лущактың айтуынша, биыл 9200 гектарға бидай, 2698 гектарға зығыр, 326 гектарға күнбағыс, 200 гектарға жасымық және 100 гектарға картоп отырғызылмақ.

Науқанға 20 трактор мен 3 тұқым себу кешені жұмылдырылған. Жұмыс қарқынмен жүргізілуде. Маусымның басында мәреге жетпек. Бүгінде 60 пайызды межеледі.

Сондай-ақ, серіктестік Батпақтыда 8 мың тонналық көкөніс қоймасын тұрғызуда. Бұйыртса, тамызда құрылыс аяқталмақ.

Қырда

еңбек қызу

Тауық жылы облыс диқандары 823 мың гектар алқапта егін егуге кірісті. Былтыр 741 мың гектардан астық орылған еді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы егістік көлемін ұлғайту бағытында келелі жұмыстар атқарғаны байқалады.

Биыл 748 мың гектарға дәнді және бұршақ тұқымдастар, 14 мың гектарға майлы дақылдар егіледі. 9,1 мың гектарға картоп, 1,4 мың гектарға көкөніс отырғызылады.

Науқанға 20 мың ауыл шаруашылығы техникасы қатысуда. Шаруашылықтар жанар-жағармаймен толық қамтылған.

600 мың гектарға су үнемдеу технологиясы қолданылады. Бұл – дәнді дақылдар алқаптарының 73 пайызы. Яғни, 2016 жылмен салыстырғанда 20 мың гектарға артық.

Егіс жұмыстарына С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті ұсынған жаңашылдықтар кеңінен қолданылуда.

Қазіргі таңда егіс науқаны 60 пайызды межеледі. Ауа райы оң қабақ танытып тұрса, он шақты күннің мұғдарында диқандар қауымы соқасын суырады.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Суреттерді түсірген

Д.КУЗМИЧЕВ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.