Астанадан – Ақтоғайға
Астананың 20 жылдығы мен Ақтоғай ауданының 90 жылдығына орай ұйымдастырылған велошеру өз мәресіне жетті. 4 қыркүйек күні Астанадағы «Қазақ елі» монументінен бастау алған сапар соңы Ақтоғай ауданында түйінделді.
Велошерушілер жолға шыққалы хабарласып, сапар барысы туралы хабар алысып отырдық.
Қарағанды қаласына келгенде Ту-тұғырдың қасынан күтіп алып, велошерудің жетекшісі Ернат Қашқыновты әңгімеге тартқан едік.
– Әрбір адамның туған жері бар. Туған елге, жерге деген сүйіспеншілік түлегін алға жетелеп отырары сөзсіз. Бұл сапардағы мақсатым – Отаныма, еліме деген махаббатымды осындай игі шарамен білдіру. Жалаң патриотизмге емес, елді сүю, жастарды салауатты өмір салтына бейімдеуге жасалған бетбұрыс. «Астана – Ақтоғай» велошеруін бастағалы бойымды елге деген ерекше сүйіспеншілік сезімі биледі. Астанадан Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері, археолог Жасұлан Ұкеев, Ақтоғай ауданы, Сәуле ауылының тұрғыны Асқат Сүйіндіков үшеуіміз шықтық. Біз кәсіби велошабандоз емеспіз, әуесқойлармыз. Сондықтан, мен велошеруге жетекші болған соң артылар жүк те аз болмады. Бойдағы жігермен барлығына төтеп беріп келеміз. Мәселен, АстанаОсакаровка аралығындағы 107 шақырымды 6 сағат 37 минутта жүріп өттік. Ол жерде бір тынығып алып, әрі қарай Қарағандыға дейінгі 101 шақырымды 6 сағат 6 минутта бағындырдық. Бізге деген елдің ықыласы ерекше. Әлеуметтік желі арқылы естіп, танығандар амандықсаулық сұрасып жатты. Ақ жол тіледі. Қарағандыдан қатарымызға Ержан Шақуов, Бағдат Қабылдин, Нариман Есмағанбетов сынды үш азамат қосылды. Енді, Ақсу-Аюлы ауылында бір түнеп, Ақтоғайдың «Алаш» алаңында велошеруді аяқтау жоспарлап отырмыз, – деді Ернат Қашқынов.
Сонымен қатар, Ернат өзімен үндес, рухтас адамдар табылып, шеруге қолдау білдірген жандарға ризашылығын жеткізді. Сапар алдында велосипедтерінің саймандарының түгел екеніне көз жеткізіп, бір пысықтап алып жолға шықты. Бұдан кейін ұялы телефон арқылы сөйлескенімде Ақтоғайға жеткендігін мәлімдеді. Ол жақта да, көпшілік ерекше қарсы алып, құрмет көрсеткендігін айтты. Алдағы уақытта велошеру ұйымдастырып тұратындығын жеткізді.
Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»