«Астана – бақ жұлдызымды жаққан қала»
Алаш баласының әлем танып, ғалам мойындаған ай дидарлы Астанасы – ұлы даланың төрінен орын алған Мәңгілік Елдің қаласы. Қыран тектес елдің тұғыры. Мәдениеттің ошағы, ғылым мен білімнің ордасы. Жаңа Қазақстанның, жасампаз мемлекетіміздің ерекше символына айналған құбылыс. Талай жанның қазығын қаққан, бақытын тапқан, жұлдызын жаққан құтты мекені. Осынау мекенге табан тіреу, тамашалау, сезіну де бір бақыт, маңдайға біткен бақ емес пе?! Аз уақыттың ішінде көркейіп, түрленген Елордамыз – елдігіміздің жаңа беттерін ашқандай тәуелсіздігімізді әйгілеп тұрған әсем қала. Астана десек, болашаққа ұмтылған ару қала көз алдымызға келеді. Мұны астаналықтар жақсы сезінеді, түйсінеді. Осыдан отыз екі жыл бұрын Астанаға ат байлап, қоныс аударған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық музыкалық қазақ драма театрының бас хормейстері Амантай Жұмашев Астана бағын ашып, жұлдызын жаққан құтты мекені екендігін айтады.
– Сарыарқаның төсінде Алпамыстай күн санап өскен Астана – тәуелсіз елдің алтын бесігі. Тотыдайын таранып, сұңқардайын сыланған шаһардың сұлулығына тамсанбайтындар кемде-кем. Талайларға арман болған бұл мекенді бір көруге ынтық жандар қаншама?! Астана – талайлардың жастығының куәсі, талайлардың шабытының шалқары. Астана – жастардың қаласы. Талай тағдыр осы шаһарда тоғысып, жалғыз жүректер осында сыңарымен табысқан. Талай жастың көкірек көзін ашып, таудай талабы, таланты бар тұлғаларды тәрбиелеген мекен – бұл. Ақындарға жыр, сазгерлерге шертілетін сыр болған Астана – мәдениеттің ошағы, ғылым мен білімнің, әдебиет пен өнердің қайнаған қазаны. Абыройы асқақ елдің мақтанышына айналған шаһар жыл өткен сайын көркейіп, ажары айшықтала түсуде. Астана – менің де жалын атқан жастығымның куәсі. Өйткені, менің ауылдан арман қуып шыққанда алғаш мамандық иеленген қалам. Целиноградтағы С.Сейфуллин атындағы мемлекеттік педагогика институтының музыка факультетіне 1978 жылы түсіп, білім алдым. Студенттік шағым осы жерде өтті. Оқуды тәмамдаған соң Жезқазғанға барып жұмыс жасадым. (Бірақ, осы қалаға қайтып бару менің жүрек түпкірімдегі арманым болды. Ақыры 1992 жылы Астанаға қоныс аудардым. Ол да бір қызық оқиға. Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық музыкалық қазақ драма театрын ашатын болып, 3 күн ішінде концерттік бағдарлама беру керек болады. «Ал, бұл шаруаны атқару кімнің қолынан келеді?» деген сұрақ туындағанда үзеңгілес досым, дирижер Алпысбай Тұрсынбеков Жезқазғанда Амантай Жұмашев есімді азаматқа тапсырсақ, бұл жұмысты шашау шығармай орындайды деп сенімді түрде айтыпты. Содан Жезқазғаннан ұшып келіп үш күн мұғдарында концерттік бағдарламаны, сахналық қойылымды әзірледім. Менің бұл небары 31 жасымда жасаған алғашқы қазақ өнеріне жаңа тыныс әкелген шағым еді.
Театрдың ашылуы «КонгрессХолл» сарайында өтті. Көп дауысты хорды, халықтық хорды, академиялық хорды әзірлеп жұрт назарына ұсындым. Сол кездегі қаланған негізім маған әлі күнге дейін азық болып келеді. Концерттік бағдарлама жоғары баға алып, Астанаға шақырту алдым. Менен бұрын қазақтың үлкен әншісі Нұрай Танабаев барып қызмет етіп жатқан. Отбасыммен бір жастағы баламызды құшақтап Астанаға қоныс аудардық. Жаңа ашылған Қуанышбаев театрының бас хормейстері болып жұмысқа орналастым. 3 бөлмелі үйді бергенше, 1 жыл 6 ай көлемінде қонақ үйде тұрдым. Сонда байқағаным ел экономикасы құлдырап тұрған тоқсаныншы жылдардың басында Астананың жағдайы жақсы болды. Іздеген затыңды дүкендерден табатын едік. Ол уақытта 300 мыңдай халық тұратын, қазіргі ғажап ғимараттар, сол жағалау жоқ кездер. Менің жұлдызымды жоғары жаққан Астана деп мақтанышпен айта аламын, – дейді Амантай Жұмашев.
Амантай Жұмашұлының айтуынша, сол уақытта Астана әкімінің орынбасары қызметінде болған Төлеген Мұхамеджанов еңбегін бағалап, шет мемлекеттерде өнер көрсетуіне ықпал етіпті. Өзі еңбек етіп жатқан өнер ұжымымен Германияның 4 қаласында, Мәскеуде, Венгрияда, Польшада, Қазақстанның бірнеше жерінде өнер көрсеткен. Қоғам қайраткері Әзербайжан Мәмбетовтің театр өнерін өркендетуге сіңірген теңдесі жоқ еңбектері Президент пен Үкімет тарапынан жоғары бағаланып, 2000 жылы Қазақстанның Халық қаһарманы атағы берілгенде сахналық қойылымды дайындаған. Алғаш Астана күні тойланғанда 300 оқушыдан құралған хор құрып, жас таланттардың өнерін паш еткен. Талантты композитор ретінде ол М.Шахановтың «Танакөз» поэтикалық драмасына, Т.Ахтановтың «Күшік күйеу», З.Жақыповтың «Бажалар мен балдыздар», М.Хасеновтің «Пай-пай, жас жұбайлар-ай», Ш.Қалдаяқовтың шығармаларына негізделген музыкалық спектакльге, тағы біраз қойылымдарға арнайы музыка жазған. Сонымен бірге, ол театрдың вокалдық тобының хорына, жеке дауыстарға арналған бірталай шығармалардың авторы.
А.Жұмашев театр ғана емес, басқа да өнер ұжымдарының қалыптасуы мен репертуарларын жаңғырту бағытында еңбек сіңірген. Ол «Тоқырауын толқындары» халықтық ән-би ансамблінің негізін қалаушылардың бірі және еліміздегі біраз аудан-қалалардың кәсіби және көркемөнерпаздар ұжымдарын құруда, репертуарларын жаңғыртуда орасан үлес қосты. Өнер саласындағы өнегелі жолы, ерен еңбегі еленіп 2007 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанып, 3 бөлмелі пәтерге ие болады. 2022 жылы «Құрмет» орденінің иегері болып, 60 жасқа толғанда өзінің туған жері Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы атанады. Асыл жары Махаббат екеуі тұла-бойы тұңғыштары Омардан алтын асықтай, күміс қасықтай немерелер сүйіп, ата-әже атанып отыр. Тіпті, көзінің нұры, өмірінің гүлі қызы 1994 жылы Астанада дүние есігін ашты. Сондықтан болар, өмірдің ағысты арнасында бірнеше биіктерді бағындыруға бастау болған Астана қаласына ризашылығы шексіз.
Бүгінде Астанада тұрып жатқан өнер иесінің әсем қала, ару қала, арман қала Астананың ажары айшықтала берсін деген жақсы тілегі бар!
Нұрдос КӘРІМ,
Ortalyq.kz