Жаңалықтар

Ассамблея – тұрақтылық тірегі

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Бұл – мемлекет тарихындағы ірі мереке. Өйткені, басты оқиға егемендік алуымыз болса, одан кейінгі кезекті ірі бастама – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы.

Сурет pricom.kz

Тәуелсіздік жылдарында мемлекетіміздің ішкі саясатын құрдық. Ішкі саясатты дұрыс әрі жүйелі құрған әлемдегі ең озық тәжірибелі мемлекеттер қатарындамыз. Себебі, бірлік пен келісімнің, татулықтың, ынтымақ пен берекенің барлығы мемлекеттің ішіндегі саяси тұрақтылықтан басталады.

Біз осы тұрақтылық мәселесіне баса назар аудардық. Біздің басты саяси жетістігіміз – тұрақтылық. Неге десеңіз, Қазақстан тәуелсіздік алған кезде шет елдік сәуегей саясатшылар Қазақстанды қауіп-қатер алаңы деп есептеген.

Себебі, Орталық Азияда көпұлтты мемлекеттің пайда болуына сол кездегі әлем елдері үлкен сенімсіздікпен қарады. Өйткені, алуан түрлі этностардың және сан түрлі діни конфессиялардың бір мемлекеттің ішінде болуы тұрақтылыққа қауіп төндіреді деп ойлады.

Ал, біз керісінше сан алуандылықты бірлік пен келісімнің, бейбітшіліктің ошағына айналдырдық.

Міне, сондықтан да, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы ҚХА 30 жылдығы аясында өткен кезекті сесссияда осы мәселелерге баса назар аударды.

Әрине, еліміздегі тұрақтылыққа сыртқа геосаяси факторлар да әсер етеді. Қазіргі таңда көңілге сенім ұялататын бір мәселе көрші елдер арасында шекаралық дау жоқ. Біз барлық көрші елдермен шекарамызды шегендеп алған әлемдегі бірегей мемлекетпіз.

Мысалы, Өзбекстан мен Тәжікстан, Тәжікстан мен Қырғызстан арасында шекаралық даулар бар. Сондықтан, Орталық Азия үнемі дау-дамайдың орталығы болып келді.

Ал, биыл Орталық Азия елдерінің Президенттері, яғни, Қырғызстан мен Тәжікстан, Өзбекстан мен Тәжікстан, Өзбекстан мен Қырғызстан өзара келісіп, шекараларын анықтауға кірісіп кетті. Яғни, бұл мемлекеттердің арасындағы шекаралардың анықталуы. Бұл мәселенің толық шешілуі Орталық Азияда болашақта ауқымды экономикалық және саяси-демографиялық өрлеуге әкеледі.

Өйткені, кез келген ел көршілерімен тату болып, араларында ешқандай дау болмаса, дами түседі. Экономикалық тұрғыдан оңтайлы бола түсіп, бір-біріне сеніммен инвестиция тартады. Міне, Ассамблея сессиясында осындай халықаралық геосаяси жағдайлардың оң өзгерістермен шешіліп жатқанын Мемлекет басшысы айрықша атап айтты.

Нұртас СМАҒҰЛОВ,

тарих саласы бойынша PhD докторы, профессор ассистенті

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button