«Ассамблея – тұрақтылық тұғыры»

     Санаулы күндерден кейін Астана төрінде тағы бір тарихи жиын салтанат құрады. Ол – Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV сессиясы. Мәртебелі жиынға ҚР Президенті – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВ төрағалық жасайды.

     Бекем бірлік пен мызғымас достықтың бесігіне айналған Қазақстан үшін тағы бір тарихи белестің парағы ашылып, тың міндеттер мен мүмкіндіктер айқындалмақ.

     Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласымен келген қоғамдық серпіліс. Елдік мұратты еңсеру жолындағы қарағандылықтардың үлесі қандай? Ассамблеяның мерейтойлық сессиясынан не күтеміз? Осы тақырыптар төңірегінде Жезқазған қалалық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, қалалық мәслихат депутаты, ҚХА мүшесі, Білім меценаты Бекзат Қомарұлы АЛТЫНБЕКОВ ой толғайды.

Бекзат Қомарұлы, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге бағытталғаны белгілі. Руханияттың көрнекті өкілі ретінде Сіз қандай ой түйдіңіз?

Ұлт Көшбасшысының кез келген стратегиялық бағдарламалары мен ұсыныс-көзқарастарын, Жолдауларын халық асыға күтетін жағдайға келді. Өйткені, Елбасы сөзі мен ісінің қабысып, одан қарапайым халық игілік көретініне деген сеніміміз ұлғайған. Бұл жолғы мақаласы да қоғамдық жүйеге серпіліс әкеліп қана қоймай, әрбір қазақстандықтың жүрегіне сенім, бойына рух ұялатты. Өзім де аса зор ыждаһатпен оқып шықтым.

Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясымен үндестік тауып, бұрнағы «Мәдени мұра» бағдарламасының кем-кетігін толтырған байыпты бастамалар жиынтығы болды. Ұлы Даланың ұлы мұраттарын еңсерді. Әлемдегі озық дамыған 30 елдің қатарына ену мүмкіндігімізді айқындап берді.

Мәселен, өзінің қатпарлы тарихы, қастерлі ана тілі, мәйегі мол мәдениеті, ғылым мен техника тілін меңгеруге деген қабілеті бар елдің ешкімге еліктемей-ақ, көш басынан көріне алатындығын меңзеді Елбасы. Міне, Көшбасшымыздың көрегендігі!

Мақалада қамтылған ұлттық құндылықтарымызды ұлы мұраттарға жету жолында кәдеге жарату міндеттерін сіңіру үшін сананың сергектігі қажет. «Өкінішке орай, тарихта тұтас ұлттардың ешқашан орындалмайтын елес идеологияларға шырмалып, ақыры су түбіне кеткені туралы мысалдар аз емес. Өткен ғасырдың басты үш идеологиясы – коммунизм, фашизм және либерализм біздің көз алдымызда күйреді», – дейді Елбасымыз өз мақаласында. Яғни, осындай тарихи қатерден айналып өтер айқын жол нұсқап отыр. Осы тұрғыдан алғанда, Елбасы мақаласы – толыққанды тарихи құжат.

Мақала идеясының Ассамблея функцияларымен үндестігі туралы не айтасыз?

Үндестігі – зор. Елбасы мақаласына өзек болған идеялар мен Ассамблея функцияларының негізгі мақсаты – рухани құндылық. Мақалада Елбасымыз «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек» деген мазмұнда тарихи түйін жасайды. Біртұтас қазақстандық ұлттың тарихи жауапкершілігі Ассамблея бағдарламасында да бар. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы арқылы өзін халқын шексіз сүйген, сүйе білетін шынайы патриот ретінде тағы бір мәрте дәлелдеді. Ал, Ассамблея да – нағыз патриоттар мінбері. Жекелеген ұлттардың емес, тұтас Отанның тағдырына алаңдайтын мәртебелі орган. Айналып келгенде, Ассамблеяның өзі – Елбасының тарихи идеясының жемісі. Яғни, төл перзенті. Сондықтан, мақала мен Ассамблея идеяларының арасынан жік іздеу – қателік.

Бәрекелді! Ассамблея өзінің тарихи миссиясын мінсіз атқарып келе жатқанын көзіміз көріп отыр. Конституциялық органның тарихи маңызын Сіз қалай бағалайсыз?

Біріншіден, Ассамблея – тұрақтылықтың тұғыры, Тәуелсіздіктің тірегі. Елбасының әуелдегі бастамасы да осындай ізгі мақсаттан туындағаны белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, Ассамблея өзінің тарихи миссиясын мінсіз атқарып келеді. Тұрақтылыққа тұғыр болды, Тәуелсіздікке тірек болды.

Мұндай институт әлемнің бір мемлекетінің даму үдерісінде болған емес. Біржақты экономикалық бағыт ұстанып, тарихтың ұрымтал сәттеріндегі сын мен қатерлерге төтеп бере алмай жатқан елдердегі дағдарыс біздің даналықты қазық еткен дара дамуымызды айналып өткенін көзіміз көріп отыр. Бұл қалай мүмкін болды? Тарих теперішімен Қазақстан азаматына айналған өзге ұлттар мен ұлыстардың өкілдері бір отбасының мүшелеріндей ортақ мүддеге жұмылу арқылы сындарлы сәттен сүрінбей өтті. Олардың өз тілдері мен мәдениетін, ұлттық құндылықтарын дәріптеуге ешқандай кедергі болған жоқ. Керісінше, мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, гранттар бөлу арқылы ұлтаралық татулықты насихаттайтын ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Осының барлығы – Елбасы саясатының көшбастар көрегендігі еді. Ал, Елбасының осы мақсаттағы идеяларының көбі Ассамблея мінбері арқылы іркіліссіз іске асып, ұлт кәдесіне жарады.

Ассамблеяның жеке тағдырыңызға тигізген ықпалы болды ма?

Болды, әрине. Ассамблея мүшесі ретіндегі мүмкіндігімді пайдалана отырып, Елбасы поштасына хат жолдадым. Жалпы, мен Елбасымен сәт сайын сырласып отырамын. Бетпе-бет емес, әрине. Әрбір баянды бастамасы мен ұтқыр ұсыныстары төңірегінде ой қорытып, Алладан Қазақ елінің адал перзенті Елбасымыздың амандығын тілеп отыру – күнделікті дағдым. Жүрегімнің жөргегіне құндақталып, көңілімнің бақшасында бүр жарған адал ниетім мен ақ пейілімді Елбасының өзіне жеткізгім келді. Біртуар тұлғаның тарихи еңбегін таразылау әр азаматтың шынайы бағасынан бастау алса керек-ті. Ортақ Арманмен асқақтап, ортақ Отанды сүйіп, ортақ Тағдырға айналған барша қазақстандықтардың жүрегіндегі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлына деген құрмет пен ықыласы шексіз болса деп тілеймін.

Сол хат қанаттандырды ма, ісім алға басып, арман-мақсаттарыма біртіндеп жете бастадым.

Жерінің қойнауы құтқа толы Жезқазған өңірі мен Ұлт бірлігінің бесігі Ұлытау топырағында Сіз ұйытқы болып жүрген жарқын істердің көп екенін білеміз. Қалалық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы ретінде қолға алған бастамаларыңыз бен атқарған істеріңіз өтелген парызға өлшем болып жүр ме?

Жалпы, жарнаманы жаным қалай қоймайды. Дегенмен, Қазақстан халқы Ассамблеясының жетекші құрылымы саналатын Қоғамдық келісім кеңесіне басшылық жасап, мәртебелі органның жоспарына сәйкес жұмыс істеп отырғандықтан, атқарылған істерді айтуға тиіспіз.

Қасиетті Жезқазған-Ұлытау жері – бірліктің белгісін тасына таңбалаған, ерліктің белгісі Едігені шыңына шығарып, келісімнің киелі бесігі болған Хан ордасын қасиет тұтқан, үш жүздің тұтастығы таразыланған, тарихының тамыры тереңге кеткен киелі мекен. Жезқазған қаласында 100-ден аса ұлттың өкілдері тұрады. Ымыра-бірлігі жарасқан осынау тарихи мекеннің тыныс-тіршілігі де кейінгі жылдары тарихи оқиғаларға толы болып отыр. Соның бірі – Жезқазған қаласы әкімдігі жанынан құрылған Қоғамдық келісім кеңесінің ел игілігіне бағытталған жүйелі жұмысы.

«Ұлы Дала Елі» республикалық тарихи-мәдени экспедиция мүшелерін Ұлт бесігі саналатын Ұлытау топырағында қарсы алып, халықпен кездесулер ұйымдастырылды. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойы шеңберінде ұйымдастырылған «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы Қарағанды облысы бойынша Жезқазған қаласында, қасиетті Ұлытау жерінде өтті.

Тәрбиенің бастауы, ұлттық танымның қайнар бұлағы, кеше мен бүгінді, бүгін мен ертеңді жалғастырушы үлкен мектеп – ҚХА жанындағы Аналар кеңесі. Біз де Қоғамды келісім кеңесі жанынан Аналар кеңесін құрып, жетекшілігіне ҚХА мүшесі, ақын Зулпа Чумакованы таңдағанбыз. Аналар кеңесі қоғамдағы ана мен бала мәселесінің, қыз бала тәрбиесі мен отбасы мәселелерінің өзекті сұрақтары бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде.

Аналар кеңесінің нәтижелі жұмыстарының бірі – 2016 жылдың 15-16 сәуірінде Қоғамдық келісім Кеңесінің шеңберінде өткен ҚХА Қарағанды облыстық хатшылығы жанындағы Аналар кеңесінің көшпелі мәжілісі болды. Көшпелі кеңес жұмысына Ұлт анасы, жазушы, қазақ елінің мақтанышы, батыр бабамыз, аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлының келіні, ұлт тәрбиесінің үлгісіне айналған «Шуақты күндер», «Бабалар аманаты» сынды кітаптардың авторы Зейнеп Ахметова қатысты. Зейнеп апаймен бірнеше мекемелерде, оқу орындарында кездесулер ұйымдастырылып, апай аталы сөзімен, мазмұнды әңгімесімен, өнегелі тәрбиесімен, ғибратты аманатымен ой бөлісті.

Қоғамдық келісім кеңесінің тағы бір жемісті жобасы – «Ютария LTD» ЖШС жанынан құрылған Аналар кеңесі. Аталған компанияда 500-ден астам әйелдер жұмыс істейді. Яғни, аналар іскерлігі мен проблемалары бірдей тоғысқан өндіріс ошағы. Компания жанындағы Аналар кеңесіне Тұрсынай Ибадатова жетекшілік жасайды. Ал, компания басшысы, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Сәуле Шәуенова ханым кеңес жұмысына тұрақты қолдау көрсетіп, Аналар кеңесінің жұмысына жіті бақылау жасап отыр. Тікелей Аналар кеңесінің ықпалымен өндіріске жұмыссыз жастарды тарту, көпбалалы, жалғызбасты аналарға қолдау көрсету секілді өзекті мәселелер шешімін тауып келеді. Осындай санаттағы әлеуметтік топтарға арнап жатақхана, балабақша ашу мәселелерін көтеріп, қозғау салып жатырмыз.

Рухани ізгілікті дәріптеу мақсатында қыруар іс тындырып жатыр екенсіздер. Демеушілеріңіз кім?

Мақтанғанымыз емес, жергілікті кәсіпкерлердің ешқайсысына алақан жайып жүрген жағдаймыз жоқ. Осынау шаралардың барлығына өзім құрылтайшысы болып отырған Жезқазған Көлік және бизнес колледжі мен Қоғамдық келісім кеңесі жанынан құрылған «АНА» (Ар, Намыс, Адалдық) атты әлеуметтік жоба демеушілік жасайды. «АНА» әлеуметтік жобасының жетекшісі – кәсіпкер Шолпан Сүйіншібаева ханым. Бұл жобаның негізгі бағыты – Аналар кеңесінің жұмысынан бөлек, демешілік, мейірімділік, қайырымдылық іс-шаралары.

Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы Сіздердің Халықаралық шаралар ұйымдастыруға да ұйытқы болып жатқандарыңыздан құлағдар болып жатамыз. Атап айтқанда…

Өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы нәубет пен зобалаң зардабын тартқан қазақ халқы ғана десек, қателесеміз. Саяси қуғын-сүргін салдарынан Қазақстанға жер ауып, біздің Қарағанды облысының әр түпкіріндегі саяси лагерлерде тұтқында болып, осы топырақта опат болған өзге ұлт өкілдері қаншама. Сондықтан, бұл нәубетке жергілікті деңгейдегі көзқарас аздық етеді. Осы мақсатта, Қоғамдық келісім кеңесінің ұйытқы болуымен өткен жылы біз «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты Халықаралық форум ұйымдастырдық. Форумға шетелдер мен Қазақстанның әр аймағынан 200-ден астам делегат қатысып, Қоғамдық келісім кеңесінің кеңейтілген отырысының мәртебелі мейманы болды. Бүгінде қаламыздың қоғамдық өміріндегі мазмұнды шаралар алаңына айналып отырған Қоғамдық келісім кеңесінің залы да осы форум аясында ашылған-ды.

Елімізде тұңғыш болып Жезқазған төрінде ашылған Қоғамдық келісім залы содан бері қаншама іс-шаралардың ордасына, ашық ой-пікірлер алаңына айналды. Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Шаңырақ» жастар ұйымының 13-14 ақпан аралығында өткен «ХХІ ғасыр көшбасшысы» атты республикалық форумы осы кеңес залынан бастау алды және Қоғамдық келісім кеңесінің демеушілігімен өз жұмысын екі күндік бағдарламасына сәйкес сәтті аяқтады.

Бекзат Қомарұлы, «Орталық Қазақстан» газетінің ормандай оқырманы Сізді үнемі қайырымдылық шараларының басы-қасында жүретін Атымтай-Жомарт азамат ретінде таниды. Жолдан жығылып көрмеген жомарттығыңыздың жоралғысы жалғасып жатқан болар…

Өзім – әкеден жетім қалып, жесір ананың қабағын баққан он үш баланың ортаншысымын. Әкем дүниеден өткенде мен небары 11 жаста едім. Бала болып ойыным да, әке мейіріміне шөлім де қанбады. Әйтеуір, қайырымды жандардың шапағатын көп көрдім. Сондай аға-апаларыма қарап бой түзеп өскендіктен болар, қайырымды болуды, мұқтаж жандарға көмек қолын созуды өмірлік мақсат еттім. Кейбір замандастарым дархандығымды дарақылыққа балап жүр. Сонда да, қолымда барды көппен бөлісіп, адамға қуаныш сыйлап, шапағатымды көрген жанның жанарындағы қуаныш табын көзбен көруді бақытыма балам жүрмін.

Серіктестеріммен бірге 2009 жылы «Зиялы ұлт болашағы» жобасын қолға алғанбыз. Сол жоба саясында бүгінгі күнге дейін белсенді студенттерге, мектеп оқушыларына, әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балаларына, жетім балаларға 100-50% оқу ақысына жеңілдіктер жасалып, үздіктерге шәкіртақылар мен сыйақылар тағайындалып келеді. «Мектепке жол» республикалық акциясына да тұрақты қатысып, қала мектептері мен мектеп интернаттың білім алушыларына тұрақты қайырымдылық көмек көрсетілуде. Қала мектептерінің үздік оқушыларына ұлт ұлылары Қ.Сатпаев, Д.Қонаев және ұлағатты ұстаздар Қ.Шыңғысов, А.Асанова атындағы арнайы шәкіртақылар тағайындалып, жыл сайын тұрақты беріп келеміз. Қаламыздағы Сарыарқа көшесінің аулаларына, №9, №13 мектептердің ауласына «Ойын алаңдары» салынды.

Жазба ақындардың облыстық мүшәйрасы, «Қасым» кубогы қаржыландырылып, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында Баубек Бұлқышев пен Мұқан Иманжановтың 110 жылдығына айтулы іс-шара ұйымдастырылды. Бірнеше жылдан бері республикаға, облысымызға, қаламызға танымал ақын-жазушылардың кітаптарын шығаруға тұрақты демеушілік көмек көрсетіліп келеді. Жыл сайын қаламыздағы соғыс, еңбек ардагерлеріне, мүмкіндігі щектеулі азаматтарға, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арнайы қайрымдылық мерекелер, дөңгелек үстелдер, қабылдаулар ұйымдастырудан жалыққан емеспіз. Соның бірі ретінде Малшыбай ауылдық округінен Қоғамдық келісім кеңесінің қабылдау бөлмесі құырылып, кеңес жұмысын үйлестіруші болып мүмкіндігі шектеулі Ақбөкен Серікті тағайындағанымызды айтар едім. Мүгедектігіне байланысты алатын жәрдемақысына қазір кеңестің кесімді жалақысы қосылды. Өмірге деген құлшынысы артты. Сонымен қатар, «Айтуға оңай» бағдарламасының шақыртуымен баспанасыз жүрген он балалы отбасына көмек көрсетіліп, оларға қаржылай жәрдем жасалды. Шаханда болған қайғылы оқиғадан зардап шеккен отбасыларына қаржылай жәрдем көрсетілді.

Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды. Сіз қалай үн қосар едіңіз?

Мен азамат болып, ат жалын тартып мінгелі туған жерімді назардан тыс қалдырып көрген емеспін. Атам қазақтың «Туған жерге туың тік» деген өсиетін бұлжытпай орындап келемін десем, мақтанғандығым болмас. Иә, менің туған жерім – Ақтоғай ауданы. Соңғы 10 жылдың көлемінде Ақтоғай ауданының өнер мектебіне, «Тоқырауын толқындары» ансамбіліне, журналистеріне тұрақты түрде демеушілік көрсетіп келемін. Талантты жастарды қолдау мақсатында Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаев атындағы арнайы шәкіртақылар тағайындалып, тұрақты беріліп келеді. Болашақта мұндай шараның ауқымын кеңейтіп, қайырымдылық шараларын жалғастыра беретін боламыз.

Биыл елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен «Қайырымды ел-2017» жалпыұлттық акциясы бастау алды. Акцияға қосар үлестеріңіз қомақты шығар…

Әрине, акциядан сырт қалмаймыз. Өзім құрылтайшылық ететін Жезқазған Көлік және бизнес колледжінде қызметкерлерге туристік жолдамалар, көлік, пәтер беру секілді игі дәстүр бұрыннан бар болатын. Биыл колледж қызметкерлеріне 5 пәтердің кілті «Қайырымды ел-2017» акциясының тұсаукесерінде тапсырылмақ.

Жалпы, Қоғамдық келісім кеңесінің жұмысы ел арасында қызу қолдау тауып, тың мақсаттарды көздеген ауқымды жұмыстармен ерекшеленуде. Сондықтан, біз бірліктің байрағы көтеріліп, берекенің бесігі болған еліміздің еңсесі қашанда биік болғанын қолдаймыз. Ассамблеяның кезекті сессиясына біз осындай тартулармен келіп отырмыз.

Әсерлі әңгімеңізге көп рахмет!

Сұхбаттасқан

Ерсін МҰСАБЕК.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.