Бас тақырып

Ассамблея атқарар міндет зор

Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі миссиясы – елдегі келісім, татулық пен тыныштықты сақтауға үлес қосу. Алайда, Ассамблеяның бүгінгі таңда атқарып отырған жұмысы мұнымен шектелмейді. Ол –  ұлтына қарамастан, тұтас Қазақстан халқының, әр адамның басындағы түрлі мәселелерді қаузап, оны Мемлекет басшысы алдына шығаратын іргелі ұйым. Оның Кеңесінің бұл жолғы кеңейтілген отырысында әр қазақстандыққа қатысты жайттар айтылды.

ЭТНОСТАР МӘСЕЛЕСІ – ЕЛДІҢ МӘСЕЛЕСІ

Бір елде, бір қоғамда өмір сүргеннен кейін қандай да бір мәселенің «ол басқа біреудің проблемасы, менікі емес» деген қағида жүрмейді. Тікелей болмаса да әсер етеді. Ал, көпұлтты біздің елде бұл тіптен айқын сезіледі. Әдетте, тұрмыстық түйткілден басталатын келіспеушілік ұлтаралық қақтығысқа айналып кетеді. Осындай қақтығыстардың оңтүстік өңірлерде жиі болатыны рас. Даудың алдын алу мақсатындағы шараларды Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жеткізді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Шорнақта, Қарабұлақта болған оқиғалардан кейін өңірде этносаралық шиеленістерді тікелей зерттейтін мониторингтік орталық ашу қолға алынды. Нәтижесінде, этносаралық катынастардың картасы әзірленді. Онда айрықша назар аударуды қажет ететін жерлер – қызылмен, үнемі бақылауға алатын жерлер – сарымен, келісім бар аймақ – жасылмен белгіленген. Аталған өңірде тәуекелді есептеу, болуы ықтимал қақтығыстардың алдын алу жан-жақты шаралардың көмегімен, сонымен бірге, тараптардың ақсақалдары, құқық қорғау органдарының ықпалымен шешіліп келеді.

Сөз алған бірқатар спикерлер білім беру орындарындағы көптілділік мәселесін қозғады. Сол оңтүстік өңірлерде өзге ұлт өкілдері білім алатын мектептерде сабақтарды қазақ тілінде және басқа да тілдерде өткізу қажеттігі айтылды. Ана тілінде ғана сөйлейтін өзге ұлт жастары  көбіне көп жоғары оқу орындарына түсе алмай, өз ауылдарына қайтып баруға мәжбүр. Яғни, этностар бір жерде оқшауланып, қазақстандық қоғамнан шеттетіліп қалады. Бұл мәселеге үн қатқан Президент Білім және ғылым министрлігі бүкіл әлемдегі көптілділік тәжірибесін тыңғылықты зерделеуі тиістігін айтты.

– Шындығында да біздің мектеп түлектеріміз қазақстандық қоғамға кіріктірілуі тиіс. Олар бәсекеге қабілетті болуы қажет. Бұл үшін олар мемлекеттік тілді де, ана тілін де және мүмкіндігінше орыс тілін де білуі керек. Балаларымыздың бірнеше тілді білгені өздеріне жақсы. Оларды бір тілмен ғана шектеуге болмайды. Сол арқылы біз іс жүзінде олардың болашақ дамуын, болашақтағы бірігуін шектейтін боламыз. Сондықтан, Білім және ғылым министрлігі бүкіл әлемдегі көптілділік тәжірибесін тыңғылықты зерделеуі және оны біздің ұлттық топырағымызға сіңіруі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

АНАНЫҢ ОРНЫ – ҮЙДЕ

Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі барлық аналардың, өскелең ұрпақтың мәселелерін көтерді. Аналар кеңесінің төрағасы Назипа Шанаи кеңестің бүгінгі таңдағы жұмысы тілі мен тарихын білетін мәдениетті тұлға тәрбиелеуге, этносаралық келісім мен ұрпақтар сабақтастығын үзіп алмауға және жастардың дұрыс кәсіби бағдарлануына бағытталғанын жеткізді. 

– Президент айтқандай, жастардың кәсіби бағдарлануы республикалық деңгейде болуы тиіс. Тұрақтылық болса ғана нәтиже болады. Tik-Tok-жобаларда өзін емес, елін насихаттап, тарихын кесіндеу қажет. Интернетте өзгенің өнімін бе, әлде өзіміз әзірлеген дүниені көреміз бе, жастар соны шешуі керек. Бұл тұрғыда жастар озық. Олар бізге қарағанды жаңа технологияларға жақын.

Қазір кеңес «Мәдени ана – мәдени ұлт» республикалық жобасын жүзеге асыруды бастады. Оның түрлі бағыттары бар. Мәселен, Қзақстанның солтүстігіндегі тұрғындарға мемлекеттік тілді оқытуға басымдық берілсе, батыс, оңтүстікте бұл өзекті емес. Ол жақта басқа мәселеге көңіл аудару керек болады. Бірақ, аналардың рухани, мәдени дамуы барлығына ортақ қажеттілік, – деді Назипа Шанаи.

Бұл ретте Мемлекет басшысы ананың орны ошақтың қасынан алыстамау керегін айтты.

– Шын мәнінде ана дегеніміз – отбасының ұйытқысы, ананың орны ерекше. Оны бәріміз де білеміз. Сондықтан, біз қоғамда анаға деген құрметті жоғары қоюымыз керек. Сонымен қатар, аналар да қоғам алдында өз жауапкершілігін терең сезінуі керек. Кейбір көпбалалы аналарымыз заңсыз еруілдерге шығып, айқай-шу көтеріп, қоғамдық тәртіпті бұзып отыр. Біз «Бейбіт жиналыстар туралы» заң қабылдадық. Кім не айтса да, бұл – демократияны дамыту жолындағы маңызды қадам. Бейбіт жиналыстар мен демонстрацияларға ешкім де кедергі келтірмейді. Онда бәрі жазылған. Ресми рұқсат алу қажет. Бұл жиналыстар, демонстрациялар хабарландыру режимінде де өткізіле алады. Бірақ, осынау болмашы талапты кейбір азаматтар бұзуға болады деп есептейді. Осы тектес әрекеттерге құқықтық баға беріледі. Бас прокуратураның міндеті – азаматтарымызға осы заңды түсіндіруді жалғастыру, ал барлық құқық қорғау органдарының міндеті қоғамдық тәртіпті, заңнамамызға сәйкес қолдау, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Аналарды толғандырған мәселелер бұл ғана емес.

– «Balapan» – жаңа туған сәбиден бастап 8 жасқа дейінгі балаларға арналған телеарна, – деді отырыста осы телеарнаның бас продюсері Сандуғаш Кенжебаева.

– Қазақстанда 9-дан 18 жасқа дейінгі балалар көретін арна жоқ. Яғни, жасөспірімдердің танымын қалыптастыратын сенімді платформа жоқ деуге болады. Сондықтан, мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін телеарналар балаларға арналған контентке кем дегенде екі сағат эфир уақытын бөлуді сұраймыз. Тағы бір мәселе, бүгінде біздің арна эфирінің 80%-ын анимациялық өнім толтырып отыр. Оның 30%-ы ғана – төл өнім, қалған 50%-ын шетелдік мультхикаялармен толтыруға мәжбүрміз. Біз, Ассамблеяның Аналар кеңесімен бірлесіп әлеуметтік танымдық роликтер түсіріп, халқымыздың тарихын, мәдениетін танытатын анимациялық жобалар жасауды жоспарлап отырмыз.

«KANIKAR club» әйелдер клубының жетекшісі Алтынгүл Каникар аналар мектебін қалыптастыру қажеттігін тілге тиек етті. Ақмола облысы поляктар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Наталья Нагачевская болса, балалар театрын ұйымдастыру туралы ой айтты. Сонымен бірге, қолда бар мүмкіндікті дұрыс пайдалануға шақырды. Ол жастар арасында өте танымал  Tik-Tok платформасында патриоттық жоба жасауды ұсынды. Мемлекет басшысы да бұл ұсынысты қызығушылықпен қоштады.

– Сіз балаларды, өнерге, мәдениетке тартуға қатысты өте қызық ұсыныс айттыңыз. Мен бұл ұсынысты қолдаймын жән облыс әкімдерін де үндеймін. Шынымен де, балалардың халық театрлары  жұмысын бастап көрейік те. Балаларымыздың арасында таланттылар өте көп. Күні кеше ғана Жезқазғанда болдым және балалардың өнердің сан түрімен, оның ішінде, домбыра тартатынын көрдім. Бұл –  қуантарлық жайт. Біз мұндай балаларға қолдау көрсетуіміз қажет. Ал олардың саны өте көп. Өлке  тарихы бойынша Tik-Tok жоба құруға қатысты ұсынысыңызды да қолдаймын. Шындығында бұл өте жақсы жоба. Қазір жастар негізінен Іnstagram мен Tik-Tok-та отырады. Бұл – біздің өміріміздің шындығы, – деді Мемлекет басшысы.

ПРЕЗИДЕНТ АЙТҚАН  8 МІНДЕТ

Елдегі тұрақтылық пен татулық қоғамдағы ынтымақ пен теңдіктен, өзара сенім мен құрметтен бастау алады. Отанымызда түрлі мәдениеттердің үйлесім тапқаны – соның айқын көрінісі. Бұл – біртұтас ұлт болып ұйысуымыздың басты қағидаты әрі айнымас стратегиялық бағдарымыз.

– Мен биылғы Жолдауымда ел бірлігін нығайта түсу қажеттігіне айрықша мән бердім, – деді Мемлекет басшысы. – Осы маңызды жұмыста Ассамблеямыз ең басты роль атқаратыны сөзсіз. Кейінгі кездері Ассамблеяны түрлі этникалық топтардың мүддесін қорғаумен айналысатындығы туралы пікірлерді жиі естиміз. Меніңше бұл еліміз үшін аталған ұйымның мәнін түсінудің тым қарапайым, сыңаржақ пікірі. Ассамблея ұлт бірлігін берік етудің тиімді құралы болып азаматтарды ортақ ел идеясына біріктіре алды. Оны құру арқылы бізде этникалық мәселелерді саясаттандырмаудың тиімді механизмі пайда болды.

Ассамблея әрқашан мемлекеттік тілді насихаттауға және оның Қазақстандағы мәртебесін нығайтуға көп көңіл бөлді. Бұл үшін біз ҚХА-ға патриоттық ұйым ретінде құрмет көрсетуіміз керек. Азаматтық белсенділіктің қайырымдылық, әлеуметтік кәсіпкерлік, меценаттық, медиация сияқты жаңа нысандары әдеттегі тәжірибеге айналды.

«Этносаралық қатынас саясатын одан әрі жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдау керек. Бұл – қазіргі заманның талабы, Қазақстанның ұзақ мерзімді мақсаттарының бірі» деген Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдар мен Қазақстан халқы Ассамблеясына назар аударатын 8 міндетке тоқталды.

Біріншісі – мүмкіндіктер теңдігі қағидаттарына негізделген өңірлік даму. Президенттің айтуына қарағанда, әлемдегі тәжірибе этностардың оқшау шоғырлануы олардың әлеуметтік-мәдени оқшаулануына ықпал ететінін көрсеткен. Бұл этникалық анклавтардың, мәдени және тілдік кедергілердің пайда болуына, этносаралық шиеленістің өсуіне және тіпті қақтығыстардың туындауына әкеледі.

Екінші. Жергілікті атқарушы органдар жұмысының тиімділігін арттыру. Былтыр әр өңірдің ішкі саясат басқармасынан жеке бөлім ашылды. Осы бөлімдерге қолдау көрсетіп, жұмысын жандандыра түсу керек. Оларға өз құзыретіне кірмейтін тапсырма берілмеуі қажет.

Әркім өзіне жүктелген міндетті атқаруға тиіс. «Қоғамдық келісім» мекемесінің де қызметіне қатысты осы талапты ұстануға тиіспіз. Аталған ұжымдарда жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысын көбейткен жөн.

Үшінші – әлеуметтік, қылмыстық, тұрмыстық кикілжіңдердің профилактикасы. Бұл жергілікті атқару органдарының бірінші кезектегі міндеттерінің бірі. Тәжірибе көрсеткендей, этномедиация үшін кәсіби келіссөздердің форматы тиімдірек. Бұл бағытта Ассамблея негізгі орган болуы тиіс. 

Төртінші. Қазақстан халқы Ассамблеясын одан әрі дамыту. Ассамблеяның қоғамдық құрылымдары ауқымды этносаралық коммуникацияға жол ашуы керек. Республикалық аналар кеңесінің құрылуы – осы бағыттағы маңызды қадам. Бұл кеңес еліміздегі бірлік пен татулыққа негіз болып отырған құндылықтарды жастардың санасына сіңіруге атсалысады.

Сондықтан, Республикалық аналар кеңесіне жан-жақты қолдау көрсету қажет.

– Тағы бір мәселе. Бізде орман-тоғай аз. Сол себепті, мен еліміз бойынша 2 миллиард ағаш егу туралы бастама көтердім. Оған қоса елді-мекендерге 15 миллион көшет отырғызу қажеттігін айттым. Ассамблеяның белсенді жастары осы идеяны жүзеге асыруға атсалысады деп сенемін, – деді Президент.

Бесінші. Ассамблеяның әлеуметтік және қоғамдық маңызы бар жобаларды қолдау тәсілдерін дамыту. Президенттің айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері жыл сайын көптеген маңызды жобаны жүзеге асырады. Мұндай бастамаларды Ассамблеяның «халықтық» жобасы деп атауға болады. Олардың авторлары ресми түрде Ассамблея жобасының жетекшісі ретінде танылуы керек. Бұл ретте айтылған тағы бір маңызды мәселе Достық үйлеріне қатысты еді. Президент Достық үйлері мағынасыз жиындар өтетін жер емес, сарапшылар мен кәсіби мамандар жұмыс істейтін орын болуы керектігін атап өтті.

Алтыншы. Ассамблеяның ақпараттық жұмысын тиімді жүргізу. Қазір электронды БАҚ пен әлеуметтік желі ақпарат таратудың маңызды құралына айналды. Өңір басшылары жергілікті Ассамблеяның жетекшісі ретінде ақпараттық кеңістікте белсенді болуы қажет. Оның мүшелері медиасалада, соның ішінде, әлеуметтік желіде өз ұстанымын қорғай білуі тиіс.

Еліміздегі бірлік пен татулыққа қарсы айтылған бір де бір сөз жауапсыз қалмауы керектігін ескертті Президент.

Жетіншісі – мәдениеттер диалогы және жалпыұлттық азаматтық патриотизм. Біз этносаралық қарым-қатынастың үйлескен мысалдарын күн сайын көреміз. «Халықтар достығының, азаматтық патриотизм мен басқа ұлт өкілдерінің Қазақстанға деген махаббаты елдің білім беру, мәдени-ағартушылық, ақпараттық саясатында, ономастикада лайықты орын алуы тиіс» деген Мемлекет басшысы  Григорий Потанин, Федор Достоевскийдің Шоқан Уәлихановпен достығын, қазаққа сіңірген еңбегін мысал етті. Сол сияқты ұлттық музыка мұрасына адалдық танытқан Александр Затаевич пен Евгений Брусиловский сынды композиторлардың және басқа да жазушы, қоғам қайраткерлерінің  есімдерін атады.

Сегізінші мәселе – этносаралық саладағы ғылыми негізделген әдіс мемлекет саясатының басында болуы тиіс. «Бұл аса сезімтал бағыт популизм мен делитанттықты көтермейді. Бұл істе тек құзыреті бар мамандар жұмыс істеуі керек. Елдің ішіндегі және тіпті сыртындағы оқиғаларға біз барынша таразыланған, ғылыми фактілер тілімен және нақты сандармен өлшенген жауап қатуымыз керек», – деп атап өткен Қасым-Жомарт Тоқаев Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне интеграция мен жалпыұлттық бірлік, этносаралық қарым-қатынастағы үйлесімділік сияқты өзекті тақырыптар бойынша пайдалы практикалық зерттеулерді жолға қоюды тапсырды.

Алдағы міндеттерді табысты орындау үшін мемлекет пен қоғам бірлесе жұмыс істеуі қажет. Сонда ғана біз халқымыздың береке-бірлігін сақтап, мемлекетімізді нығайта аламыз. Тұрақты дамудың және өсіп-өркендеудің бірден-бір жолы – осы.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button