Биыл Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа көтерілгеніне – 35 жыл
Биыл қазақ елінің Халық қаһарманы, тұңғыш ғарышкері Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров сексен жасқа келеді. Уақыттың өзі таразыға тартқандай, дәл осы жылы оның ғарышқа көтерілгеніне де отыз бес жыл толады. Бірі – адам ғұмырының биік белесі, бірі – ұлт тарихындағы ұмытылмас сәт. Екеуі тоғысқанда, бір адамның өмірі арқылы тұтас дәуір сөйлеп тұрғандай.

1991 жылдың 2 қазаны. Байқоңырдың боз даласы таңғы тыныштығын ішіне тартып, көкке көз тіккен шақ. Сол сәтте зымыран оты лап етіп, аспанды тілгенде, ғарышқа тек бір адам емес, қазақ халқының ғасырлар бойы іште жатқан арманы самғап шықты. Ұшқан – Тоқтар Әубәкіров еді. Ал, көтерілген – елдің рухы болатын.
Содан бері отыз бесінші жыл жылыстады. Уақыт алыстаса да, сол күннің салмағы жеңілдеген жоқ. Себебі, бұл сапар ғылым үшін ғана емес, елдік үшін, еңсе үшін, намыс үшін жасалған ұшу еді. Қазақ баласы алғаш рет көкпен тілдесіп, Жерге жоғарыдан қарады. Батыр ғарышқа жалғыз ұшқан жоқ. Ол өзімен бірге Сарыарқаның самалын, Қарқаралының қарағайын, даланың иісін ала шықты. Орбитаға жеткенде туған жер көзге көрінбесе де, жүректегі сағыныш анық сезілді. Ғарышта салмақ жоқ дейді, ал, сағыныштың салмағы сол жерде бұрынғыдан да ауырлай түскені анық. Ғарышта ең ауыр салмақ сағыныш екенін Тоқтар ағамыз сонда түсінгендей.
Жеті күн, жиырма екі сағат, он екі минут…
Қағазға сыйған осы уақыттың ішінде қазақтың бағы сыналды. Ғарышта жүргізілген зерттеулер ғылым үшін маңызды болса, сол сапардың рухани салмағы одан да ауыр еді. Себебі, бұл ұшу – тәуелсіздік табалдырығында тұрған елдің тағдырымен тұспа-тұс келді. Сынақшы-ұшқыш үшін көк жат емес. Бірақ, ғарыш – басқа әлем. Мұнда бұрынғы жара да, бұрынғы сызат та еселеніп сезіледі. Қаһарман оны білдірмеді. Батырлар ауырсынбайды демейді, батырлар ауырсынуды жеңеді. Жерге оралғандағы үнсіз қиналысы – сол жеңістің бағасы еді. Юрий Гагарин бастаған ғарыш дәуірін батыр Тоқтар баянды етті. Бір империяның ғарыштағы ауыр жүк Арқадан шыққан азаматтың арқасына артылды, қазақ баласының қолына тапсырылды. Кеңестік ғарыш кемесінің соңғы ізімен бірге қазақтың тәуелсіз таңына жол ашылғандай болды. Осы орайда белгілі публицист Мағауия Сембай ағатайымның «СССР – Тоқтарға қарыз» деп жазған мақаласы еске түседі.
«Тоқтар ағамыз СССР-дің өзіне, қазаққа қарыз екенін айтпайды. Өйткені, ол – бөлек жаратылған жан. Желтоқсандағы намысы аяққа тапталған мұқым қазақтың тот басып, мұқалуға айналған алдаспанын қайрап алып, аямай сілтеген. Мұхтар Мағауин ағасы сияқты. СССР деген империя әлі тұрған ол кезде. Кремльдің награда тапсыратын Георгиев залындағы сөзін қазақшаға аудармай-ақ түпнұсқасында оқыңыздар. (Қазір орысша білмейтін қазақ жоқ шығар). – Тот, кто не кормит свою армию, тот преклонен кормить чужую армию. Михаил Сергеевич, Вы ведете страну на гибель – депті Батыр. Тоқаңның жанында СССР-дің Қорғаныс министрі, Маршал Шапошников тұрған екен.
«Ну, Аубакиров!» дегеннен аса алмапты. М.Горбачев подноспен әкелген шампанды ішпей (бүгінгі күнге дейінгі дәстүрлері осындай) табанын жалтыратыпты. Бұл енді, Тоқтар Батырдың ғана қолынан келетін шаруа» деп жазады қарымды қаламгер Мағауия Сембай ағамыз.
Елдің аузында бұл әңгіме әлі айтылып жүр. Ғарышқа ұшар алдында Тоқтар ағамыз Қорқыт ата мазарынан бір уыс топырақ алды. Мәңгілікті іздеген бабаның рухы ғарышқа бірге аттанды. Бұл – қазақтың жермен ғана емес, рухпен де байланысын үзбегенінің белгісі еді. Ғарыш пен дала, ғылым мен сенім осылайша бір адамның тағдырында түйісті. Тоқтар Әубәкіров – КСРО-ның 72-ші ғарышкері. Бірақ, қазақ үшін ол – тұңғыш әрі мәңгілік ғарышкер. Оның есімі ұлт жадында алтын әріппен жазылды.
Бүгінде сол тарихи ұшу отыз бес жылға жуықтады. Ал, қазақ батыры биыл сексен жасқа толады.
Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»



