«Ortalyq Qazaqstan» газетіне – 90 жыл

Қасиетті қарашаңырақ

Иә, біздің аймағымыздағы халқымыз қадірлейтін қарашаңырақтың бірі – облыстық «Орталық Қазақстан» газеті. Барлық баспасөз органдары сияқты оның да өзіне тән жүріп өткен жолы бар.

Мен «Орталыққа» келгенде марқұм Рамазан Сағымбеков ағамыз редактор болатын. Сонау 1964- 1965 жылдары Ақтоғайда оқыған кезімде өзім хабарлар жолдап жүретін облыстық газет маған етене жақын болды. Мен студент болып Қарағанды педагогикалық институтына түскенімде бұрын Ақтоғайда аудандық «Арқа еңбеккері» газетінде істеген Рымқұл Сүлейменов пен Жұмабай Есекеевтер осында қызметкер еді. Кейде жолым түскенде сол кісілерге кіріп-шығатын едім. Одан соң дәм жазып, облыстық атқару комитетінің теле-радиокомитетіне қызметке келіп, телестудияда «Жаңалықтар» редакциясында редактор, қоғамдық хабарлар редакциясында жастар хабарының аға редакторы болдым. Міне, сол кезде араласым тіпті жиілей түсті. Газеттің редакциясы мен біздің комитеттің қызметкерлерінің біріккен «летучкалары» өтетін. Оған аудандық және қалалық газеттердің қызметкерлерін де қатыстыратын.

Сол кезде облысымыздағы басқа да басылымдардың қызметкерлерімен танысудың сәті түсетін. Ондай кездесуден соң жігіттер жағының сырахана жағалап кететін оқиғалары да жиі болушы еді. Сол кезде бірге жүрген Мағаш (Мағауия Сембай) кейін республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде қызмет атқарып келіп, өзі еңбек жолын бастаған «Орталыққа» бас редактор болды, Сәттар (Әбусаттар Тұрғанбеков) Қазақстан Ішкі істер министрлігі Жоғары милиция мектебіне (қазіргі Заң академиясы) ауысып кетті. Еркін (Ермағанбет Лұқпан) көп жыл жауапты хатшы болып жүріп, ауыр науқасқа ұшырады. Дүйсенбек (Дүйсенбек Ысқақов) «Орталықтан» республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне ауысып, жап-жақсы қызмет атқарып жүрген жерінен қайтып келді, бірақ одан соң жарытып қызмет атқара алған жоқ. Сол кезде Қарқаралы аудандық «Қарқаралы» газетінде жауапты хатшы, одан соң Талды ауданындағы «Шұғыла-Восход» газетінде редактор болған, Алматыдағы партия мектебін бітірген соң «Орталыққа» қызметке келген Самат (Самат Жүнісов), ұзақ жыл хат бөліміне жетекшілік еткен, «Лениншіл жастың» (қазіргі «Жас Алаш») меншікті тілшісі болған Шәкең (Шайхан Жандаев) қандай жұмсақ, күліп қана жүретін тамаша азаматтар еді. Міне, бұлардың аттарын тізіп айтып отырғаным – олардың барлығы да бүгінгі күні ортамызда жоқ, о дүниелік болып кеткен жандар. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген атам қазақ. Бай болайын деген мақсатпен емес, кеше бірге жүрген, қатар отырып қалам тербеген азаматтарды еске түсіру үшін жазып отырмын. Жатқан жерлері жайлы, топырақтары торқа болсын. Мен «Орталыққа» 1980 жылдың 5 мамыры күні келдім, редакторымыз Рамазан Сағымбеков ағамыз сол күні бұйрық шығарды. Кеңес Одағы кезінде сол күні Баспасөз күні мерекеленетін. Түстен кейін Саяси ағарту үйінде (қазіргі «NurOtan» партиясының ғимараты) өткен салтанатты жиналысқа барып қатыстым. Әуелде «Партия тұрмысы» бөліміне Базарбай Мұстафин ағамыздың қарамағына жіберіп еді, екі-үш күн істеген соң Сапиолла Аңсаров ағамыз: Бұл өзі партияда жоқ, «Партия тұрмысы» бөлімінде қалай қызмет атқарады? Оның обкомға баруы, партия жиналыстары мен конференцияларға қатысуы керек қой, – деді бір лездемеде. Сапкеңнің сөзін Асхат Темірбаев ағамыз қолдады. Ол кезде ұжымда арыз-шағымның өршіп, екі күннің бірінде жиналыс өтіп жататын уақыт еді. Содан редакторымыз мені шақырып алып:

«Құрылыс және ауыр индустрия» бөліміне барсаң қайтеді? – деп сұрады.

Мен қуана келістім. Маған әйтеуір редакцияда қызмет істесем болды және бұл бөлімнің меңгерушісі Аман Жанғожин қатар жүрген азамат. Сонымен осы бөлімнің қызметкері болып кеттім. Бөлімнің басты жұмысы сол кезде салынып жатқан Теміртаудағы Қарағанды металлургия комбинатының ақ қаңылтыр цехының құрылысы және «Теміртау жұмысшысы» арнайы беті. Бұл бет төртке бөлінеді де, әр бөлім жекеет болады. Оған да үйреніп алдым. Апта сайын Теміртауға барамын, оған кәдімгідей іссапар рәсімделеді. Бұл тіпті пайдалы болды. Ол кезде Пришахтинскіде тұрамын. Күні бойы Теміртаудан материал жинап, кешкілік үйге сол жақтан келе саламын. Сөйтіп жүргенде Аман Жанғожин Алматыдағы партия мектебіне кетті де, орнына «Совет құрылысы» бөлімінде аға тілші болып жүрген Әбусаттар Тұрғанбеков меңгеруші болып келді. Бұрын бұл бөлімде істемеген Саттарды енді мен үйреттім. Екеуіміз жап-жақсы істеп жүргенбіз. Редакторымыз кетіп, орнына обкомда баспасөз секторының меңгерушісі болып жүрген Тілеухан Жүсіпов ағамыз келді. Жаңа басшы өзінің жаңалығын енгізді. Көптеген бөлімдердің қызметкерлерін ауыстырды. Мені қайтадан «Пратия тұрмысы» бөліміне жіберді. Меңгерушім Базкең асықпайтын, бәрін саралап, орны-орнына қойып отыратын сырбаз адам еді. Базкеңнің тапсырмасын тап-тұйнақтай етіп орындап отырдым. Кабинетте Хайриден Әубәкіров ағаймен бірге отырдым. Ол кісі Амантай Сағындықов ағамыз басқаратын «Насихат» бөлімінің қызметкері, зейнеткер болса да істеп жүрді. Марқұм өте қызық адам еді. Қызметкерлердің барлығы сыртынан ол кісіні «Марксист» деп атайтын. Қарама-қарсы отырамыз. Ол кісі жазған кезде маған көрсетпей, қағазының бұрышымен көлегейлеп алады. Тап бір мені аңдып отырғандай көргеніне өзім қысыламын. Одан соң әлгі жазғанын машинкаға барып айтады. Егер жанына тақай берсең, айтып отырған қағазын көлегейлей бастайды. Дауыстап айтып отырғандықтан, онсыз да естіліп жатқан мақаланы несіне жасыратыны белгісіз. Тіпті, ол мақала бәрібір газетте жарық көреді ғой. Одан соң кабинетке келіп, бастырған материалды оқып шыққан соң өзінің қолмен жазғанын ерінбей-жалықпай уақтап жыртып себетке салады. Сондай мұқият және өте сақ адам болды. Сірә, сонау жазықсыз жазалау жылдарында жасаған сақтығы өзіне әдет болып қалыптасып кеткен сияқты. Екі жылдан соң өнеркәсіп бөліміне жіберді. Онда бөлім меңгерушісі Қайыркен Сұлтанов ағамыз еді. Ол кісі костюмін шешіп, иығына жамылып алады да, жаза береді. Жазудан бір жалықпайтын. Өнеркәсіптің барлық саласын жақсы білетін, қаламы қарымды журналистердің бірі болды. Бізге талай нәрсе үйретті.

Бұл кезде кейін «Егемен Қазақстанның» біздің облыстағы меншікті тілшісі болған Айқын Несіпбай екеуіміз бір кабинетте отырдық. Айқынды бұрынан білемін. Қарағанды пединститутына сонау 1968-1969 жылдары келіп түсіп, Абзал Бөкенов, Серік Ақсұңқарұлы, Сәбит Бексейітов, Мұхит Адамов және басқалары бізден бір курс кейін оқыған еді. Одан соң Кәртай Ермекбаев ағамыз зейнеткерлікке кетті де, орнына мен «Еңбекші хаттары» бөліміне бардым. Мұнда бұрынғыдан да құлшына еңбек еттім. Өйткені, бұл бөлімде мен өзім ұнататын табиғат қорғаушылардың «Сарыарқа» бетін және «Бесеудің бұрышы» сын-сықақ бөлімін шығарумен айналыстым. Көп ұзамай атын өзгертіп, «Қарағанды қақпаны» деп атайтын болдық. Ол кезде Табиғат қорғау қоғамы деген бар – «Сарыарқаға» материал жеткілікті. Ал, сын-сықақ бөліміне материалдарды облыстық және қалалық бақылау-тексеру басқармаларынан, Халықтық бақылау комитеттерінен алып, оны фельетон етіп жазып шығамын. Бір бөлімге біреуі автордың атынан, екіншісі менің атымнан екі фельетон және «Қақпанға түскен кім еді?» деп екі жауап енгізілуі керек. Одан айнымаймыз. Автордың атынан мен жазсам да, қаламақы сол адамға қойылады. Бөлім меңгерушісі Сапкең ағамыз тықақтап отырады. Алдына отырғызып қойып ақыл айтады. Қай жерде кіммен айтысып-тартысқанын, кімнің бетін қалай қайтарғанын әңгімелейді. Маған ондайлардың қанша қажеті бар, саңырау тыңдап отыра беремін. Сөзінің соңында:

Әй, бала, ана фельетондарыңды дайындай бер. Біреуін қайтадан бастыратыныңды білесің ғой, – деп ескертеді. Айтқанындай, екі фельетонның бірін өзінің мәнерімен түзетіп-түзетіп, машинкаға қайтадан бастыратын етіп шығарады. Екіншісіне онша қалам тигізе қоймайды. Бұған қоса редакцияға түскен шағым хат бойынша іссапарға барып, «Бір хаттың ізімен» айдарымен мақалалар жазамыз. Түсетін материалдың көпшілігі орыс тілінде болып келеді. Әдебиет бөліміне түсетін әңгіме, өлеңдер ғана болмаса, басқасының барлығы орысша. Оларды аударып дайындаймыз. Бұған қоса аудандық партия комитетінің хатшыларының, ауатком төрағаларының, мекеме мен ұйымдар басшыларының мақалаларын дайындаймыз және оларға қаламақы беріледі. Ол кезде норма бойынша күніне екі жүз жол материал тапсыру керек болатын. Ол тек автордың материалдары, қорытылған хаттар болуы керек, «оған қаламақы аласың» деп, өз атыңнан жазғаның есепке алынбайды. Өйткені, газет күн сайын шығатын болғандықтан, материал шақ келмейді. Сөйтіп, бөлімдер арасында жарысқа түсетінбіз. Ол жарыстың қорытындысы апта сайын, ай сайын, одан соң тоқсан сайын шығарылып, жеңімпаздарға сыйлық берілетін. Кейде аудармашы болып істейтін Жәнібек Түсіпбеков ағамыз ауырып қалады немесе демалықса кетеді. Сондай кезде жас журналистерді Жәкеңнің орнына жібереді. Мұндағы жұмыстың да өз ерекшелігі бар. Келген хабарландырулардың барлығы орысша түсетіндіктен, оларды қазақшалау керек. Тағы бір «қызығы» телетайптан түскен хабарларды оқу еді. Шрифтісі тек бас әріптер ғана болғандықтан, бас әріптің астын сызып, Ұ әрпінің ортасын сызып, Қ және Ң әріптерінің аяғын көрсетіп деген сияқты, жөндеп береміз. Әйтпесе, баспаханада линотиптегі орыстың әйелдері қазақ әріптерін тергенде қате жібереді. Оны қайтадан теруге тура келеді. Линотиптің бір ерекшелігі – бір сөзден қате кетсе, бүкіл жолды қайтадан тереді. Бұл қорғасынмен жұмыс істегендегі қиындықтар ғой. Компьютерге кейінде көштік қой.

Міне, өткен ғасырдағы газеттің жұмысы осындай болатын. Мұндай әрекеттен тек егемендік алып, өз қолымыз өз аузымызға жеткенде ғана арылдық. Бұрынғы жұмысымыз бірте-бірте өзгере бастады. Кейіннен өзім бөлім меңгерушісі болдым, жауапты хатшы қызметін атқардым. Сөйтіп, кемел шаққа жетіп, зейнеткерлікке шықтым. Қасиетті қарашаңырағымыздың астында талай атақтарға ие болдым. Газеттің қара материалымен қоса өзімнің әңгімелерім мен повестерімді, арасында аздап өлеңдерімді қоса жаза жүріп кітаптарымды шығардым. Әуелі Қазақстан Журналистер одағының, одан соң Жазушылар одағының мүшесі атандым. Солардың барлығы осы «Орталығымның», осында еңбек еткен, қызметтес болған азаматтардың, ұжымның арқасы дер едім.

Сол «Орталық» мен келген соң келесі жылында 50 жылдығын атап өткен болатын. Енді өзінің 90 жылдығын атап өтуде. Зымыраған жылдар, тоқтаусыз күндер артына қарамай кетіп жатыр. Әлі де тоқтамайды. Сол ұзақ жолдың үстіндегі «Орталықтың» бедел биігінен аласармай, халқына қызметін жалғастыра берсе екен деген тілектемін.

Қазіргі еңбек етіп жатқан жастардың қаламы қарымды, істері алымды. Ұжымға деген ризашылығым шексіз.

Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ,

Қазақстанның Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі. СУРЕТТЕРДЕ: 1. Д.МАҚАШЕВ, Р.СҮЛЕЙМЕНОВ, Б.МЕКЕЕВ, 1980 жылдар. 2. Корректорлар: Ш.БАЙҒАБЫЛОВА, З.ЫДЫРЫСОВ және З.РАХЫМБАЕВА, 1981 жыл.

Басқа материалдар

Back to top button