Жаңалықтар

Қасиет пен қасірет

     Жуырда облыстың дін істері басқармасы мамандарының ұйымдастыруымен Қарағанды қаласында жұмыс жасап жатқан «Нұрлы білім» қоғамдық бірлестігінің қызметі таныстырылды. 2013 жылы құрылған бұл бірлестіктің жұмысы – тұрғындардың діни және құқықтық сауаттылығын арттыруға және оны радикалды діни идеологиядан қорғауға бағытталған.

SANYO DIGITAL CAMERA

Бүгінгі күні облыстағы діни ахуалды сауықтыру жөніндегі міндеттерді орындауда аталған бірлестік мемлекеттік органдардың басты серіктесі саналады. Соған байланысты, бірлестіктің дінтанушы сарапшылары жергілікті атқарушы органдардың дін саясаты саласында қолданылатын мәжілістік-кеңестік органдарының, ақпараттық-түсіндіру топтарының құрамына енгізілген. Қызмет жоспарына сәйкес, бірлестік дінтанушылары облыстың әр өңірінде тұғындармен кездесулер өткізіп, оларға ҚР Конституциясын, нормативтік актілерін, «Қазақстан – 2050» Стратегиясын негізге ала отырып, мемлекеттің дін саясатының принциптерін түсіндіруде. Бұл ретте, қоғамдық бірлестіктің негізгі мақсаты – діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу және деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек көрсету.

«Нұрлы білімнің» дінтанушылары салафизм-ваххабизмнің теріс пиғылды идеологиясына тұрғындардың қарсы иммунитетін қалыптастыру бойынша кешенді жұмыс жүргізуде.

Біз осы зұлымдыққа халқымыздың мәдениеті мен салт-дәстүріне негізделген адамның ішкі тынысын нығайту арқылы ғана қарсы тұра аламыз. Бұл ретте, ең алдымен жастар қауымына үлкен назар аударылады. Мәселен, бұл орталықта біз аптасына 4-5 рет дәріс өткіземіз. Оның ішінде, дәстрүрлі дін мен діни ағымдардың ақ-қарасын ажыратып, түсіндірумен қатар, араб тілін, Құранды дұрыс оқуды үйретеміз. Бұл дәрістерге кемінде 20-30 адам қатысады. Мұның бәрі не үшін қажет деген сауал туындауы мүмкін. Айтайын, бүгінгі таңда әлемде түрлі террористік актілер орын алуда. Адам қаны төгіліп, тұрғындар жақындарынан айырылуда. Сирияға барып, соғыс іздеп кеткен жастарымыз қаншама. Осының барлығы білімсіздіктің, надандықтың салдарынан туындайды. Адамдар кім үшін, не үшін қару асынып жүргендерін өздері де білмейді. Осыған тосқауыл болатын – білім, таным, түсінік, – дейді «Нұрлы білім» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсұт Қожахметов.

Өзгенің санасына сәуле шашу үшін өзіңнің де білімді болуың қажет. Бірлестікте әлемдік және қазақстандық жоғары білім ордаларын тәмамдаған, қолдарында дипломдары бар білікті де білімді 6 дінтанушы жұмыс істеуде.

Бірлестіктің іргесі қаланған кейінгі төрт жылдың көлемінде аз жұмыс атқарылған жоқ. Салафизм-ваххабизм ағымына сенген азаматтарды дәстүрлі дінімізге қайтару, ортаға бейімдер жұмыстары жүргізілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев республикамыздың діни кеңістігінде атқарылып жатқан жұмыстардың осал тұстарын атап өткен еді. Соның бірі – тұрғындарымыздың діни-құқтық тұрғыдағы аз ақпараттануы. Өкінішке орай, тұрғындарымыз жас ерекшелігіне, жынысына, кәсібіне, ұлтына қарамастан өздерінің дәстүрлі түпкі құндылықтарынан бейхабар. Соған байланысты, деструктивті діни ағымдардың идеологиясына еркін бой алдырады. Сондықтан, қызметіміздің басты мақсаты – тұрғындарымыздың діни-құқықтық сауатсыздығын жоюға бағытталып отыр. ХХІ ғасырда ақпараттық технологиялар барынша жақсы дамыған. Радикалды, ксенофобты, агресивті бағыттағы идеологияларға қарсы тұрғындарымыздың ішкі сүзгісі, иммунитеті болуы керек. Ол үшін біз халықты қарапайым базалық тұрғыда діни ақпаратпен қамтамасыз етуіміз қажет. Егер, әр қазақ өз діні – ислам екенін, Әбу-Ханафа мазхабында екенін, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Ыбырай Алтынсарин сынды ұлттық интеллектуалдық элиталарымыздың шеңберінде «иман» деген не, «күпір» деген не екенін білсе, соның өзі ішкі сүзгі болып есептеледі. Стратегиялық тұрғыда біздің негізгі күш – осыған жұмылдырылуда. Ал, бұдан бөлек, барша тұрғындар мен мұсылман бауырларымызды зайырлы Қазақстан қағидаттарын сыйлауға дағдылаймыз. Еліміз зайырлы мемлекет болғандықтан, заңға, қоршаған ортаға, өзге дін өкілдеріне қашан да құрмет болуы қажет. Бұл үшін біз тұрғындарға зайырлы мемлекет деген ұғымның нені білдіретінін де түсіндірмей кетпейміз, – деді «Нұрлы білім» қоғамдық бірлестігінің өкілі Рүстем Сыздықов.

Бірлестік мамандарының белсенділігінің арқасында көптеген жастар радикалды діни ағымдардың ықпалынан алшақтатылды. Соның бірі – Шығыс Қазақстан облысының тумасы Ерлан Қожахметов.

Ислам дініне деген қызығушылығым сонау 1995 жылы басталды. Ол жылдары өздеріңіз білетіндей, ислам дінінің ақ-қарасын ешкім де ажыратып жатпаған еді. Жалпы, бүгінгі күні жат ағымға ерген қай мұсылман баласы болсын ислам дініне бірден салафизм, не ваххабизмді қолдаймын деп келген жоқ. Олардың іздеп келгені – шындық. Ал, шындықтың көп, ал, ақиқаттың жалғыз екенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Ақыры, Алланың ақиқаты екен деп қаскөйдің «шындығына» шырматылады. Өкінішке орай, бұрын мен де сол адасқандардың қатарында едім. Тіпті, студент кездерімде теледидарда сөз сөйлеп, мешіттерде уағыз айтқан кездерім де болды. Алайда, уағыз аяқталғаннан кейін айтқан сөзіме дәлел келтіруді сұраушылар көбейді. Сөйтіп, мен бұдан да терең білім іздей бастадым. Әсіресе, діни кітаптарды көп оқыдым. Жауаптарымнан сұрақтарым көп еді. Алайда, ізденген сайын сұрақтарым азаюдың орнына еселей түсті. Бір кітапта айтылған ойға екінші кітаптағы жазу қайшы келетін болды. Сөйтіп, осыдан бес жыл бұрын Теміртау қаласына көшіп келдім. Аталған қаладағы мешітте осы орталықтың Жанболат Хушкельдиев, Айдос Әбдірашев сынды мамандары уағыз айтады екен. Қызығушылығым оянып, нақты сұрақтар қоя бастадым. Сұхбатымыз тым ұзаққа созылды. Себебі, менің көкейімде жүрген сұрақтарым көп еді. Шыдамдылық пен байыптылық танытқан қос маман бар сұрағыма жіліктеп, тәптіштеп жауап айтты. Нақты дәлел келтірді. Міне, ақ пен қараны алғаш ажыратуым сол сәтте басталған еді. Әр қойған сауалыма нақты жауаптар алдым. Тұңғыш рет менің көңілім қанағаттанып, ислам дінінің иірімдерін түсінгендей болдым. Мұнымен бірге, зайырлы мемлекеттің не екендігін де «Нұрлы білімнің» мамандары түсіндіріп бере алды. Азан шақырылып, жұма намазы өтетін елдің мұсылман дініне мүлдем қысым келтірмейтінін ұғындым. Мәселен, Кеңес дәуірі кезінде менің де атам намаз оқып, ауылдың жасырын молдасы болған екен. Алайда, мұндайды құптамайтын өкіметте өмір сүріп жатқан атамның үш күндік жолға жетер азық-түлік, киім-кешек салынған чемоданы дайын тұратын көрінеді. Қай күні қолына кісен салып, алып кетерін білмеген қорқыныш қой. Абырой болғанда, ауыл азаматтары арасында атамды көрсетіп жіберген адам болмапты. Тәубе, қазір бәрі басқаша. Бес уақыт намаз оқып, бейбіт күн кешкен, зайырлы еліміздің діни-құқықтық заңдарына қайшы келмеген адам ондай қуғын көрмейді. Сөз соңында, жат ағымның жетегіне еріп, адасып жүрген мұсылман бауырларыма айтарым, қашан да шындықтың пердесін түріп, ізденіп, ақиқатына жетуге ұмтылу қажет. Көңілдеріңізде күдік, көкейлеріңізде сұрақ болған жағдайда, мешіт имамдарымен, осы орталықтың мамандарымен сұхбат құруларыңызды сұраймын, – деді Ерлан Қожахметов.

Рас, жүрегіне жүк арқалап, ислами, адами заңдылықтарға қайшы келіп жүрген жастарымыздың бары көңілге қаяу салады. Өз еліміз, өз топырағымыздың тыныштығын тербетудің орнына, діннің атын жамылып, дүниені дүрліктірген қаскөйлердің соңына мұсылман бауырларымыздың еруі міндетті емес. Бұл – қай елдің, қай діннің ұстанымына болсын қайшы. Егер де, өздеріңіз немесе туған-туыс, таныстарыңыз мұндай сорақылыққа бой алдырып, қол ұшын созар адам іздесеңіз, Қарағанды қаласы, Гоголь көшесі 31/1 мекен-жайында орналасқан «Нұрлы білім» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығына баруларыңызға болады. Байланыс телефондары: 8(7212) 78-43-42, 78-14-33.

Рауан Қабидолдин.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button