Рухани жаңғыру

Асқар тау алыстан көрінеді

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұланбайтақ еліміздің өткен тарихына шола келіп, бүгінгі болмысы мен келбетіне тоқталғаны белгілі. Осы мазмұны терең, мән-мағынасы зор еңбектің ішінде бүгінгі тәуелсіз мемлекеттің қалыптасып-дамуына, көркейіп-гүлденуіне үнемі атсалысып жүрген азаматтарға, мемлекет пен қоғам қайраткерлеріне, қазіргі тарихи тұлғаларға қатысты «100 көрнекті есім» бағдарламасы да айтылды. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді дана халқымыз. Елбасының осынау бастамасы қазір еліміздің барлық аймағында қолға алынып, іске асырылуда. Біздің Сарыарқа өңірі де бұл үлгілі үрдістен қалыс қалған жоқ. Соның бір дәлелі ретінде азырақ әңгіме қозғайық.

Өмірден өткен кез келген адам сап-сары сағынышқа айналады. Сағым секілді бұлдырап алыстай береді. Мынау фәни-жалғандағы тірлігі, істеген ісі, еткен еңбегі бірте-бірте аңыз бола бастайды. Жаратқан Иеміз адам баласының өмірін өлшеп, оның есесіне бауырмалдық пен мейірімге жарытқан. Ата-ананың балаға, баланың ата-анаға деген іңкәр сезімін, ыстық ықыласын еш нәрсеге теңестіруге болмайтын шығар. Осындай мол мейірім мен салқар сағыныштан туындаған «Саңлақ»  деп аталатын жаңа жинақ қолымызға тиді. 2017 жылы Қарағандыдағы «Типография Арко» баспаханасынан 200 данамен басылып шығыпты. Көлемі 10 баспа табақ бұл кітапты құрастырып, негізін жасаған Қайыржан Кәрімұлы Тілеубергенов. Сын-пікір білдіргендер: филология ғылымдарының докторлары М.Хамзин, Ж.Жарылғапов.

Естелік-эссе жанрында жазылған аталмыш еңбек Шет ауданының танымал тұлғаларының бірі – Кәрім Тілеубергенов ағамызға арналыпты. Негізінен, Тәуелсіздік тұсында жазылып, жарық көргенімен ортаға салар оқиға желісі және кейіпкеріміз Кеңес үкіметінің үлесінде, сол заманның еңбек ерлерінің санатынан. Өйткені, Кәрім аға 1927 жылы дүниеге келіп, 1979 жылы 52 жасында мезгілсіз өмірден өтіпті. Осынау қысқа ғұмырының өзінде жауапты қызметтер атқарған, партия жұмыстарының майталман маманы болған ол кісінің өмірдариясын, жүріп өткен еңбек жолын, адамдық болмысы мен кісілік келбетін, азаматтық асқақ бейнесін арқау еткен жұмыр жинақтың өн бойында өнегелі өмір, тәлім-тәрбие тұнып тұр. Перзенттік сағыныш, қарындастың бауырмал көңілі, замандастары және кейінгі толқынның ыстық ықыластары мен періште пейілдері жатыр.

Мақтағанымыз емес, ішкі мазмұны мен сыртқы пішіні сай, тақырыбы терең мұндай еңбектер қалың оқырманның олжасы, яғни оқылатын кітап десе болады. Бір ғажабы, тілі жатық және қарапайым да түсінікті түрде жеңіл оқылады. «Саңлақты» бастаған адам оны оқып біткенше тағат таппайды екен. Қызықты бір «сериалды» көрген секілді күй кешетіні де рас.

Иә, сонымен жаңа жинақ несімен қызықты, неге мұнша мақтай жөнелдік?

Кітап тұтастай XX ғасырдың азаматына, сол заманда өмір сүрген партия жетекшісіне арналған. «Қызыл коммунизмді құрамыз» деп, «бесжылдықтардың балғасын солқылдата соққан» сол ұрпақтың бірі, ұранды жылдардың ұланына, кеңестік кезеңнің қыранына бағытталғаны рас. Егер қазіргі тәуелсіз мемлекеттің тәуелсіз ойымен пайымдасақ: «коммунизм құрамыз» деп жанталасқан жандардың бәрі ақымақ, басшылары – қу да зымиян, ал, халық – соры арылмаған тобыр болып шыға келеді. «Байдың малын большевик қызғанған», «құдайдан қорықпай, партиядан зәресі ұшқан» сол бір көлденең де кері заман жайлы кейінгі уақыттарда неше түрлі деректі мақалалар, көркем кітаптар жазылып, қаншама фильмдер түсіріліп жатыр. Аштық, қуғын-сүргін, зұлмат-зобалаң, соғыс зардаптары, тың игеру науқаны, ғарышқа ұшу, полигон, экология секілді сұмдық-сұрқиялар сол заманның еншісінде қалды. Осылардан түңілген бүгінгі ұрпақ кеңес дәуірін жек көреді. Большевиктерді – «бандит», коммунистерді – «қызыл террор» деп айтып -жазып жүргендері де соңдықтан.

Жетпіс жылдан аса тарихымыздан тарғыл таңбамен орын алатын осы бір кезеңде біздің аға буынның басынан не кешпеді дейсіз?..  Бәрін көрді, бәріне көнді…

Қазір Алаш зиялыларын аршып, биікке көтереміз деп, Кеңес қайраткерлерін төмендетіп, не болмаса жоққа шығаратын бір жақты тенденция да белең алды. Бір ғана мысал, адамзаттың асылы, азаматтың төресі, сан қырлы өнер иесі, ұлтымыздың ұлы тұлғаларының бірі, аяулы да сұңқар Сәкен Сейфуллин ағамызды өсек-аяңға айналдырып жатқан «кейбір қырттарға» қалай тосқауыл қоюға болады? Әлеуметтік желі, ғаламтор дейтін «заманауи пәлелер» Жер-Көкті құртып бара жатыр. Осындайда «Саңлақ» сияқты салмақты да тарихы терең кітаптарды көптеп шығарсақ жөн болар еді дейтін бір ой келеді. Тарихқа түптеп бойламайтын, алды-артты ойламайтын таяз пенделерге мұндай есті еңбектер сабақ болары сөзсіз ғой. Әр қоғамның жетістіктері мен кемшіліктері қатар жүретіні белгілі. Кеңес қоғамының кесапат-кемшіліктері жетерлік болғанымен, жақсы жақтары, үлгі тұтар, өнеге алар тұстары да аз болған жоқ. Мәселен, еңбек, еңбекқорлық деген ұғымдар осы қоғамда алдыңғы орында тұрды.Үкіметке  сенім, қоғамға  адалдық халықтың негізгі ұстанымы болды. Әділдік пен шыңдықты бойтұмарындай тағынған талай тұлғалар сол заманда өсіп-өркендеді. Олар біздің ата-аналарымыз, аға-әпкелеріміз. Солардың бірі – Кәрім Тілеубергенұлы.

Кәрім аға саналы ғұмырының барлығын коммунист, партия қызметкері болып атқарғанымен, қарапайым халықтан бір елі ажыраған жоқ. Елдің мұң-мұқтажын, қайғы-қасіретін, қуаныш-қызығын қоса арқалады. Бабалар аманатына адалдығын танытты. Елінің елеулісі, халқының қалаулысы атанды. Еңбегінің өтеуі – халқының шексіз құрметі мен үкіметтің «Еңбек Қызыл Ту» және басқа да орден-медальдары, Алғыс хаттары болды. Аз жасаса да, саз жасаған, ғибратты ғұмыр кешкен Кәрім Тілеубергенұлының артында өнегелі ұрпақ қалды. Азаматтың орындалмай кеткен армандарын біртіндеп орнына келтіріп жатыр. Соның бір жарқын көрінісі – осы «Саңлақ» болар. Кітаптың ең құндылығы – перзенттің әкеге деген қарыз бен парызын түсінуі және замандастарының азаматқа арналған ақжарқын лебіздері.

Айтар шыңдық, жылы оқылатын бұл жинақтың құрылымы, жалпы мазмұны сәтімен шыққан. Естелік-эссе ғана емес, шежіре, тарихи баян, этнографиялық әңгімелер, авторлық толғаныстар бәрі қиюласып, тұтастық танытқан.

Қорыта келгенде, «Саңлақ» кітабы – бүгінге де, ертеңге де қажет, ұрпақтың рухани сұранысын өтейтін шымыр шығармалардың бірі деп айтқымыз келеді.

Сайын далалы Сарыарқадан қанат қаққан «Саңлақ» бүкіл қазақ жеріне таралса екен деген ақ жол мен ақ тілегімізді білдіреміз. Жолың болсын, жаңа жинақ!

  Мұхаммедқали ӘБДУОВ,

             ф.ғ.д.,профессор.

                                          Әлімжан ЖАҚАН,  ғылым магистрі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button