Бас тақырыпРуханият

Асқар тау аласармайды

Қазақ ғылымына өлшеусіз үлес қосқан ғалым әрі әдебиет әлеміне өшпес қолтаңба қалдырған тұлға – Ебней Бөкетовтің өмірден өткеніне 40 жыл өтіпті. Жылдар тоқтаусыз алға жылжығанымен, тау тұлғаның бейнесі биіктей түсуде. Ғалымның өзі іргетасын қалаған оқу ордасы ректордың бай мұрасын, терең тағылымы мен ұлағатын еске алды. Әдебиет жанашырлары «Ғалым. Ректор. Тұлға»  деректі фильмін көпшіліктің назарына ұсынып, жазушы Медеу Сәрсекенің авторлығымен жарық көрген «Біртуар Бөкетов» кітабының тұсаукесерін тамашалады.

Деректі фильмде сөз алған Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков ғалым мұрасын келер ұрпаққа жеткізу – парыз екенін еске салды.

– Жылдар өтсе де, Ебней Арыстанұлының бейнесі санамыздан өшпейді. Ғалымның мұрасын жастарға кеңінен насихаттау мақсатында деректі фильм түсірілді. 40 жыл өтсе де, шәкірттері, ұрпақтары өзі іргетасын қалаған оқу орнында жастарды білім нәрімен сусындатуда, – деді Нұрлан Орынбасарұлы.

Сондай-ақ, «Ғасыр адамы», физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Темірғали Көкетаев ректоры жайлы жылы естелікпен бөлісті.

–Дүние жүзін аралап жүріп көп ғалымдармен таныстым. Ебней Арыстанұлы секілді ерекше адамды кездестірген жоқпын, – деді Темірғали Әбілдаұлы.

«Біртуар Бөкетов» деректі роман-эссе кітабы Бөкетов университетінің баспаханасынан 1000 данамен басылып шықты. Студент кезінде біртуар ғалымнан дәріс тыңдап, өмірлік тағылым алған шәкірті, инженер-жазушы Медеу Сәрсеке қаламгердің ғұмыр жолын өзіне мәлім деректер мен алуан оқиғалар арқылы суреттепті.

Шараға сондай-ақ, академиктің немере қарындасы Нұрсұлу Бөкетова қатысты. Замандастары, шәкірттері, етене жақын араласқан таныстары ғалым жайлы жылы естеліктерімен бөлісті. Жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын академиктің жас ғалымдарға қалдырған мол мұрасына тоқталды.

– Өткенге үңіліп, тарлан тарихты таразылап қарасаң, сол көш көз алдыңнан көлбеңдеп өте береді, кете береді. Бүгінде еске алып отырған аяулы ұстазымыз, қазақтың ғұлама ғалымы, қазақтың маңдайына біткен аяулы перзенті Ебней Арыстанұлының өмірден өткеніне тура 40 жыл болған екен. Осындай игі шараға мұрындық болып, деректі, танымдық фильм түсіріп, ғажап тарихи кітапты шығарып жатқан университет басшылығына алғыс білдіреміз, –  деді Ерлан Құсайын.

Жиында тоқсанның төріне тақаған жазушы Медеу Сәрсекенің видеосәлемдемесі көпшіліктің назарына ұсынылды. Автор өзі редакциялаған Ебней Бөкетов жайлы деректі роман-эссенің соңғы нұсқасы еш өзгертусіз басылып шыққанын айтып, университет басшылығына ризашылығын білдірді.

Аяулым СОВЕТ,
Суреттерді түсірген  Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button