Қаржы саласындағы бақылау қырағы
Бүгінгі таңда қаржылық бақылау қызметі аса зор маңызға ие. Статистикаға сүйенетін болсақ, 2013 жылы тиімділік аудитінің типі бойынша іс-шаралар үлесі 30%-ды құраса, 2016-2017 жылдары 90%-дан жоғары көрсеткішті құраған екен.
«Қаржылық бақылау қызметі туралы» тақырып өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында кеңінен талқыланды.
– Мен Қарағанды облысындағы Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің қызметіне тоқтала кетейін. 2017 жылға дейін және 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында 213 аудиторлық іс-шара өткізілді. Оның ішінде, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер – 128, республикалық бюджеттен – 16, кәсіпкерлік субъектілері – 69. Сонымен бірге, бюджет қаражатын жергілікті бюджеттен бақылау – 124,9 млн.теңге, республикалық бюджеттен – 5540,2 млн.теңге, жергілікті бюджеттен – 102430,5 млн.теңге және шаруашылық субъектілері – 16911,9 млн.теңге, – деп мәлім етті Қарағанды облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Алмас Каукетаев.
Алмас Каукетаевтың айтуына қарағанда, аудиторлық іс-шара барысында 46 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Облыс бойынша мемлекеттік аудит қызметін үш мекеме атқарады. Қарағанды облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің мемлекеттік аудит объектісі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында көзделген қаржылық және басқару ақпаратының сенімділігі мен айқындылығын, мемлекеттік аудит объектілерінің қызметін ұйымдастырудағы ішкі процестің тиімділігін, мемлекеттік жұмыстың атқарған қызметтерінің сапасы, мемлекеттік активтер мен квазимемлекеттік сектор субъектілерін сақтау қызметтері бойынша тікелей және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізуді талдау, бағалау және тексеру жұмыстарын жүргізеді.
Өткен жылдың аудит нәтижесіндегі көрсеткіші бойынша 46 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 18 лауазымды тұлға жалпы сомасы 2,7 млн. теңге айыппұл есебінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 2,7 млн. теңге бюджеттің кірісіне жиналды. Құқық қорғау органдарына жалпы сомасы 1231, млн. теңге құрайтын құқық бұзушылық туралы іс жүргізу үшін 17 материал жіберілді.
Мемлекеттік аудит – бюджет қаражатын, мемлекеттік активтерді, мемлекеттік аудит объектілерін, тиісті гранттарды, мемлекеттік және мемлекеттік кепілдендірілген қарыздарды, сондай-ақ, мемлекеттің кепілдігімен тартылатын берешектерді, оның ішінде, бюджеттік қызметті жүзеге асыруға байланысты басқа да мәселелерді басқару мен пайдалану тиімділігін талдау, бағалау және тексеру тәуекелдерін басқару жүйесіне негізделген.
Мемлекет басшысы ҚР «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Заңға қол қойды, оған сәйкес бюджеттік бақылау жүйесі халықаралық стандарттарға және дамыған елдердің озық тәжірибесіне сәйкес неғұрлым кең форматқа ие болды.
Бюджет қаражатын басқарудың жаңа жүйесінде қаржылық бақылау тұжырымдамасы әртүрлі. Бақылау шаралары мемлекеттік аудит шеңберінде жүзеге асырылуда. Оның барысында бұзушылықтарды тексеру және анықтау ғана емес, мемлекеттік аудиттің маңызды элементі – бюджеттік қаражаттарды, мемлекеттік активтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерін басқару және пайдалану тиімділігін арттыру мақсатында тексерілетін объектінің қызметін талдау және бағалау маңызды.
Яғни, жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысы бойынша аудит нәтижелерін қамтитын аудиторлық есеп қабылданбайды. Сонымен қатар, мемлекеттік аудиттің объектісіне қорытындылар мен ұсыныстарды көрсететін аудиторлық есеп ақша қаражаттарын басқару тиімділігін одан әрі жетілдіру мақсатында бұзушылықтардың себептерін және басқа да шараларды қалай жою керектігін ұсынады.
Қасымхан ҒАЛЫМ,
«Орталық Қазақстан»