Арзан өнім – жәрмеңкеде

    Арзан бағаға азық-түлік өнімдерін алғыңыз келсе сенбі сайын Теміртау қаласына барыңыз. Қала тұрғындары үшін де бұл күн – мереке. Екі жылдан бері үздіксіз ұйымдастырылып келе жатқан жәрмеңкеден қалталарына қолайлы бағада азық-түлік  алатын тұрғындар осы күні Блюхер көшесінен табылады. Бағаның қолайлылығы өз алдына, азық-түлік өнімдерін жәрмеңкеге өндірушілердің өздері тікелей жеткізеді.

Екі жылдан бері үзбей жалғасып келе жатқан жақсы үрдіс теміртаулықтар үшін ғана емес, қала маңындағы ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын шаруа қожалықтарына,  ұсақ саудамен айналысатындар үшін де қолайлы. Тіпті, жақын маңдағы шаруа қожалықтары ғана емес, алыс-жақын аудандардан да өздерінің өнімдерін әкеліп, арзан бағаға саудалап жатқандар бар. Мысалы, жәрмеңкені ұйымдастырушы Теміртау қаласы әкімдігінің қызметкерлерінің айтуынша, ет негізінен Қарқаралы және Бұқар жырау аудандарынан жеткізіледі екен. Ақмола облысынан әкелінетін жұмыртқа мен тауық өнімдерін алғыңыз келсе де, өндірушілердің өздерінен осы жерден ала аласыз. Базар бағасымен салыстырғанда 15-20%-ға арзан бағамен азық-түлік алуға келгендердің саны шамамен бір күнде мың жарым адамды құрайды екен. Жәрмеңкені ұйымдастырушы қала әкімдігі қызметкерлерінің айтуынша, алғашқы кезде азық-түлік өнімдерін көтермелеп алатын тұрғындар қазір апта сайын өткізілетін жәрмеңкеге еттері үйреніп, бір аптаға ғана қажетті азық-түлік алуға үйренген. Себебі – көп қабатты үйлерде тұратын тұрғындар үшін мол алынған азық-түлікті сақтау қиынға түсетіндіктен, жәрмеңке бұл жағынан да тиімді.

Қарағанды облысы әкімі Е.Қошановтың тапсырмасын орындау барысында, оңтүстіктен әкелінетін көкөністер де осы жәрмеңкеде сатылады. Теміртау қаласына дейін үлкен көлікпен жеткізілетін тауар қала ішінде шағын көліктермен сатылады екен. Таңғы сағат сегізден арзан бағалы өнімге кезекке тұратын тұрғындарға тауарларын түске дейін сатып үлгереді.

Жәрмеңкедегі кез келген өнімге кезекке тұрғандардың саны ұзын-сонар. Себебі, әрі арзан, әрі тауарлардың барлығы санитарлық нормалардан өткен, сапасы мен бағасы әкімдік  тарапынан қатаң бақылауда. Сенбі күні Блюхер көшесіне өтетін жол жабылып, қоғамдық тәртіпті сақтауға жергілікті полиция қызметкерлері көмекке келеді. Ветеринария бөлімі өнімнің сапасына қадағалау жасаса, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі сауда жасаушылардың бағаны қатаң түрде сақтауын талап етеді. Ал, тұрғындардың ақпарат алуына ішкі саясат бөлімі жауап береді.

Сенбі сайын жәрмеңкеден табылатын Теміртау қаласы әкімдігі қызметкерлерінің айтуынша, алдын ала Қарағанды облысының барлық аудандарына, қала маңындағы ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарына арнайы хабарланып, орынның тегін берілетіні айтылған. Тек, белгілеген бағадан асырмай, арнайы киім киіп, өзінің тұрған орнын жинап кетсе болғаны.

Азық-түліктердің сапасының да жоғары деңгейде болуы үнемі назарда. Әр орынның жанына тауардың бағасы жазылып қойылады. Мысалы, картоптың бағасы – 60 теңгеден, сиыр етінің бағасы – 1100 теңгеден, ал жылқы етін 1300 теңгеден алуыңызға болады. Картоп өсіретін шаруа қожалықтарының айтуынша, биылғы жыл картоп өнімінің жақсы болуы да бағаның арзан болуына ықпал етіп отырған жайы бар.

Тысқары аудандардан ет өнімдерін әкеліп сатушылар үшін де бұл өте қолайлы. Бейнетпен өсірген малын қалаға әкеліп, көтерме бағамен арзанға өткізгенше, санитарлық нормаларға сай болса, етті осы жерде өзі тұрып сатқан тиімді. Орын үшін ақы да алынбайды. Сатып алушылар да риза, сатқандардың да қалтасына қомақты қаржы түспек. Тек, әкімшілік белгілеп берген бағадан асырып жібермесеңіз болғаны. Ал, бағаны асырдым десеңіз – ол үшін қолданар шара да қатаң. Себебі, жәрмеңкеге келушілердің пікірін тыңдау үшін Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімовтің өзінен бастап, әкімдік қызметкерлері бағаның тұрақты болуын, нормаларға сай болуын, сонымен қатар, сатушыларда арнайы киімінің болуын қатаң қадағалауда ұстайды. Бір рет қойылған шартты бұзсаңыз – жәрмеңкеге қайта кірер есіктің біржола жабылғаны.

Тағы бір айта кететін жайт – Теміртау қаласына қарасты Ақтау кентінің тұрғындарының сұранысы бойынша ол жерде де айына бір рет осындай жәрмеңке өткізіліп тұрады екен.

Ғалым ӘШІМОВ, Теміртау қаласының әкімі:

– Екі жылдан бері ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізуді дәс­түрге  айналдырдық. Бұл – ха­лық­тың да сұранысы. Қысқы мезгілде 86-90 орынға дейін болса, қазіргі күні 117 орынға дейін ұлғайған. Баға тиімді, жәрмеңке тұрақты, апта сайын өткізіліп отыр. Елге керекті жұмыртқа 6-7 жерден, картоп 11-12 жерден сатылады. Құс еті, қой еті бар. Бағаны ұстауға тырысамыз, орын үшін ақша алмаймыз. Болашақта жәрмеңкені қысқы уақытта «Экспресс» жабық базарының ішінде өткізу де жоспарда бар.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

Теміртау қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.