Ғарыштан мониторинг жүргізіледі
Облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің өкілдерімен кездесті. Наурыз айында Астанада қарағандылықтар аталған оқу орнымен өзара тиімді ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Тараптар аймақтың агроөнеркәсіптік секторын дамыту үшін күштерін біріктіреді.
Кездесуге ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшылары, сондай-ақ, селекторлық режимде аудан әкімдері қатысты.
– Негізгі үш бағыт бойынша ынтымақтастық орнатуды ұсынамыз. Бірінші бағыт – отандық ғылымның әзірлемелерін енгізу, сондай-ақ, шетелдік технологиялардың трансферті. Екінші – саланы білікті мамандармен қамтамасыз ету. Үшінші – облыстың тауар өндірушілері арасында тәжірибені алмастыру», – деді ҚазАТУ ректоры Ақылбек Күрішбаев.
Ғалымдар аймақ үшін суарылатын жерлер, тұқым өсіру мен сорттарды жаңарту бойынша ұсыныстар дайындауға әзір.
– Технологияларды пысықтап, олардың нәтижесін көрсету үшін пилоттық режимде бірнеше шаруашылықты алмақпыз. Одан әрі бұл тәжірибені облыс көлемінде дамытуға болады, – деді Ақылбек Күрішбаев.
Ректор ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерге ғарыштан мониторинг жүргізуді ұйымдастыру қызметін ұсынды.
– Бұл тәжірибе барлық жетекші мемлекеттерде пайдаланылады, – деп атап өтті ол. – Бұл – барлық кезеңдердегі бақылау тетігі – егін егуден бастап, жинауға дейін. Вегетация процесін түсіруге болады. Мониторинг объективті ақпарат алуға мүмкіндік береді.
Ғалымның айтуынша, жоба бюджет қаржысы есебінен іске асырылуы мүмкін.
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі.