Жаңалықтар

Ары мен ақ желеңін кір шалмаған

    Әрбір кәсіби мереке қарсаңында сол сала майталмандарының тізімін жасап, редакция талқысында таразылайтынымыз бар. Медицина қызметкерлерінің мерекесіне де санаулы сәт қалған. Кілең қарапайым халықтың алғысын алып, ықыласына бөленіп жүрген ақ желеңділер… Таңдау – күрделі. Өйткені, «ажалсызға – себепші» болып, адам өмірі үшін адал еңбегін аямаған, арманын аялаған абзал жандардың бәрі де – құрметке лайық. Антына – адал, халқына – сыйлы жандар. _MG_5034

…Мен де өзіме тиісті тапсырмамды алып шықтым редактордың алдынан. Кейіпкерім – облыс орталығындағы №5 емхана директоры Марал Қасымқызы Баязитова. Жақсы танимын. Жерлеспіз. Көркем мінезді. Өз ісінің кәнігі маманы. «Бас ауырып, балтыр сыздағанда» алдына талай барғанбыз. Маман ретінде де, адам ретінде де көңіл сарайының төріне орныққан адам. Марал Қасымқызы басқаратын №5 емхананың берекелі істері туралы талай жазғанбыз. Бұл жолғы тапсырманың жөні бөлек. Білікті маман, іскер басшының өзі туралы ілкімді дүние жазу. Қуандым да, қиналдым да. Қуанғаным – кейіпкерім қалай толғасаң да, лайықты жан. Қиналғаным – қоңырау шалып, «бұйымтайымызды» айтқанымызда, «ат тонын ала қашты». Зордың күшімен келістік. Осыдан кейін-ақ, бұрыннан сыралғы болып жүрген апайдың өзінен сыр тарту қиынға түсетінін сезгенмін. Жалпы, өз ісінің шынайы майталмандарында бір дара қасиет бар. Ашылып сыр айтпайды, асырып мақтанбайды. Марал апай – осының нақ өзі. Сонша қарапайым.

…Директордың қабылдау бөлмесінде отырғаныма сүт пісірім уақыт өтті. Босайтын емес. Өздерінің бекітілген учаскелік дәрігерлері болса да, директордың қабылдауына келіп жатқан емделушілерде есеп жоқ. Іштегіні қабылдау бөлмесіне өзі шығарып салып, келесі емделушіні «атын атап, түсін түстеп», жылы шыраймен қабылдап жатыр. Тура осы емханаға қаланың 60 мың тұрғыны тіркелген деуші еді. Ал, Марал апай мына келушілердің аты-жөнін қайдан жаттап алған?! Таңданып отырмын. Бұл кезде келгеніме едәуір уақыт өтіп кеткен. Есік ашылған сайын елпең еткеніммен, елеусіз қала беремін. Мақтауға келмек түгілі, марапаттауға келсең де, сені елеп жатқан жоқ. Жазарман болмақ түгілі, жарылқаушы болсаң да, елейтін емес. Өйткені, Марал Қасымқызы үшін аяғымен нан тауып, қаламымен жан баққан дені сау журналистің емес, әрбір емделушінің мүддесі жоғары. Неге десеңіз, ол – табиғи дәрігер! Директор болғаны кеше ғана…

***

Марал Қасымқызының маман ретінде қалыптасу кезеңі ел басындағы ауыр күндермен тұстас келді. Мектептегі мұғалім, ауруханадағы дәрігер «қара қазан, сары баланың қамы үшін» ала дорба арқалап, базар кезіп кеткен. Ауруханаларда электр жарығы жоқ. Майшаммен ота жасалып жатқан 90-шы жылдардың басы. Бұған дейін бұрынғы Жезқазған облыстық ауруханасында еңбек жолын бастап, Қаражал қаласында дәрігер-ординатор, учаскелік дәрігер болып қызмет етіп, бірсыдырғы тәжірибе жинап келген Марал апай Жаңаарқа ауданына жолдасының қызмет бабымен қоныс аударған. Аудан орталығындағы теміржол торабының орталық ауруханасында терапия бөлімінің меңгерушісі еді. Бір күні іргедегі «Целинный» совхозынан егде тартқан ер адам ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Қан қысымының жоғарылауы салдарынан миына қан кеткен деген топшылау бар. Есі кіресілі-шығасылы жатқан ер кісі Маралды көрді де:

Айналайын, Қасымның баласысың ба? – деді тілі икемге әрең келіп. Әлі де нұры таймаған жанарында Жаратқанға жалбарыну емес, Қасымқызына деген үміт пен сенім бар. Содан кейін тілге келмей, терең ұйқыға (кома) кетті. Тыныс алуындағы қорылдан басқа тіршілік белгісі жоқ. Бөлім меңгерушісі Марал апай бастаған дәрігерлердің ақсақал өмірі үшін күресі басталып кетті. Үмітті үрей жалмаған. Қауіп – 99 пайыз, үміт – 1 пайыз. Ажалекең төніп тұр. Өмір мен өлім белдескен шақта бұл ақсақал әкесінің есімін тегін атаған жоқ. Яғни, Марал Қасымқызына сенді. Бір күн. Екі күн. Үш күн. Өзгеріс жоқ. Марал апайда дегбір қалмаған. Тыным таппай, табандылық танытты. Ақыры, төртінші күні ақсақал көзін ашты. Төңірегін бір шолып өтіп, өзінің оянғанына балаша қуанып отыр­ған ақ желеңді Маралға қарап:

Айналайын, сен Қасымның баласысың ғой, – деді әлсіз жымиып. «Сен Қасымның қызы болғандықтан ғана, мені аман алып қалдың» деп тұрғандай әсер етті Марал апайға. Әкесін сағынып кетті. Өзі дәрігер бола тұра, әкесіне туралап келген ажалға тойтарыс бере алмап еді. Соған өкінді ме, әлде, әкесін танып жатқан мына ақсақалдың оянғанына қуанды ма, жанарынан домалаған жас ақ желеңінің омырауына тамып тұрды. Міне, 40 жылға жуықтап қалды, ақ желеңіне сол жолғы көздің жасынан басқа кір жуыған жоқ…

***

Әлгі ақсақал қиналып жатып есімін атаған Маралдың әкесі Қаскең Жаңаарқа өңіріндегі абыройы атан түйеге жүк болар азаматтың абзалы еді. Ауданның жанар-жағар май базасын, өртке қарсы қызмет бөлімін басқарған. Ояздың орынтағына бергісіз қызметтің құлағын ұстағанымен, қарапайым қалпынан бір айнымай кеткен Қасым ақсақалдың есімін көзкөргендер әлі күнге ауыздарынан тастамайды. Айтпақшы, ол кісінің тегі – Мұсабеков. Марал апай тұрмақ, менің өзіме «жаңаарқалықпын» десем, «Қасымның баласы боларсың» дейтіндер көп. Қаскеңнің көзін көрмесем де, Марал сынды арын да, ақ желеңін де кір шалмаған аяулы апайға іні болғым келеді де тұрады.

Марал апайдың дәрігер болуына тікелей ықпал еткен жан – әкесі Қаскең еді. Үнемі: «Осы қызымнан бірдеңе шығады. Маралжаным дәрігер болады. Сосын кемпір екеумізді ажалға бермейді» деп отыратын жарықтық. Ардақты жанның айтқаны келді, арманы орындалды. Маралдың білікті дәрігер болып, ел алғысына бөленіп жүрген мерейлі шағын көріп барып өтті дүниеден. Анасы Жұмажан екеуі алты бала тәрбиелеп, ата-аналық парызын адал атқарды. Марал – қыздың кенжесі.

Аудан орталығындағы Н.Крупская (қазіргі Б.Амалбеков) атындағы орта мектепті үздік бітірген Марал әке сенімін арқалап, Қарағанды медицина институтына оқуға келді. 1984 жылы аталмыш оқу орнын «Емдеу ісі» мамандығы бойынша тәмамдап, содан бері осы салада жемісті еңбек етіп келеді.

***

Медицина саласында білікті дәрігер болу бар да, іскер ұйымдастырушы болу бар. Бірі – салалық маман, екіншісі – шенеунік. Жасыратыны жоқ, кейбір денсаулық сақтау мекемелерінің бас дәрігерлері мен орынбасарларының дені – қолына ине ұстап көрмегендер. Яғни, олар – медициналық қызметті ұйымдастырушылар. Ал, менің кейіпкерімнің бойында осының екеуі де бар. Ол – дәрігер, ол – ұйымдастырушы. Оны дәлелдеу үшін Марал Қасымқызының өмірдерегіне зер салу қажет. Әлгінде Жезқазған облыстық ауруханасына жолдамамен барып еңбек жолын бастағанын, Қаражал қаласында да жемісті қызмет еткенін айттық. Әрі қарай…

Қарағандыға 1995 жылы көшіп келген. Тағы да жолдасы Бекзат Баязитовтің жұмыс бабымен. Сол жылы №5 емханаға учаскелік дәрігер болып орналасты. Сол жылы 1-ші санатты терапевт-дәрігер дәрежесін алды.

Реформадан көз ашпаған саланың бірі – медицина саласы ғой. 1998 жылы отбасылық-дәрігерлік амбулаториялар (ОДА) құрылып, Марал Қасымқызы «Шипагер» ОДА-сына аға дәрігер қызметіне тағайындалды. Ал, 1999 жылы «Нұр» ОДА-сының аға дәрігерлігіне ауыстырылып, 2001 жылы жоғары санатты терапевт-дәрігер дәрежесін қорғады. 2003 жылы 1-ші санатты денсаулық сақтау ісін ұйымдастырушы дәрежесіне ие болды.

2006 жылы Қарағанды қаржы институтының экономика факультетін бітіріп, екінші мамандық алды. Бұл медициналық менеджмент талабы бойынша өте қажет мамандық еді. Біліктілігін арттырудан бас тартқан кезі жоқ. Ел аумағында ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де семинарларға, біліктілік арттыру курстарына қатысып, білімі мен білігін шыңдап отырды. Кабинетінің бір қабырғасы – сертификат пен марапатқа толы. Оның бәрін тізе беріп, оқырманның алтын уақытын алмайық.

Дәрігер көмегіне жүгінген жұрттың бәрі біледі, Марал Қасымқызы басқарған «Нұр» ОДА-сы кезінде қандай еді. Бірнеше ғимаратқа шашырай орналасқан. Бір ғимаратта қан тапсырсаң, екінші ғимаратқа жеткенше жан тапсыруың кәдік. Соның бәрін оңтайландыруда Марал Қасымқызының қажыры мен қолтаңбасы жатыр. 2010 жылы үш ОДА-ны қосу арқылы «Қарағанды қаласының №5 емханасы» коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорны құрылды да, оған директор болып үш ОДА аға дәрігерлері ішінен Марал Баязитова тағайындалды. Бұрынғы шашыраңқылық ештеңе болмай қалсын. Үш ОДА-ның мамандарының басын қосқанда қызметкерлер саны 200-ге әрең жеткен. Ал, емханаға тіркелген тұрғындар саны – 60 мыңға жуық. Ғимараттар – Оңтүстік-Шығыстың түпкір-түпкірінде. Қала, облыс басшылығына шағымдана жүріп, бұрынғы диагностикалық орталықтың ғимаратын алу мүмкіндігіне қол жеткізді. Қазір емханада 400-ге жуық дәрігер-мамандар жұмыс істейді. Оның 102-сі – дәрігерлер, 205-і – медбикелер. 9 құрылымдық бөлімше, 33 учаске бар. Күніне 700-ден астам емделуші қабылдайды.

Емхананың өзі де, директоры да марапаттан кенде емес. Ұлттық медициналық орталықтың шешімімен 2015 жылы №5 емхана «Жылдың үздік ұжымы», ал, Марал Қасымқызы «Жылдың үздік жетекшісі» атанды. Медициналық қызмет көрсету сапасымен ғана емес, қаржы-экономикалық көрсеткіштерімен де көш бастап келеді. Мәселен, емхана жыл сайын «Үздік салық төлеуші кәсіпорын» атанып жүр. 2010 жылы «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» атанды.

Тізе берсек, тілге тиек етерлік жетістік те, көшелі көрсеткіш те жетерлік. Соның барлығы іскер басшының ықпалымен жүзеге асып жатыр. Емхананың шаруашылық мәселесінен тысқары, Марал Қасымқызы науқастарды да өзі қабылдап, ем жасап жатады. Кеңес береді. Мұнысы – Гиппократ антына адалдығы.

Мен білетін Баязитова – бесаспап маман. Отбасында – асыл жар, аяулы ана. Жақында немерелі болды. Жолдасы Бекзат Баязитов – мемлекеттік қызметте.

***

Арын да, ақ желеңін де кірлетпеген бір дәрігер болса, ол – Марал Қасымқызы! Қарапайымдылықты – қазық, кісімен тіл табысуды – тірек, сергектікті – серік еткен көркем мінез иесі.

Не керек, Марал Қасымқызы емханаға тіркелген 60 мың тұрғынның денсаулығына алаңдайды. Ал, мен болсам осы жазбам 18 мың оқырманның көңілінен шығар ма екен деп алаңдаймын. Айырма бар, әрине…

Ерсін Мұсабек.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button