Басты тақырыпРуханият

«Артық ғылым кітапта»

 

Абайдың «Интернатта оқып жүр» өлеңіндегі «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге. Артық ғылым кітапта, Ерінбей оқып көруге» деген жолдарын сан мәрте оқысақ та, неліктен «артық ғылым» кітапта болуы тиістілігін этимологиялық зерттеудің барысында ұқтық. Ізденіс жолына түскен соң, бір сөздің мән-мағынасын анықтау үшін мыңдаған кітап ақтаруға тура келетіні белгілі ғой. Тек, кейбірін ғана сары майдай сақтайсың, санам толысқанда тағы бір оралармын оқуға деп. 1964 жылы жарық көрген «Орыс тілінің тарихи грамматикасында» автор В.Иванов алғашқы 1800 жылғы «Игорь полкі туралы жырдың» бірінші басылымының бас бетін жариялапты. Маңдай беттің төменгі жағында жырдың негізгі кейіпкері Игорь туралы ақпарат берілген екен. Ескі кітаптағы ұсақ әріппен терілген жолдарға бас кезінде аса мән бермеппіз. Бертінде, үңіле бір зер сала қарағанда, жүрегіміз жарыла жаздады. Керемет. Әр нәрсенің өз мерзімі бар екен. Енді, көңіл қойып тыңдаңыз. Жаңағы бетте 1184 жылы Игорь Гальиц кінәзі Ярослав Володимировичтің қызы Евфросиньяға үйленгені жайлы жазылыпты. Күйеу жігіт Игорь 1151 жылдың 15 сәуірінде туған, 1184 жылы тура 33 жасқа жеткен тұс. Орыс әдебиетінің аяулы да, айтулы жырындағы «плач Ярославны» деп аталатын тұсы ең бір поэзияға толы сәтті шыққан дүние. Абайдың үлгісімен біз оны «Евфросинья әні» дегенді жөн көріп отырмыз. Себебі, ол ән толық ғашық жанның жыры. Жырдың басқа жерінен бөлек, бірегей сезімге толы шыққан. Басында, жас жардың махаббат әнін тыңдай отырып таң қалатынбыз? Бұл не? Автордың қиялы туды ма, мына шығыстық жырды? Әлде, шынымен жаңа қосылған ғашықтардың жыры ма? Әйтеуір, бір күмән, дүдәмал бары анық. Жырда 1185 жылғы жорықта Игорьдің бір ұлы қайтыс болғаны айтылады. Оған қоса марқұм ағасының да бір ұлы қаза тапқан. Сонда, қалай болмақ? Жырда «екі жас ай – Олег пен Святославтың тұтылғаны» айтылады екен. Екі қыршын жастың қанатын қиғанда Евфросинья ана баласын жоқтамай, байының жолында өзі де өліп кетердей соншама аңырап неге байбалам салады? Ерсілеу ме, қалай өзі, әдеп пен әдетке сай келмес мінез көрсетіп тұрған сыңайлы болып көрінетін. Игорь жорығы туралы әңгіме орасан көп, небір жұрт жазып бақты, біз де жаздық. Бірақ, бар жайды жетік білмей қателікке ұрындық, жыр авторы мен шежірелердің соңына түсіп кетіп, аңдамай адастық. В.Ивановтың берген суретіне кезіккен соң енді оқиға жобасы түсінікті бола бастады. Евфросинья – Игорьдің жас қалыңдығы. Евфросиньяның жаңа түскен келін екені хақындағы ойымызды тағы бір орыс тарихы туралы екінші бір кітаптан таптық. Мұндағы дерекке сай Игорь жырындағы мадақталатын кінәздердің бірі – Галицын-Волынск князі Ярослав Осмомысльдің ұлы Владимир дала жорығына Игорьмен бірге қатысыпты. Сірә, Игорьдің қайынағасы, әлде балдызы. Игорьдің жеке жасағының адамы емес, басқа кінәздерден жасырын жорыққа өз басы жеке қатысар жөні жоқ. Галициндік Владимир дәу де болса қайынағасының шашбауын көтеріп бұларға күйеубала болған Игорьмен ере шыққан да, Евфросинья Путивльде күтіп қалмақ. 1185 жылы Галицын- Волынск кінәздігі үшін аласапыран, қырғын болып жатқан еді. Боярлар князь Ярослав Осмомысльға қарсы топ құрып, оның әйелі Ольга мен ұлы Владимирді оған қарсы қойған. Тақ таласында ұлы Владимир ұтылып, «байтал түгіл бас қайғы» болып, безуге мәжбүр болды. Сырт жұртқа қаша алмай жаңа күйеу баласы Игорьді сағалап 1185 жылдың сәуір айының басында салып-ұрып соған жетеді. Күйеу Игорь өзінің үлкен ұлы Владимирді қайындатуға қамданып жатқан кез. Қайынатасының ұлын жалғыз ауылында тастап кетпей, өзімен бірге ала шыққан. Игорьдің өз қаласы Ново-Северск. Всеволод інісі – Курск князі. Игорьдің бес баласы болғанын айтады: Владимир, Роман, Олег, Святослав, Ростислав және бір қыз бала. Жырда қаза болған ұлы – Олег. Сол жолы қайтыс болған тағы өз қаны – Святослав Олегұлы – Рыльск князі. Бұл – Игорьдің марқұм ағасы Олегтің баласы. Кілең өз атасы мен жаңа қайын жұрты. Игорь құдалық жолымен жүрген соң өзіне тән жасағын ертпеген. Себебі, қыпшақ кінәз Игорьдің нағашы жұрты және де қайын жұрты. Шешесі де, алғашқы жары да дала қыздары. Есті адам Игорь екі жұртының үстінен әскер түсірмейді ғой. Оған Чернигов князі Ярослав Всеволодович Черниговтік түркілік тайпаларынан тұратын сән-салтанат үшін атты жауынгерлер ертіп жіберген. Бұл князь Дешті-Қыпшақпен соғыспақ түгілі, жүз шайысып, сөзге келуді қаламаған. Игорьдің үлкен ұлы Владимир. Тарихта дәп осы ұлына Игорь орыстар жырда «Кончак» деп атайтын қыпшақтың ханының қызын айттырған. Уақыты келген соң Игорь дала тәртібі бойынша ұлы Владимирді күйеу ретінде қайын жұртына апарады. Күйеубала қайын атасының үйіне екі жыл тұруы тиіс болатын. Владимир сияқты атақты Шыңғыс хан да қайын жұртында күйеубала ретінде екі жылын өткізген. Кінәз Игорьден 4 жыл кейін туған Темужін – болашақ Шыңғыс ханға әкесі қият Есугей ежелгі құда қоңырат елінің Дай-ноянның қызы Бөртені алып береді. Қоңырат елі – Шыңғыс ханның нағашысы. Есугейдің қайын жұрты. Жазушы Мұхтар Мағауин Темужіннің қайынатасының үйінде екі жылдай болуының себебін аманат, бала алмасу салтының әдепкі бір көрінісі деп біршама шындыққа үйлесер пікір айтқан. Дегенмен, күйеубаланың қайын жұртта қалуы құда болу келісімінің бір шарты – заңдылық нормасы болатын. Қазақтың «Тең адам анда, текті ауыл – құда» деген мақалы бұрынғы отбасы, неке, құдалық тәртібін реттейтін заңның бір жол-жорасы. Тарихта көрші ауылдар бір-бірімен құда болу келісім-шартын жасасқан, онда қалыңмал, жасау алмасу ережелері нақты қарастырылған. Римдік құқықта қыз жағы күйеуге «Дос» деп аталатын жасау-жабдық тарту еткені белгілі, бұл мал-мүліктің меншіктік құқық тағдыры өте қатты реттелген. Соныменен, бұл қанды жорық емес, қайын-құдалық, достық жолы болатын. Игорьдің ұлы Олег пен бауыры Святослав Олегұлы кездейсоқ мерт кетті, олардың өлімінде қыпшақтардың кінәсі жоқ. Және де оларға қастық ойлайтын реті де жоқ еді. Қыпшақтар Игорьге әрі нағашы жұрт және қайын жұрт. Жиенге нағашы қол көтермес-ті. Ол заманда «абанқұлат» заңының дәуірі еді. «Абанқұлат» әдет-ғұрпы сонау матриархаттың сарқыты. «Абанқұлат» заңы бойынша нағашы ағасы жиен ұлға жауапты. Тіпті, жиен ұлдың мәртебесі өзінен туған ұлдан жоғары еді. «Манас» эпосында Манас Қаныкейге қош айтысар соңғы сөзі: «Алтынды судай шашып кет, Темірхандай әкеңнің Қоластына қашып кет. Еркегі өлген жесірде, Төркіннен артық жақын жоқ. Төркініңнен келер зақым жоқ. Атаң Темірге барған соң, Қолыңдағы Семетей Садақ қылып ойнасын, Қырқып бергін шыбығын. Қылыштың жүзін аттатып, Қызықтап істе ырымын. Туғанын Ысмайылға табыстап, Мойнына тұмар таға көр». Мінекей, «абанқұлат» заңының көрінісі. Манас Семетейді нағашысы Ысмайыл туғанындай көретінін жетік біліп отыр. Семетейдің ендігі тәрбиешісі – нағашысы Ысмайл. Манас заңға салуда. Атамзаманнан келе жатқан жолмен жүрмек. Қазақта сөз бар ғой: «Атасы бөлек аттан түс» дейтін. Жаугершілік заманда ана баласына жол бермей, туған бауырын жалғыз атқа мінгізіп жау қолынан құтқарыпты-мыс. Аңыз. Бірақ, оның негізінде заң жатыр. Жаратылыс заңы. Гегель «Феноменология духа» деген еңбегінде аға мен қарындастың қарым-қатынасын талдауын орысша былай білдірген: «Потеря брата поэтому для сестры незаменима, и ее долг перед ним – долг самый высокий». Аға-бауырынан айырылу апа-қарындас үшін орны толмас қаза. Өйткені… Гегельдің күрделі ойын жеткізу үшін Абай сөзін алға тартайық. «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес. Ол бірақ қайтып келіп, ойнап күлмес. «Мені» мен «менікінің» айырылғанын, «Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес». Апа-қарындас өз ішінен шыққан баласын «табиғат» һәм «менікі» деп бағалайды. Ағасы мен бауыры жеке тұлға – адам – «мен». Айырмашылық осында тұр. «Мені» өлімге қимайды. «Табиғатты» аға-бауыр жолында құрбандыққа шалып жіберуден тайынбайды. Аға-қарындас «табиғаттан» таза, тыс, «менікінен» ада, адал. Абанқұлат тәртібі қазақтың үш жұртына негізделген. Жігіттің үш жұрты: өз елі, нағашы жұрты, қайын жұрты. Латын тілінде «avus»-ата, ата-баба; «cul»-қамқоршы, тәрбиеші, жанашыр. «Кула»-туыстық негізде құрылған ұжым, бірлестік. «Tun-cula» – бөтен, жат, басқа жердің, тайпаның адамы. «Тын» – қабырға, шарбақ, қоршау. «Тын» – бар қимылдардың жиынтық бірлігі. Алтын күн. Абай ғылым сөзін поэзия тілімен жеткізеді: «Он сегіз мың бұл ғаламның, Бар тынысы күнде тұр». Сонымен, «Абанқұлат» – жанашыр, қандас, туыс, қамқор адамдар одағы. Құлың болайын. Яғни, жанашыр, қамқор болу. Қазақтың «құлыным» сөзі осы ұғымнан өрбиді.

Орыстың ғалымы П.Голубовскийдің зерттеуі бойынша кінәз Юрий Долгорукий кінәз Игорьдің әкесімен дос, 1147 жылы «Москов» ауылында кездескен. Екеуі де қазаққа – күйеубала. Бұлар үшін қазақ құдалары, нағашылары, қайын жұрты аянбағаны баян. 1148 жылы Долгорукий екі саяси-әскери күш құдалықты нақты біріктіру үшін Переяславск кінәздігіне қарасты шекаралық қала «Вырьді» өзіне қаратуға тырысты. Тарихшы Г.Вернадскийдің жазуы бойынша жаңағы Переяславьскде өзен болған – «Псол». Атауы түркіден, мәні – су. Шеркеш – косог сөзі деседі. Косог – козак-козак-казак-қазақ. Бұрынғы ғалымдар осылай таратқан. Өте орынды, себебі қазақ термині әлемдік тарихи-құқықтық термин. Сонау шумерде «һа–za-num» құқықтық термині – ауыл ағасы. «Қазаншының еркі бар қайдан құлақ шығарса». Кінәз Юрий де, Святослав та қазақ қыздарына үйленген. Әріден бергіге жеткен дәстүр. Арғы аталары алғашқы Игорь де осы жолмен жүрген. Ундольскийдің жинағында, №1110 хабар бар: «Женился князь Игорь во Плескове, поя за себя княжну, именем Олгу (Ульджай), дщерь князя Тмутаракана Половецкого». Тұмтархан қазақ қаһандығы еді. Кінәздер бұрынғы Киевке дейінгі орыс қағанатын қалпына келтірмек ойда. Кері жол жоқ. Тек алға жүру. Мысалы, ғалым К.Родионов зерттеуі бойынша 911, 945, 971 жылдары Константинопольде Византиямен Рюриктер арасындағы келісім-шарттың орыстарға табысталған данасы көне грек тілінен көне бұлғар тіліне аударылып берілген. Уақыт өте келе көнеславян тіліне түсіріп, түзеп, түзіп шыққан. Жаңағы аймақта бұлғар тілі ресми-құқықтық, қарым-қатынас, әдеби тіл еді. Сол сияқты «Игорь полкі туралы жыр» қай тілде жазылды деген дауға дәп осы мысалды дәлел ұсынар ек. Жыр әуел баста қазақы жырдан туған. Жаңа бір кезеңде жылнама жасақтауда Игорьді саяси мақсат-мүдде үшін батыр ретінде жыр қылу үшін үлгі қажет-тін. Бұлғар тілін білген аудармашы-жырау өз керегіне жарата отырып, әдеби мәнер-мәнге жиендік жасап, өз жанынан шығарғандай жырлап шыққан. Бұдан асқан басқа жыр жоқ орыс әдебиетінде. Жырдың жалғыздық сыры нағашы жұртта жатыр. Жыр – таза қазақы дүние. Жиен-жырау талай сырға қанық адам, өз елінің жақсысын асырып, жаманын жасырып жұмбақтап, мақалдап сөйлеп көп жайды алдыңызға жайып салады. Тек, оқи біл. Ол, үшін кітап ақтар. Қазақ мүддесі үшін керек ақпарат тап. Атам қазақ империялар құруға ат салысқан. Абанқұлат заңымен жүріп, Дос мемлекет құра білді. Ата еңбегі, ерлігі, естілігі көне жырда жүр. Тек қана, дұрыс оқи біл. «Артық ғылым кітапта» деп бекер айтпаған Абай.

Марат АЗБАНБАЕВ,

Қарағанды облыстық сотының судьясы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button