Жаңалықтар

ҚарМТУ инженері – өндірісте

      IMG_8605Сәрсенбі күні ҚарМТУ-дың энергетика, автоматика және телебайланыс факультетінде «ҚарМТУ–Мицубиши – Электрик – Казпромавтоматика» оқу орталығы ашылды.

«Казпромавтоматика» компаниясы жапондық Mitsubishi Electric Factory Automation концернінің  2004  жылдан бергі әріптесі әрі Қазақ-стандағы өкілі болып табылады.  Сондай-ақ, компания – Қарағанды техникалық университетінің тұрақты серіктесі. Сондықтан, орталықты жабдықтау үшін фирма 6,5 млн. теңге көлемінде қаражат құйған. Бұл жөнінде ҚарМТУ ректоры Марат Ибатов: «Қарағанды техникалық университеті бұған дейін де «Total», «Ersai», «Siemens», «Festo», «Leica Geosystems Kazakhstan», «Schneider Electric» секілді әлемдік компаниялардың өкілдіктерімен бірлесіп, оқу орталықтары мен тәжірибелік зертханалар ашты.  Мұндай орталықтардың артықшылығы сол, студенттер мен магистранттар университет қабырғасында жүріп-ақ өндірістік тәжірибемен кеңінен танысу мүмкіндігіне ие болады. Бұл зертханалар университетпен тығыз жұмыс істейтін металлургия, тау-кен, энергетика салаларындағы өндіріс орындарының жұмыскерлері үшін тренингтер өткізуге де қолайлы. Сондықтан, білім беру орталықтарын жоғарғы оқу орны базасында өндірістік компаниялармен бірлікте ашу бәсекеге қабілетті шынайы маман-инженерлерді дайындап, өлкеміздің кадрлар мәселесін шешуге тікелей ықпал етеді», – деді.

Аталмыш Оқу орталығы «Mitsubishi Electric» ұсынған  әлемдік стандарттарға сай құрылғылармен жабдықталған. Онда өндірістік  машиналарды ұзақтан, тіпті, мобильдік телефон арқылы басқару бағдарламаларын жасайтын құрылғылар, бақылаушы құрылғылар, оператор панелі, қондырғылардың жұмыс істеу жиілігін бақылау құралдары, сондай-ақ, жиілігі жоғары тоқпен жұмыс істейтін өндірістік құрылғылар мен роботтардың жұмысын бақылау және өзгерту процестерін қадағалайтын сервопривод бар. «Казпромавтоматика» техникалық директоры, университет түлегі Дмитрий Лепехов бұл туралы: «Біздің «Mitsubishi Electric» компаниясы ҚарМТУ-мен 13 жыл бойы қарым-қатынас жасаған. Жапондық концернмен еліміздің өндіріс орындарына түрлі автоматтандырылған құрылғыларды енгізу жобалары бойынша ұзақ уақыт жұмыс жасасақ, техникалық университет біз үшін жоғары дәрежелі мамандар дайындап беретін цехқа айналды. Бүгінгі таңда компанияда жұмыс жасайтын  мамандардың 90 пайызы – ҚарМТУ-дың түлектері. Оқу орталығының бір бөлігін ҚарМТУ-да ашуға қолдау көрсетудің бір себебі де осы. Өйткені, біз тек Қазақстанда ғана емес, ТМД және шетел мемлекеттерінде де жұмыс жасаймыз. Аталмыш орталық сапалы мамандарды өндіріс пен ЖОО бірлесе отырып дайындауға септігін тигізеді деп ойлаймыз», – деді.

Жалпы, ҚарМТУ-да ашылған оқу орталығы білім беру зертханасының бір бөлігі ғана. Қаладағы «Казпромавтоматика»  компаниясы базасында орталықтың екінші құрамдас бөлігі ашылғанын айта кеткен жөн. Енді ЖОО-ның білім алушылары теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырып, нақты өндірістік ортада сынап көру үшін екі жақтың да оқу орталығын еркін қолданады. Бұл университет үшін мамандарды тәжірибелік ортада дайындауға мүмкіндік берсе, компанияға сапалы кадрларды студент кезінен іріктеуге тиімді. Орталықтың ашылу рәсіміне қатысқан жапон концернінің бас директоры Хироши Фурута кездесу барысында университеттегі маман даярлау шарттарымен танысып, өзінің ресми өкілі  «Казпромавтоматика»  компаниясы арқылы университетпен үшжақты серіктестікте жұмыс жасауын жалғастыра беретіндігін мәлімдеді.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button