Арманым еді
Құрметті «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясы! Қуанышымды өзіміз үзбей оқитын газет оқырмандарымен бөліссем деп едім…
Белгілі диктор, ардагер радиожурналист, ұстаз, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, қазақ радиосының сандуғашы Сауық Жақанова апаймен туған өлкем Жаңаарқада Б.Амалбеков мектебінде кездестім. Ерекше әсер алдым.
Бұл кездесу мен үшін тарихи кездесу десем, артық болмас. Өйткені, апай Алматыда тұрады. Күнде келе бермейді. Бүгінгі күндері аты аңызға айналған Сауық апамызды көру, ауызба-ауыз сөйлесу бақытына ие болғаныма, мұндай қуанбаспын!
Мен де Сауық апамыздай журналист болғым келді. Қазір журналистика кафедрасының 1 курсында оқып жүрмін.
Сауық апамыз біздің барлық сұрағымызға шын көңілден ақтарыла жауап берді. Бізбен бірге ашық-жарқын сырласып, сәбидей шаттанып, өзінің балалық шағынан сыр шерткен жанның қарапайымдылығына, үлкен жүректілігіне қайран қалдым. «Қазақтың қасиетті сөзін қадірлей біліңдер», – деді Сауық Жақанова.
Аз да болса айтқан естеліктерінен түйгенім – апамыз турашыл, талғампаз, қарапайым ғана емес, қайратты жан болып көрінді маған.
Кеш соңында автогроф алдық. Мен де мейірімді жанға «Аман жүр, Алтын жүректі Ана! Алла жаныңызға саулық берсін, Сауық апай!» деген тілегімді ағытып қоя бердім. Лайым солай болғай…
Апай С.Сейфуллиннің «Аққудың айрылуы» бойынша өнер көрсеткен бауырым Мәди екеумізге де ерекше ықыласын білдіріп, маған «Аққу-Ақниет» деген әдемі есімін теліп кетті. Ақ батасын берді. Мен енді Сауық апайдың қойған атына кір келтірмеймін. Үмітін ақтауға тырысамын. Кезінде апамызға өзінің ұстазы Әнуарбек Байжанбаев: «Сауық, сен эфирдің Ақбаянысың!» деген екен. Біз де күміскөмей апайымызға зор денсаулық пен шығармашылық табыс тілейміз.
Бұл кешке себепкер болған Анам – Гүлмира Ахановаға да алғысымды айтамын.
Ақниет ПАЗЫЛОВА,
Е.Бөкетов атындағы
ҚарМУ-дың студенті.