Теміртау

Архивтер сыр шертеді

Биыл Қарағанды облысының архив қызметінің 80 жылдық мерейтойы.

Ал, Теміртау қаласының архивінің даму жолы 1979 жылдан бастау алып, қазір «Теміртау қаласының мемлекеттік архиві», 500-ден  астам қоры, 250 мыңнан астам сақтау бірлігі бар жеке-дара үлкен коммуналдық мемлекеттік мекеме. Біздің архивтің қоры – өткен заманнан бүгінге дейінгі сан қилы кезеңдердегі еліміздің шаруашылығын, экономикасын, тыныс-тіршілігін кеңінен айқындайтын, тарихи, мәдени құнды мәліметтер және жеке тұлғалардың өмірін мәңгілікке тарихта қалдыратын ұлттық тарихи мұраның көзі.

Архив  қорына – таратылған мекеме, ұйымдардың құжаттарын қабылдаумен бірге қаламызда өмір сүрген белгілі тұлғалардың да жеке тектік құжаттарымен толықтырылған. Жеке тектік құжаттарды жеке тұлғалардың өмірі және қызметі барысында қалыптасып, мемлекеттік сақтауға түскен жеке тектік қорлар, мұрағаттық коллекциялар және дербес жиынтықтар құрайды. Жеке қор бір адамның айшықты ғұмыры және қызметі барысында құралған құжаттардан тұрады. Мұндай қорлар,  қорды құрушының өмір сүрген уақытын сезінуге және оны тереңірек түсінуге дәнекерлік ететін бірден-бір тарихи мәлімет көзі болып табылады. Осындай қордың бірі – жазушы, журналист, ҚСРО Жазушылар одағының мүшесі Дмитрий Оськиннің жеке қоры. Қор № 37. Қорда жазушының газет журналдарда басылып шыққан мақалалары, әңгімелері, повестері мен кейбір қолжазбалары, хаттары сақталған. Сонымен қатар, ақ-қара, түрлі түсті негативтер – фотоқұжаттар да бар. Дмитрий Оськин 1930 жылы Ресейдің Рязань облысында дүниеге келіп, 1946 жылы орта мектебін бітірген. Кеңес армиясына әскери борышын өтеп, 1957 жылы комсомол жолдамасымен Теміртау қаласына “Қазақстан Магниткасын” орнатуға келеді. Мұнда ол 1972 жылға дейін тас қалаушы болып істейді. Алғашқы өлеңі 1959 жылы “Қарағанды Комсомолы” газетіне басылып шығып, ары қарай жергілікті, облыстық, республикалық одақтар баспаларына, орыс, қазақ, неміс және болгар тілінде басылып отырды және 1959 – 1984 жылдарда Оськин Кеңестік газет журналдармен және  басқа да басылымдармен тығыз байланыста болды. Д. Оськин 1970 жылы Әдебиет институтын тәмамдап, 1974 жылы Журналистер одағына қабылданды. Осындағы құжаттардың біршамасы комсомол жолдамасымен Теміртау қаласына келген болгар жастарының тыныс тіршілігіне байланысты болып келеді.

“Строитель” газетінің басылымында жастардың жалынды еңбегінің жетістіктерін мадақтаған қысқаша очерктерінде “Қазақстан Магниткасын” орнатушы – жастар әдеби бірлестігі ұйымдастырылып, жастардың көркем әдеби шығармалар жинағын дайындап, болгар жастарының әуесқой театрының спектакльдері қойылғандығы тағы басқа қызықты очерктерді оқып отырып, сонау елуінші жылдары Қарағанды облысының жазық даласында, Теміртау қаласының бос орнында жаңадан үйлердің іргетасы қаланып, Қазақстанның алып қара металлургия құрылысын салуға келген болгар жастары көз алдыңа елестейді. Осылайша көп ұлтты жанұяға мыңдаған болгар отбасы келіп қосылады. Алғашқы күннен бастап болгар жастары кеңес адамдарының назарында болды. Сол кезде ең маңызды мәселе, ол болгар жастарын әр түрлі мамандыққа оқыту болды. Аз уақыттың ішінде оқу комбинатында барлық болгар ағайындар техникалық оқудан өтті. Осы үш жыл ішінде барлығы 843 адам 2 – 3 кәсіп меңгеріп, тігінші, бульдозерші, тракторшы, экскаваторшы, монтаждаушы, дәнекерлеуші тағы басқа мамандықтарға ие болса, 350 адам жоғарғы, орта оқу орнында оқыды. “Қазақстан Магниткасын” орнатуға 1957 жылдың 15 шілдесінде комсомол жолдамасымен келген болгар жастарының алғашқы бригадасы, 1960 жылы шілде айында екі елдің арасындағы шарттың мерзімі аяқталуына байланысты Отанына қайтарылды. Жалпы Оськиннің шығармашылығының алғашқы кезеңі Қазақстан магниткасының тарихына, сол кездегі комсомол жастарының қажырлы еңбегіне, әсіресе болгар жастарының тыныс тіршілігіне байланысты болды. Оськин өзінің «Двум смертям не бывать» роман-хроникасында 1959 жылы болған бүлікшілік туралы шебер, қарапайым және түсінікті жазды. Жалпы сол бүлікшілікті арандатушы деп Дмитрий Оськинді жалған айыптаушылар да болды. Осы жағдай 1974 жылға дейін жалғасып, әр түрлі ізіне түсушілер болды. Ол болгар – Кеңес одағы достық қоғамының белсенді мүшесі болып, өмірінің соңына дейін болгарлармен байланыста болды.

Дмитрий Васильевичтің жеке қор құжаттары “Қазақстан Магниткасының” тыныс тіршілігіне көз жүгіртуге кең мүмкіншілік береді. Жазушы-журналистің шығармашылығымен танысуға қызығушылық туғызады.

А.Иманғалиева,

Теміртау қаласының 

мемлекеттік

архивінің басшысы.

Теміртау қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button