Руханият

Архивтегі латын әліпбиіндегі құжаттар

   Көп кешікпей егемен еліміз латын әліпбиіне көшеді. Нақты тапсырма бар, енді біздің міндетіміз осы тапсырма бойынша нақты іс-шаралар ұйымдастырып, халыққа түсіндіру, үгіт-насихат мәселелеріне кірісу.

    Біздің еліміз латын қарпін іс-қағаз құжаттарында, әдебиет, мәдениет және басқа да барлық салаларда 1929-1940 жылдары пайдаланғаны тарихтан белгілі.

Ахмет Байтұрсынов құрастырған «төте-жазудан» бастап қазіргі ғалымдарға дейін осы латын әліпбиін қазақ қоғамына пайдалы және ыңғайлы екенін дәлелдеп отыр.

Кириллица жазуын әлемнің 12 мемлекеті ғана пайдаланады екен. Ал қалған мемлекеттердің көбі латын әліпбиін қолданады. Демек, бұл – кең таралған жазу. Біз енді сол үрдісті жалғастырып, заманға сай лайықтап, бейімдеп, ары қарай дамуына ықпал етуіміз қажет. Әлемнің әр түкпірінде 5 миллионға жуық қазақ тұрады. Оның 80 пайызы латын әліпбиін қолданады. Демек, біз болашақта латын әліпбиіне көшсек, сол бауырлармен жақындасудың маңызы зор.

Басқа елдер қолданған тәжірибенің бәрін зерттейтін үлкен орталық ашып, барлығын саралап, бүгінгі заманға лайықты әліпбидің нұсқасын жасап, жүйелі түрде үлкен саяси шешіммен, жігермен іске асыратын болсақ, қазақ ұлты ол тұрғыдан ұтылмайды. Керісінше, ұтады. Яғни, бәріміз қайта жаза бастаймыз, қайта үйренеміз. Сол арқылы тілді білмеген азаматтардың өзі де қатарға қосылып, бізбен бірге үлкен жетістікке де жетуге болады. Өзге ұлттардың да қазақ тілін оқуға, зерттеуге деген сұранысын туғызуы әбден мүмкін. Бұл әсіресе жастарға ешқандай қиындық туғызбайды. Себебі, олар күнделікті тұрмыста заманауи техникаларды қолданғанда осы латын қарпі оларға таныс. Жер бетінде латын әліпбиі барлық салада қолданылатыны байқалады. Барлық дәрі-дәрмек атаулары, математика, физика, химия формулалары, көптеген терминдер, мамандықтарға қатысты ғылыми әдебиеттер, компьютер, ұялы телефон, музыкалық аспап, автомобильдер  де – барлығы да латын әліпбиімен байланысты екенін байқауға болады.

Елінің болашағын ойлаған әр азамат, зиялы қауым өкілдері, әртүрлі мамандық иелері латын әліпбиіне қатысты өз көзқарастарын білдіріп, ой бөлісіп жатыр. Дегенмен, мәселенің байыбына терең бармай, әліпби өзгертуді бұрынғы кирилл әріптерін латын әріптерімен ауыстыра салу деп түсінетіндер де бар.

Елбасының нақты тапсырмасын орындау мақсатында біздің архив ұжымы да іске жұмыла кірісіп кетті. Алдымыздағы 2 ай ішінде архив ұжымы тіл мамандары мен зерттеуші ғалымдардың қатысуымен латын қарпіне көшу тақырыбында дөңгелек үстелдер, көшпелі көрмелер ұйымдастыру жоспарлауда.

Архив қоймасында сақталған «Гипрозем» жобалау институтының құжаттарының ішіндегі 1935-1937 жылдардағы Қарағанды облысының ауыл шаруашылық артельдеріне берілген жерлердің жобалау жоспарлары, ондағы таблицалар мен мөрлер, жер актілері, сызбалар, іс-қағаздары соның ішінде хаттамалар, қолхат, сенім хат, жолдамалар барлығы латын және орыс тілдерінде бірдей жазылған. Демек, латын жазуы біздің елдің тәжірибесінде болған, қолданылған.

Осы құжаттарды нақты дәлел ретінде қоғамға, студенттер мен оқушыларға таныстыру мақсатында көрмелер ұйымдастыру, түсіндірме жұмыстары мен оқу сабақтарын жүргізуді жоспарлап, өз тілімізді байытып, ұлттық құндылықтарымызды әлемдік деңгейде танытуға үлес қосамыз.

Н.НАМАЗБАЕВА,

Қарағанды облысының

ғылыми-техникалық құжаттама жөніндегі мемлекеттік архивінің архившісі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button