Жаңалықтар

Архив қоры толыға түсті

Облыстық мемлекеттік архив қоры еңбек ардагерлерінің құжаттарымен толықты. Қазақстанның құрметті кеншілері – Имран ГАЗИМИЕВ пен Ахмед МУРТАЗОВТЫҢ жеке архив қорына олардың фотосуреттері, куәліктері, медальдары, грамоталары және газет бетіндегі мақалалардан тұратын 60-қа жуық түпнұсқадағы құжаттар тапсырылды. Аталмыш шара Алғыс айту күніне орай және Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылды.

1944 жылы шешендер мен ингуштер Кавказ жерінен Қазақстанға жер аударылды. Оған себеп – сталинизмнің жазалау саясатының іске асқаны. Олар Қарағанды көмір бассейнінің кеніштері мен шахталарында жұмыс істеп, тұрақтап қалды. Қазақстан экономикасының дамуына үлес қосты.

Имран Гойтемировичтің отбасы бұл жаққа қоныс аударған кезде небары тоғыз жаста болған. Шахтер болу ниетімен Саран қаласындағы ФЗО мектебіне оқуға түскен. Оқуын тәмамдап, еңбек жолын №105 шахтада бастайды. Кейінірек бұрғылау шебері болып жұмыс атқарған. Ерен еңбегі үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығын алған. Сондай-ақ, «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің, «Шахтер даңқы» төсбелгісінің толық иегері.

– Бұл құжаттар біз үшін аса құнды. Құжаттарды еңбек ардагерлерінің туыстарынан алдық. Олардың өмір жолы өскелең ұрпаққа – үлгі, – деді облыстық мемлекеттік архивтің басшысы Жаңагүл Тұрсынова.

 Ахмед Муртазов та 1944 жылы туған жерінен Қазақстанға жер аударылған. Анасы қайтыс болғаннан кейін, 1949 жылы Жамбыл қаласынан Қарағандыға көшіп келген. ФЗУ мектебіне оқуға түсіп, кейін Костенко шахтасына жіберілді. Бірақ, жасы жетпегендіктен орманда орналасқан қоймада, құрдастарымен бірге вагон тиеп, күнін көрген. Төлқұжатын алғаннан кейін 1951 жылы Костенко шахтасына орналасады. 4 жыл түрлі комбайндарда жұмыс істеп, кейін учаске бригадирі болып тағайындалады. Қатаң тәртіп қалыптастыруы мен шеберлігінің арқасында ол басшылық еткен бригада озат деп танылған.

 Ұзақ жылдар бойы атқарған еңбегі үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған. «Қазақстанның Құрметті шахтері» атағын алған, «Шахтер даңқы» төсбелгісінің толық иегері.

 – Шешендер мен ингуштер осында келген соң жаңа мамандықтарды игерді. Соның ішінде, көмір өндіру саласын ауыз толтырып айтуға болады. Ақсақалдарымыз осы жерде абыройлы қызмет істеп, жас буынға үлкен өнеге қалдырды, – деді “Вайнах” ұлттық-мәдени орталығының төрағасы Увайс Джанаев.

Ербол ЕРБОЛАТ

Басқа материалдар

Back to top button