АРДАГЕРДІ ҚҰТТЫҚТАДЫ
Облыстық мәслихаттың хатшысы Рысқали ӘБДІКЕРОВ Жеңіс күні қарсаңында екінші жаһан соғысының ардагері Зайкен Қосшығұловтың отбасында болып, Ұлы Жеңістің 72 жылдығымен құттықтады.
Зәйкен Қосшығұлов Қарқаралы ауданының батырлар ауылы аталған Мамыраев атындағы ауылының тумасы. Мартбек Мамыраев, Нұрбақыт Қабыдахманова, Тоқтар Әубәкіров сынды батырлар әулетінің заңды жалғасы. Мартбек ағаның немере інісі.1922 жылы дүниеге келген.Жастай жетімдіктің тақсыретін көп тартады. 1941 жылы әскер қатарына шақырылып, қасап қырғынға қатысады. 1943 жылы Сталинград түбіндегі шайқаста жараланып, госпитальға түседі. Одан жазылып шығысымен Дондағы Ростов бағытындағы ұрыстарға қатысып, ауыр жараланады. Саратов госпиталінде жатып емделіп, мүгедектігіне байланысты туған елге оралады.
Бейбіт күнде де нағыз батырларша еңбек етеді. Туған ауылында ұзақ жылдар бойы ферма меңгерушісі болып, адал еңбегімен ел құрметіне бөленеді. Бүгінде қаламыздың Көгілдір тоғанында салтанаты келіскен екі бөлмелі жанға жайлы үйде тұрып жатыр.
– Менің екі туған күнім бар, – дейді Батыр аға, – біріншісі, дүние есігін ашқан күнім, екіншісі, Ұлы Жеңіс күні – 9 Мамыр.
О – Тозақ отынан келдік ғой, – дейді ардагер Сталинград түбіндегі шайқасты еске алып. “Көрер күнім бар екен, аман оралдық елге, бір әулеттен жалғыз едім, он үш бала сүйдім. Қазір ақарлы-шақарлы шаңырақ болып отырмыз. Шүкір, бәрі бар, мына жайлы баспананы да үкіметіміз берді. Биыл да құрмет көрсетіп жатыр. Жас та болса бас боп жүрген мына Рысқали бастаған біз сынды ардагерлерді ұмытпай, сәлем салып құттықтап жатқандарына алғыс айтамын. Көгере беріңдер, қарақтарым”, – деді.
Батаменен ер көгереді деген осы. Құттықтау сөз сөйлеген облыстық мәслихаттың депутаты Ш.Оськин ардагерге мықты денсаулық тілеп, бағалы сыйлықтар тапсырды.
Төрехан МАЙБАС