Жаңалықтар

Ардагер асуы

     5Қарқаралы қаласының тұрғыны, еңбек және тыл ардагері Диас НАУРЫЗБАЕВ 17 сәуір күні 80 жасқа толды. Иә, арамыздағы қадір-құрметке ие қария – ұрпақ өсіріп, немере-шөбере сүйген ардагер – кемеңгер жаста.

Диас аға үй тұрмысынан қолы босай қоймаса да, үнемі бір мезгіл ардагерлердің мұражай үйіне келеді. Небір шежірелі әңгімелердің тиегін ағытып, арғы-бергі тарихтан сөз қозғайды.

Әкесі Мұстапа 1937 жылы сәби Диас 1 айға толар-толмаста қазақ жеріндегі үлкен қасірет – саяси қуғын-сүргін құрбаны болып ұсталып, Қарағанды қаласына айдалып кете барған. Көп ұзамай «Үштіктің» шешімімен қазан айында атылады. Диас аға кейіннен ат жалын тартып, ержетіп, азамат болған шағында әкесінің тағдыры қалай болғанын білуге тиісті органдарға сұраныс жолдаған. Сталиндік репрессия әшкереленіп, көптеген азаматтар қатарында Диас ағаның да әкесі ақталып, бірақ, оның өлімінің қыр-сыры алғашқыда басқаша айтылғаны, атылғаны туралы көп жыл кейін білуі – өзінше бір хикая.

Сол зұлмат замандарда шешесі Диас ағаны бауырына басып, Семей қаласына кетуге мәжбүр болады. Нағашы шешесінің қолында Диекең 5-6 жасқа дейін тәрбиеленеді. Сол жасының өзінде Диас аға екі рет өлім аузынан қалған.

Соғыс жылдары халық тегіс аш жалаңаш, көп қасіретті басынан өткізді ғой. Диасты ашқұрсақтар екі рет ұрлап, екеуінде де Диекең аман қалыпты. Тағдырдың жазуы, әкесіз, шешесіз жүрсе де, Диекең орта мектепті үздік бітірген соң ауылға мұғалімдік қызметке тағайындалады. Химия, физика, математика пәндерінен дәріс береді. Жаратылысынан зерек, алғыр, еңбекқор Диағаң өмір тауқыметінің тепкісіне мойымай, қайраттанып, талпынып, суырылып алға шыққан. Қарағанды қаласының мұғалімдер институтын тәмамдаған соң, аспирантураға, сосын МГУ-ге жолдамаға қолы жеткен. Бірақ, өмірдің бұралаң жолымен сол оқу орындарынан ғылым-білімнің сусыны бұйырмады…

Аудандық оқу бөлімінің инспекторы болып қызмет атқарды. Сол жылдары өмірлік жары Роза замандасымызбен қол ұстасып отбасын құрды.

Диас аға Үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болып тура 14 жыл қызмет етіпті. Сол жылдарда Пленум мүшесі, аудандық Кеңес депутаты болған. Сол уақытта бұл бөлім қарауына көп міндеттер жүктеліп, оқу бөлімі, медицина, мәдениет, баспасөз, тағы да басқа жауапты салалар енген. Осы қызметте жүріп, Диас аға білім-білігімен, бойына біткен қайсарлық, бірбеткейлікпен, оңға, солға илікпейтін мінезімен көп шаруаның басын қайыра білді.

Қарқаралы қаласының лицей-мектебінде директор міндетін 10 жыл бойы үлкен жаңашыл, ұйымдастырушылық қабілетімен атқарды. Сол жылдары ұстаздардың еңбегі жанды. Көп түлектер жаппай дерлік жоғары оқу орындарына түсті.

Зейнеткерлікке шыққан Диекең қала басындағы шахмат, дойбы клубтарын, үйірмелердің жұмыстарын да жүргізе білді. Мерекелердің құрметіне арналған барлық турнирлердің жеңімпазы. 

Диекеңнің мінезі, сана-сезімінің өлшемі – көп адамдарға тән емес. Сөздің турасын, ойын, көзқарасын жауырды жаба тоқымай шаншып айтады.

Шүкіршілік қылу керек, балалары жоғары оқу орындарын бітіріп, үшеуі – заңгер, енді бір қыз баласы Астанада министрліктің жауапты лауазымында қызмет атқарады.

Диағаңның ірілігі ардагерлер арасында оқшауланып көрінеді.

А.БАБАЙБЕКОВ,

Қарқаралы қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button